Б.Сағынтаев Алматыдағы үш ауысымды мектеп проблемасын 2 жылда шешуге уәде берді
Қалада 2022 жылға дейін 8 мектеп салынып бітеді
Алматыда жыл сайын шамамен 12 мың бала бірінші сыныпқа барады. Бала санының көп болуына байланысты, қала мектептерінде орын тапшы. Сондықтан, біраз оқушы үш ауысымда оқуға мәжбүр. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың есебіне келген халық осы проблеманы көтерді.
Мектептегі орын тапшылығына әсіресе, Алатау ауданындағы Рахат шағынауданының тұрғындары жиі шағымданады. «Ескі әрі тар сыныпта сапалы білім туралы айтудың өзі артық» дейді Рахат тұрғындары.
Бақытжан Сағынтаев болса аталған проблеманың алдағы 2 жылда шешілетінін айтып отыр. Яғни, қалада 13 мың орынға шақталған 8 мектеп салынады.
«2021 жылдың оқу маусымы басталғанға дейін мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 8 мектеп салу жоспарланған. Олардың бірі Рахат шағынауданында. Биылдың өзінде 1800 орындық 2 мектеп пен 2017 орындық 5 қосымша құрылыс салынады. 2020-2022 жылдары жеке инвестиция есебінен 2240 орындық 4 мектеп, 8000 орындық 300 балабақша ашу жоспарланып отыр», - деді Б.Сағынтаев.
Бұл шаралар екі ауысымда білім беретін мектептердегі тапшылықты 30 мың орынға дейін азайтуға, сондай-ақ, 10 мың орынға арналған балабақша кезегін азайтуға мүмкіндік бермек.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы