$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.02.2020, 19:57
Қоғам

Түркістан облысындағы білім олимпиадасында «білімсіз» оқушылар жеңімпаз болған

Ұйымдастырушылар олимпиаданы өткізу ережелерінің талаптарын өрескел бұзған

Түркістан облысындағы білім олимпиадасында «білімсіз» оқушылар жеңімпаз болған
Көрнекі фото

Білім және ғылым министрлігі Түркістан облысында болған білім олимпиадасындағы былықтардың бетін ашты. Ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдегендей, республикалық олимпиаданың облыстық кезеңін білім деңгейі төмен оқушылар жеңіп алған. Ал, ең жоғары нәтиже көрсеткен балалар жүлдесіз қалған.

Аталған былықты министрлікке қарасты Түркістан облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті анықтаған. Жоспардан тыс тексеру жұмыстары биыл 5-6 қаңтар күндері жүргізіліпті.

«Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша бірқатар өрескел бұзушылық анықталды: облыстық пәндік олимпиаданың қазылар алқасы тарапынан объективті емес шешім шығару фактілері; жүлделі орындардың әділетсіз берілуі, атап айтсақ төмен балл жинаған қатысушылар жүлделі орындарға ие болып, жоғары балл алған қатысушылар – жүлделі орынсыз қалған», - делінген ҚР БҒМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Яғни, облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша жүлделі орындарға конкурстың бірінші турынан өтпеген қатысушылар ие болған.

Сонымен қатар, ұйымдастыру комитетімен олимпиаданы өткізу ережелерінің талаптары да бұзылған. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңін ұйымдастыру және өткізуге Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы, сондай-ақ, аудандық және қалалық білім бөлімдері жауапты болғанын айта кеткен жөн.

Білім министрлігі аталған жайт бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдапты. Яғни, олимпиаданы өткізгенде ұйымдастырушылар жемқорлық әрекеттерге барған болуы әбден мүмкін.

Серіктес жаңалықтары