Ертең Уханьнан тағы екі қазақстандық елге оралады
Олар украиналық ұшақпен Алматыға жеткізіледі
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ертең коронавирус инфекциясы тараған Ухань қаласынан тағы екі қазақстандық азамат елге оралатынын хабарлады.
«Уханьнан екі азаматымыз оралады. Ертең Украина өз азаматтарын ұшақпен еліне қайтарады. Сол ұшақ Алматы әуежайы арқылы өтіп, біздің екі азаматымызды қалдырып кетеді», - деді ол Парламент мәжілісі отырысынан шыққаннан кейін.
Министр сонымен бірге Жапонияның инфекция тараған Diamond Princess круиздік лайнеріндегі төрт қазақстандықтың да елге қашан қайтатынын айтты.
«Құдайға шүкір, Diamond Princess лайнеріндегі азаматтарымыздың арасында сырқаттанғандар жоқ. Мұны лайнердегі тест нәтижесі көрсетті. Карантин уақыты аяқталды. Бүгін оларды лайнерден шығарады. Содан кейін тағы қосымша тексеру өткізеді. Одан өтсе, жақын күндері елге өз есебінен ұшақпен қайтарамыз. Егер вирус бары анықталса, сол жақта, яғни Жапонияда емделеді», - деді М.Тілеуберді.
Айта, кетейік круиздік лайнердегі қазақстандықтар - 8 және 12 жастағы немерелері бар екі әйел адам. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жапония денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланыс орнатып, лайнердегі қазақстандықтардың жағдайын біліп отыр.
Журналистер министрден Қытайдағы дипломатиялық корпус жұмысы жайлы сұрады.
«Дипломаттар отбасын эвакуацияладық. Кей отбасылар өз еркімен қалды. Елшіліктер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр», - деді бұған қатысты министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан