Қазақстанда коронавирус карантинін бұзғандарға айыппұл салынады
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирус карантинін бұзған адамдарға айыппұл салу қалай жүргізілетінін айтып берді, деп хабарлады Azattyq Ruhy тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Сәдуақасовтың айтуынша, коронавирус қаупі бар Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер карантиннен бұлтарған немесе карантин ережелерін бұзған жағдайда, оларға айыппұл салынады.
«Азаматтарға әкімшілік заңбұзушылық үшін жауапкершілік қарастырылатынын ескертеміз. Яғни, мемлекеттік органның заңды талаптарын орындамағандарға Әкімшілік кодекстің 462-бабы бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - деді ол.
Ведомство өкілінің айтуынша, 20 ақпаннан бастап коронавирус тіркелген мемлекеттерден келген азаматтар үш категорияға бөлінеді.
«Бірінші категория – соңғы 14 апта ішінде ҚХР-ден келгендер. Олар стационарда 14 күн өткізуі тиіс. Одан кейін он күн бойы үйде медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. Екінші категория – оннан астам коронавирус жағдайы тіркелген мемлекеттен келгендер. Олар елімізде үй жағдайында карантинде болады. Яғни, медициналық қызметкердің бақылауымен үйде болады. Үшінші категория – оннан аз коронавирус оқиғасы тіркелген мемлекеттен келгендер», - деді ол.