Елбасы тапсырмасы: студенттерге жатақхана салу 25% ғана орындалды
Парламент депутаттары жатақхана құрылысына инвесторлар тарту мәселесін жылдамдатуды сұрады
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық студенттерге жатақхана салу туралы тапсырмасы тек 25% орындалған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады. Оның айтуынша, республиканың барлық өңірінде студентітк жатақханаларға сұраныс жоғары деңгейде болып тұр. Ал Елбасы 2022 жылға дейін бұл проблеманы шешу үшін 75 мың орынға студенттер жатақханасын пайдалануға беруді тапсырған еді.
«Алғашқы бес мың орын 2019 жылы берілуі керек еді. Ал 2020 жылы - 15 мың орын, 2021 жылы – 25 мың орын, 2022 жылы – 30 мың орын берілуі керек болатын», - деп атап өтті депутат.
2019 жылыдң қорытындысы бойынша 196 млн 397 мың теңгеге 2 810 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Бұл бір жылдық жоспардың тек 57%-ы.
«Елбасының тапсырмасы тек 25 пайызға орындалған. Сонымен қатар тапсырманың алғашқы сатысы орындалмады деп айтуға болады. Себебі былтыр 2 190 студент жатақхана ала алмады», - деді депутат.
Айта кету керек, республика бойынша 69 ЖОО мен 105 колледж жатақханаларында студенттерге 90 484 орын жетіспейді.