$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Халық алғашқыда күдікпен қарайтын, кейін сенімі артты – Айдос Сарым «Жер аманаты» жобасы жайында

Мемлекетке қайтарылған жерлер нақты іспен айналысатын шаруаларға беріледі

Халық алғашқыда күдікпен қарайтын, кейін сенімі артты – Айдос Сарым «Жер аманаты» жобасы жайында

«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жер аманаты» жобасы аясында мемлекет меншігіне 3,8 млн гектар жер қайтарылды. Партия өкілдері мен құзырлы орган қызметкерлерінен құралған комиссия екі айдан бері өңірлерді аралап, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін және жекенің қолына заңсыз өтіп кеткен жерлерді мемлекетке қайтаруда. Жыл соңына дейін көрсеткіш 5 млн гектарға дейін жетуі мүмкін.

Жасыратыны жоқ, аталған жоба жүзеге аса бастағанда оған күдікпен қарағандар көп болған. Алайда, халық нақты істі көре бастағаннан кейін комиссияға өздері арыз-шағым түсіре бастаған. Бүгінге дейін өңірлерден «Жер аманатына» 1,5 мың адамнан өтініш түсіпті. Оның барлығы өңірлік комиссиялардың қарауына берілді.

Azattyq Ruhy тілшісі мелекет меншігіне қайтарылған жерлер қандай мақсатта пайдаланылады және оны кімдер жалға ала алатыны туралы Мәжіліс депутаты, «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі Айдос Сарымнан сұрап білді.

«Жер аманаты» комиссиясы бүгінде республика бойынша 10-нан аса өңірді аралап, жергілікті жұртшылықтың жер мәселесіне қатысты мұң-мұқтажын тыңдаған.

«Күдіктенетіні де, сенетіні де, тіпті қарсыласатыны да бар. Халықтың көбі жақсы қабылдап жатыр. Көп үміт күтіп отыр. Өткен жылы Жер комисиясының отырысынан кейін заңнамаға енгізілген талаптарға сай жер мәселесімен айналысу АШМ жанындағы арнайы комитетке тапсырылды. Қазақстан бойынша 238 жер инспекторы пайда болды. Меніңше олардың саны әлі де аздық етеді. Бірақ осы жұмыс негізігнен солардың мойнында.

Мәселе тек жердің көлемін өлшеп, оны ғарыштан көріп отыруда емес. Ең үлкен жердің тозып кетуі. Жердің құнарлығы кетіп жатыр. Бұл дегеніңіз, жер мал жаюға, шөп оруға жарамайды дегенді білдіреді. Кей егіндіктер тыңайтқыштарды көптеп пайдаланғаннан сорланып жатыр. Яғни ауыл шаруашылығын жүргізудің өзі де үлкен ғылым. Сондықтан, кей заңдылықтардың сақталмауы жердің тозуына алып келді. Ал әбден тозған жерді қалпына келтіру күрделі әрі біраз уақытты талап ететін шаруа. Сол себепті жер инспекторларының әлеуетін және оның ғылыми орталықтармен байланысын арттырып, жалпы жер саласында жүрген азаматтардың санын көбейту керек», - дейді Айдос Сарым.

Жер аманаты комиссиясының мүдделі мақсаттарының бірі – жергілікті жұртшылықтың жер мәселесіне қатысты көзқарасын өзгерту. Бұл ретте Үкімет бірнеше заңға өзгерістер енгізді.

«Ауыл әкімдерінің сайлау жүйесін өзгертіп, төртінші деңгейдегі бюджет дегенді қолға ала бастадық. Жерден түсетін салықтың 8 түрі жергілікті бюджетті жасақтайтын болады.

Жер мәселесіне қатысты бірнеше мыңдаған өтініш-арыз келіп түсті. Тек ауылдардан ғана емес, қалалы жерлерден де өтініштер келді. Мәселен Астана мен Алматы шаһарларында құрылыс нысандарына байланысты қиындықтар бар. Сондықтан комиссияға артылып отырған жүк өте ауыр, өте жауапты жұмыс. Бұған дейін жер мәселесімен аудан әкімдері айналысатын, өздері таратып, өздері қадағалайтын. Сондықтан да бұл мәселеде көптеген дау болды. Тіпті қылмыстық іс қозғалған жағдаqлар бар», - дейді Мәжіліс депутаты.

