Алматы облысының полицейлері мал ұрлаушылардың фотосын жариялады
Ұсталған 9 адам 56 бас малды айдап әкеткен
Алматы обысының полицейлері барымташылықты «кәсіп еткен» бірнеше адамның фотосын жариялап, тұрғындарды абай болуға шақырды.
Фотодағы 9 адам бұған дейін бірнеше рет мал ұрлап, шаруаларға миллиондап шығын келтірген. Олар әдетте өрісте жайылып жүрген ірі қараны айдап әкетеді екен.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары 4 қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Барымташылар негізінен Алакөл, Қарасай, Іле және Жамбыл аудандарында мал ұрлығымен айналысқан. Олардың қылмыстық әрекеті салдарынан 4 миллион теңгеден астам шығын келгені белгілі болды. Зардап шегушілерге 750 000 теңгенің материалдық шығыны қайтарылды», - деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Облыста тек соңғы бір жарым айда 77 мал ұрлығы тіркелсе, олардың тек 40 дерегі ғана ашылған екен. Полиция фотосын жариялаған күдіктілер қылмыстық топ құрамында болған адамдар.
Құзырлы орган қызметкерлері аталған тұлғалардың әрекетінен зардап шеккендер болса, «102» нөміріне немесе жергілікті полиция бөлімшесіне хабарласуын сұрайды.