Ветеринария саласы: Президент жолдауында көрсетілген түйткілді мәселелер орындалып жатыр ма?
Мемлекет басшысы Жолдауында ветеринария саласының кемшін тұстарын көрсетті
Елімізде түйіні толықтай шешілмей келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы. Былтыр бірнеше өңірде шөп бітік шықпай, шілденің шіліңгір ыстығында қурап кетіп, құрғақшылықтан төрт түлік жаздыгүні жұтқа ұшыраған. Үкімет осы мәселеде бірқатар шаруалар атқарып, биыл бұл қиындықтың алдын алғандай. Дегенмен ауыл шаруашылығына қатысты мәселе сол күйі толықтай шешіліп кетпегенін де айта кеткен жөн. Ауыл шаруашылығының бір бөлігі іспеттес ветеринария саласының кемшін тұстарын былтыр Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында қозғап өтіп, шешілуі тиіс мәселелерді көрсеткен болатын. Әрине былтырғы жұт секілді биыл мал жаппай қырылып жатқан жоқ, алайда жекелеген өңірлерде ара-тұра індет тарап, ветеринария саласының кемшін тұстарын көрсеткендей күй қалдырады. Сонымен Үкімет осы бағытта қандай шаруалар атқарды? Алда қандай жоспар бар? Сол сияқты соңғы уақыттары қай өңірде бұл мәселе күрделеніп тұр? Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселенің анық-қанығын анықтап көрді.
СҚО-ДА ТӨРТ ТҮЛІККЕ ІНДЕТ ЖИІ ТАРАЙДЫ
Соңғы бір жылдан аса уақыт ішінде Солтүстік Қазақстан облысында төрт түлік малға індет тарау жағдайы бірнеше рет анықталды. Індет болған соң адамға да жұғып, аурухана төсегіне таңылып, дәрігер қарауында да жатады.
Мысалға былтыр тамыз айының ортасына таман аталмыш өңірде бірнеше ірі қара қырылған болатын. Әсіресе Уәлиханов ауданындағы Мортық ауылының тұрғындарына зиян келді. Бір ғана осы ауылдың өзінде 10-нан аса мал қырылды. Белгісіз аурудан негізінен 3-4 айлық бұзаулар мен тайыншалар қырылып жатыр. БАҚ беттерінде жарияланған мәліметтерге көз жүгіртсек, жас малдың алдымен артқы аяғы ақсап, денесінде ісік пайда болады, ал кейбірінің іші қарысып, бір тәулікке жетпей өлген. Ветеринарлардың айтуынша қарасан ауруы тараған.
Бұл СҚО-да болған жалғыз жағдай емес. Арада екі апта өткен соң бір адам сиыр етінен сібір жарасын жұқтырып, ауруханаға түсті. Оның мал сойған кезде ауру жұқтырып алғаны белгілі болды.
«Ауру ошағында байланыста болған 57 адам анықталып, медициналық күнделікті бақылауға алынды. Күнде клиникалық тексеруден өтіп, 2 рет дене температурасы өлшенеді. Тері қабыршықтары қаралып, бақылауда болады», – дейді СҚО санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Департаменттің хабарлауынша 57 адамның бәрі індет ошағы анықталған шаруа қожалығында жұмыс істеген.
«Індет анықталған «Ақ ниет агро» және «К» серіктестігінің жайылымдық алаңы 15 күн карантинге жабылды. Инфекцияның ошағын табу үшін су мен топырақтың сынамасы ұлттық орталыққа жіберілді», – дейді СҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаев.
Мұндай келеңсіз оқиға аталмыш өңірде биыл да қайталанып, төрт бірдей ауыл зардап шекті. Сонымен мал ауруы неліктен СҚО-да өршіп тұр? Бұл сауалға былтыр облыстың ветеринария басқармасына жетекшілік еткен Берік Әлжанов жауап берген болатын.
«Шаруашылықтардың өзінде жағдай жоқ. Ветеринарлық-санитарлық талаптар сақталмайды. Мал далада – ылғал, қар, жаңбырдың астында тұрады. Бұл әрине, зиянды әсерін тигізеді», – деген еді ол.
ПРЕЗИДЕНТ ӨЗ ЖОЛДАУЫНДА ВЕТЕРИНАРИЯ ПРОБЛЕМАСЫН ҚОЗҒАДЫ
Қордаланған мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында Қазақстан халқына жасаған Жолдауында да көтерген болатын.
«Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары.
Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек», - деген еді Президент өз Жолдауында.
Жоғарыда айтылғандай Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай алаңдатарлық. Айдың-күннің аманында қорадағы малының індеттен қырылуы кімді болсын қиын жағдайға түсіреді. Біз осы тұста СҚО әкімдігінің ресми сайтындағы Ветеринария бөліміне өтіп, ведомствоның былтырғы және биылғы жоспарын зерделеп шықтық.
«Жалпы қаржыландыру көлемi 1,5 млрд теңгенi құрады. Оның iшiнде ветеринариялық iс-шараларды жүргiзуге 1,4 млрд теңге (аса қауiптi аурулардың профилактикасы мен диагностикасына — 1 млрд 104 млн теңге, энзоотиялық ауруларға — 105 млн теңге, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жоюға — 31 млн теңге, ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруге — 120,4 млн теңге), бруцеллез малдың құнын өтеуге — 37 млн тенге, ветеринариялық препараттар сатып алуға – 45,2 млн теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға — 67 млн теңге», - делінген әкімдіктің ветеринариялық қызметтiң 2021 жылғы жұмысы және 2022 жылға арналған мiндеттерi туралы бөлімінде.
Әкімдік Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегi Жолдауы тұрғысында Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесiп, ветеринария саласын реформалау бойынша жұмыс жалғасатынын да хабарлаған. Ал жұмыс барысында мынадай мәселелер жоспарлап қойған:
- орталық пен өңiрлер арасындағы функциялар мен өкiлеттiктердiң аражiгiн нақты ажырату;
- процестердi цифрландыру, деректердi жинауды және берудi автоматтандыру;
- кадрларды даярлау және ветеринарлардың жалақысын арттыру көзделген.
«Ветеринария саласында кемшіліктер бар. Ауылды жерлерде ветеринариялық қызмет көрсету тиісті деңгейде дамымауда. Бұл салаға цифрландыру істері әлі де болса жетпеген, мамандар қағазбасты жұмыстан арылмаған. Сонымен қатар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктердің аражігін толық ажырату қажет. Мал дәрігерлерінің жалақысы өте төменгі деңгейде», - деп министр Ербол Қарашөкеев Сенаттағы парламенттік тыңдаулардың бірінде саланың ақсап тұрған тұсын көрсеткен болатын.
Біз осы орайда СҚО-ның Ауыл шаруашылығы басқармасының міндетін атқарушы Олжас Болысбаевқа хабарласқанымызда қазіргі жағдайды түсіндіре келе мамандар саны туралы да мәлімет беріп өтті.
«Облыс бойынша ірі қара мал арасында бруцеллез, жылқы ринопневмониясы, ринотрахиясы жиі кездеседі. Нақты санына тоқталсам, 204 малдан бруцеллез табылды. Ал былтыр 447 малдан анықталған. Яғни екі есе қысқарғанын байқауға болады.
Ал мамандарға жүгінер болсақ 433 маман бар. Ал нақтырақ тоқталсам 355 маман қызмет етеді. Аудандарда жалпы саны 78 бос орын бар. Жыл сайын Аграрлық университетке барып, жас мамандарды жұмысқа шақырамыз», - дейді ведомство басшысының міндетін атқарушы Олжас Болысбаев.
ДЕПУТАТТАР ҮКІМЕТКЕ САУАЛ ЖОЛДАДЫ
Бұл мәселе Сенат депутаттарын да алаңдатып отыр. Жамбыл облысынан сайланған қос депутат – Әбдәлі Нұралиев пен Бекболат Орынбеков саладағы кемшін тұстарды тізбектей отырып, әрі Жамбыл облысындағы жағдайдан хабардар ете отырып, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жуырда депутаттық сауал жолдаған.
«Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ветеринария жүйесін реформалау, оның ішінде ветеринария қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қатысты тапсырмалар берген болатын.
Бұл орайда, ең алдымен ветеринар мамандардың статусы әлі күнге дейін айқындалмаған, яғни азаматтық қызметкерлер санатына енгізіліп, ары қарай қызметтік жалақыларын нақтылау қажет. Бір ветеринар маманға жүктеме бекітілмеген, демек бір маман қанша бас ауыл шаруашылығы жануарына қызмет көрсетуі тиіс екендігі де айқындалмаған.
