Бірнеше пәтерін жасырын жалға беріп отырған қазақстандықтарды қиындық күтіп тұр
Мемлекет оларды көлеңкелі нарықтан шығармақ

Қаржы министрлігі пәтерлерін жалға беріп, одан түскен табыстан салық төлемей отырған азаматтардың «ізіне түседі», деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, қазір мұндай секторды көлеңкеден шығару жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта әртүрлі жеңілдетілген салық режимі, соның ішінде арнайы салық режимі де көзделген.
«Мұнда мәселе салық салуда ғана емес, бұл қылмыспен күреске де қатысты. Егер есеп жүргізілмесе, ондай пәтерлерде тіркелмеген, күмәнді азаматтар тұруы мүмкін. Сол үшін біз камералдық бақылау жүргізіп, деректерді салыстырамыз. Егер, мысалы, бір жеке тұлғаның атында он пәтер тіркеліп, ал ол өзі біреуінде ғана тұрып жатса, қалған тоғыз пәтер жалға беріліп жатыр деген сөз. Сосын біз әлгі он пәтердің иесі ай сайын банк қосымшалары немесе басқа арналар арқылы ақша алып отырғанын көреміз. Міне, осындай кезде бізде әлгі пәтер иесіне сұрақтар туындайды», - дейді Біржанов Мәжіліс кулуарында.
Вице-министр бұл бағытта мүлік иелері бірлестігімен, учаскелік инспекторлармен тығыз жұмыс істеп жатқанын атап өтті.