«Сәл шыдау керек»: Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерде жылу да, жарық та, су да жоқ
Мұндағы тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған
Петропалда мемлекетік бағдарлама бойынша салынған үйлерде екі жылдан бері ыстық су жоқ. Ал жарықтың сөнгеніне 3 күн болған. Электр қуатының жоқтығынан көпқабатты баспанаға жылу да берілмей отыр. Амалы құрыған кейбір тұрғындар өркениеттен тыс қалған пәтерлерін тастап, көшіп кетіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ТҰРҒЫНДАРҒА ДАЛАҒА ШЫҒУ МҰҢ
Петропавлда жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Жас өркен» ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған үйлер әкімдікте баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Бір бөлігі Отбасы банкінің «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша рәсімделсе, қалған пәтерлер «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өз иелерін тапты. Баспана көгілдір отынмен қамтылмаған. Жарық болмаса, бәрі істен шығады. Тұрғындар 3 күннен бері ыстық тамақ ішпегенін айтады. Ал кейбірі пәтерлерін тастап, туған-туыстарының үйіне көшіп жатыр.
«Жаңа баспанаға биыл қоныс аудардық. Көшіп келген сәттен ыстық су көрген жоқпыз. Бастапқыда туған-туыстардың үйіне барып жуынып жүрдік. Кейін су жылытуға әдістендік. Бірақ бұндай жұмыс көп уақыт алады. Әбден шаршарағандықтан су жылытқыш қондырғы сатып алдық. Бірақ оның қуаты шамалы. Көпке жетпейді. Осылай амалдап отырғанда жарықсыз қалдық. Студент қызым бар. Сабақтан кеш келеді. Үй тапсырмасын орындауы керек. Суықта бүрсеңдеп отырып, сабақ оқу мүмкін емес. Әрі кешке үй қараңғы болып кетеді. Амалсыздан киім-кешегін жинап, ағамның үйіне апарып тастадым. Өзіміз де туыстарды паналап жүрміз. Әбден шаршадық. Қаланың бұрынғы әкімімен де, қазіргі әкімімен де бірнеше рет кездестік. Тек уәде ғана естиміз. Проблема шешіліп жатқан жоқ», - дейді үй тұрғыны Алма Әшімова.
Амангелді Сейтенов 16-шы қабатта тұрады. Зейнеткерге далаға шығуы мұң. Үш күннен бері тіршілік нәрін сырттан тасып ішуге мәжбүр. Өйткені электр қуатынсыз сорғы іске қосылмайды. Салдарынан 10-шы қабаттан жоғары орналасқан пәтерлер сусыз қалады.
«Жарық жоқ. Су да тоқтады. Лифт істемейді. 5 күннен бері әбден қиналдық. Көршілердің дені туған-туыстарына көшіп кетті. Өзім де үйдегілердің барлығын бауырларға жібердім. Қазір жалғыз отырмын. Пәтерде су құйылған бөтелкелерден аяқ алып жүре алмайсың. Ішуге де, жуынуға да, санитарлық торапқа да соны пайдаланамыз. Үйіміз суық», - дейді Амангелді Сейтенов.
«БҮЛІНГЕН АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ ЛАҚТЫРУДАН БАСҚА АМАЛ ЖОҚ...»
Тұрғындардың айтуынша соңғы аптада жарық күнде өшіп, әбден титықтатқан. Ал 3 күннен бері электр қуаты мүлде жоқ. Салдарынан тоңазытқыштағы азық-түліктің барлығы бүлініп кеткен. Оны қоқысқа тастаудан басқа амал жоқ.
«Бүгін тоңазытқыштағы азық-түліктің барлығын алып шықтым. Иістеніп кетіпті. Қоқысқа тастаймыз енді. Ет те, шұжық та бар еді. Бұл менің көптен күткен баспанам, кезекте 12 жыл тұрдым. Алғанда қатты қуанып едік, осындай күн кешеміз деп ойлаған жоқпын. Үйдің құрылысшылар дұрыс істемей кеткен кем-кетігіне көз жұма қарап, өзіміз жөндеп алдық. Оған қыруар қаржы жұмсадық. Енді үйге жарық пен жылу беру қолдан келмейді. Күні-түні бүрсең қағып сырт киіммен жүреміз. Жолдасым ауырады. Өзім де қант диабетіне шалдыққанмын. Екеумізге де уақытылы тамақтану керек. Ыстық тамақ ішпегелі 3 күн болды. Денсаулығым сыр бере бастады. Асқазаным да ауырады», - дейді зейнеткер Әскен Сәрсембаева.
АУДАНДА ҚОСАЛҚЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ ЖОҚ
Петропавлда жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Жас өркен» ауданында қосалқы электр станциясы салынып жатыр. Жоспарға сай ол 2 жыл бұрын тапсырылуы тиіс еді. Алайда, құрылыс жұмыстары әдеттегідей созбаққа салынды. Қазір аталған аудандағы нысандардың барлығы уақытша қуат көзіне қосылған. Мұнда әсіресе күз мезгілінде жарық жиі өшеді.
«Күн күрт суығанда тұрғындар жаппай жылытқыш құралдарын қолданған. Оған уақытша трансформатордың қуаты жетпейді. Салдарынан жарық өшіп қалды. Қазір үйді салған мердігер компанияның жұмысшылары ақауды жөндеп жатыр. Қала басшылығы мәселеден құлағдар. Ол 2-3 күнде шешіледі деп ойлаймыз. Жылу да, жарық та, су да болады. Тек тұрғындарға сәл шыдау керек. Кеше жылу берілді. Бірақ ол жертөледен ары кетпейді. Себебі электр қуатынсыз сорғылар жұмыс істемейді», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспсөз хатшысы Әсем Айтолла.
Мәселесі көптен бері шешілмей келе жатқан екі баспана да мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. Мұнда 400 отбасы тұрады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігін құруы тиіс. Тек содан кейін ғана жылу таратушы компания ыстық су береді.
«Біз мүлік иелерінің бірлестігін уақытылы құра алмадық. Өйткені пәтер иелері бірден анықталған жоқ. Екі жыл бұрын бір конкурс болса, екіншісі биыл өтті. Ал бірлестікті құру үшін тұрғындардың кемінде 70 пайызы тиісті құжаттарға қол қоюы тиіс. Әкімдіктегі бөлімдер арасында бір-бірімен байланыс жоқ. Соның кесірінен біз құжаттарды дер кезінде рәсімдей алмадық. Енді зардабын тартып отырмыз», - дейді МИБ төрағасы Михаил.
Петропавлда жылыту маусымы басталғалы 10 күннен асты. Нысандардың 99 пайызы жылумен қамтылған. Облыс орталығында аталған коммуналдық қызметке қол жеткізе алмай отырған бірнеше жаңа үй бар.