Сонымен қатар, ветеринария саласындағы материалдық-техникалық базаның ескіруі де қол байлау болып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын (2012-2013 жылдары) алынып берілген ВАЗ-21214 «Нива», Ssang Yong және УАЗ қызметтік автокөліктері әбден тозығы жеткен. Ал жергілікті бюджеттен алып беруге шамасы жетпейді. Сол себептен республикалық бюджеттен қарастыру керек», - делінген депутаттық сауалда.
Әбдәлі Нұралиев пен Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы жағдайға тоқталып өтті.
«Жоғарыда аталған ветеринария саласындағы түйткілді мәселелерге қарамастан Жамбыл облысында аса қауіпті жұқпалы індеттердің алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылық пен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар іс-шаралар атқарылуда.
Биыл облыс бойынша 1336 ветеринариялық дәрігердің көрсететін қызметтер көлемі (манипуляция саны) мал басының өсуіне байланысты 1 630 735 бірлікке өсті (29 338 519 бірліктен 30 969 254 бірлікке дейін). Эпизотияға қарсы іс-шаралар аясында 1 манипуляция құны 105 теңгеден (қой-ешкі) 137,5 теңгеге (МІҚ, жылқы, түйе, шошқа) дейін қалыптасқан. Вакцина құнының өсімін алмағанда манипуляция санының артуы нәтижесінде қосымша қажеттілік 224,2 млн теңге құрайды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 желтоқсандағы №864 қаулысына сәйкес ең төменгі жалақы көрсеткіші 60 000 теңге болып бекітілді. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысы 23%-ға ұлғайды. Нәтижесінде, 2022 жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларды атқаруға 3 613,7 млн теңгені құрады, алайда жалпы сипаттағы трансферттер есебінен бүгінге қажеттіліктің 1 940,0 млн теңгесі ғана бөлінді. Қалыптасқан жағдайды шешу мақсатында, өңір әкімдігі ветеринариялық іс-шаралар бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын қайта қарап, манипуляция құнын төмендетуге мұқтаж болуда. Жыл соңына дейінгі қызметтерді жалғастыру үшін қажетті 1 673,7 млн теңгеден 851,1 млн теңгеге азайтылды. Дегенмен қаржылай қамтамасыз ету мүмкіндігі болмауда», - дейді депутаттар.
Сөз арасында үш жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде жалпы сипаттағы трансферттерді (субвенцияны) есептеу барысында ветеринария шығындары келесі үш жылдыққа 7% инфляция межесімен қарастырылғанын, тиісінше болатын өзгерістерді де қозғап өтті:
- мал басы (өсім орта есеппен 15,5%),
- малға салынатын вакцина құны (өсім орта есеппен 1,2 есе)
- манипуляция құнының (өсім орта есеппен 1,5 есе) өсімін толық жаппайтындығы себеп болуда.
Атап айтқанда, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне сәйкес, Жамбыл облысында ветеринария саласының ағымдағы шығындары 2022 жылғы 1 мамырдағы қаржылық көрсеткішке сәйкес 1715,2 млн теңге сомасында ескеріліп, 2023 жылға 108,5% инфляция деңгейімен 1861,1 млн теңге сомасында есептелген екен.
«Алайда ветеринария саласының 2022 жылғы қажеттілігі 3 613,7 млн теңге болса, 2023 жылға 3 920,9 млн теңгеде бекітіледі және жалпы сипаттағы трансферттер құрылымында қажетті соманың 2 059,8 млн теңгесі ескерілмеген. Бұл алдағы үш жылда ветеринария саласы шығындарын жергілікті бюджеттен толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндікті тағы шектейді.
Құрметті Әлихан Асханұлы, халқымыз «Малы саудың – жаны сау» деген. Ветеринария жүйесін реформалау жергілікті бюджеттерге қосымша салмақ салатынын ескере отырып, осы бағыттағы қаржылай қажеттілікті нысаналы трансферттер есебінен шешуге ықпал етуіңізді сұраймын», - деп саладағы кемшін тұстарды жеткізді.
Қорыта келе айтар болсақ, Үкімет Президент Жолдауында көрсетілген мәселелерді шешу жұмысын жүргізіп жатыр. Дегенмен бұл сала адам өмірінің тыныс-тіршілігімен байланысты болғандықтан жылдамдықты қажет ететіні анық…