Жерді игермей отырған азаматтардың салығы бүгінде 15-20 есеге көбейді

Өткен жылғы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай ауыл әкімдері жергілікті халық пен мал санын есептеп, тиісті шабындықтардың, жайылымдардың картасын жасауы керек. Алайда, комиссия аралаған кей ауылдарда ондай карталар әлі жасалмаған.

«Осы комиссияның мақсаты – жер мәселесіне ауыл азаматтарын тарту. Яғни ауыл жұртшылығына заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, оның мақсатын айту. Мәселен, жуырда ғана біздің комиссия Ақмола облысына барып, 9 сағат бойы азаматтарды қабылдауды жүргізді» , - дейді Айдос Сарым.

Бүгінде мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және техникалық қамтамасыз ету басқармасының сайтында Қазақстанның кез келген аймағын таңдап, қай жер кімге тиесілі және қанша уақытқа дейін жалға берілгенін көруге болады.

«2016 жылдан бастап елімізде жерге деген көзқарас өзгеріп келеді. Мәселен 92, 93, 94-жылдары Қазақстанда жекешелендіру болған кезде екі түрлі жекешелендіру болды: қаладағы және ауылдағы. Қаладағы азаматтарға «сіздің тұрып жатқан үйіңіз негізі мемлекеттікі, біз соны жекешендіріп береміз, ұлттық байлықтың бір бөлігі сіздің нәпақаңыз» деді. Біреу үйлі болды, өзгесі сатып жіберді. Ауылда басқаша берілді. Бүгінде Мемлекет басшысы «әрбір Қазақстан азаматы ұлттық байлықтың бір бөлігіне ие болуы керек» дегенді алға тартып отыр. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», - дейді Айдос Сарым.

Жер комиссиясының міндеті – кезінде жекешеленген жерлерді түгелімен мемлекетке қайтару емес. Жақсы жұмыс істеп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпорындар бар. Халықты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, сауда нарығына азық-түлік тасып, адалынан қызмет етіп жүрген қожалықтарға комиссияның зияны тимеуі керек.

«Жерді игермей отырған азаматтардың салығы бүгінде 15-20 есеге көбейді. Яғни жерді жай иеленіп отыру қазір тиімсіз болып барады. Ал кәсіп жасайын, егіндікті қолға алайын, мал бағайын деген азаматтарға беретін жер керек. Сол үшін ауыл тұрғындары жерді қадағалап жүруі керек. Қандай да бір игерілмей жатқан жерді көрсе, сол жерге ауыл әкімімен бірге барып, көрсетуі тиіс. Заң бойынша жеңілдетілген тәртіппен ол жерлерді қайтаруға мүмкіндік бар. Бүгінде 3,8 млн гектар жер қайтарылды, жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 5 млн гектарға жеткізетін ойымыз бар. Бәлкім одан асып түсетін де шығармыз», - дейді Мәжіліс депутаты.

Ауыл тұрғындарын жер мәселесінің белсенді мүшесіне айналдыру қажет

Бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер әзірге толығымен үлестірілген жоқ. Айдос Сарымның айтуынша, бұл ретте басты мәселе қайтарылған жерлерді дұрыс тарату.

«Оның бәрін дұрыс бағалап, жердің құнарлығын зерттеп, оларды қандай мақсатта пайдалануға болатынын анықтау керек. Одан соң қоғамды қатыстыра отырып, дұрыстап бөлу қажет. Ең бастысы қолынан іс келетін, соған инвестиция сала алатын азаматтарды тарту керек.

Осындай әрекеттерді жүзеге асыруымыз тиіс. Аудан әкімдерінен қорқатын ауыл әкімдері мен тұрғындардың санасын ояту керек. Оларды осы жер мәселесінің белсенді мүшесіне айналдыру қажет. Әрине, бұл бірден нәтиже бере салатын жұмыс емес. Өйткені ауыл шаруашылығы ұзақ мерзімді инвестицияны қажет етеді. Сондықтан ауылдарда тұрып жатқан жұрттың компетенциясы өсуі керек», - дейді Айдос Сарым.

Ауылдағы өткір мәселесін бірі – жайылымның тапшылығы. Шаруалар малын қай жаққа жаятынын білмей дал болуда. Себебі жерді жекешелендіру кезінде талай адам жайылымдық жерге иелік етіп алды.

«5-10 жыл бойы жеріне жақындамай, комиссия келеді дегенді естіп, өтірік жерді тырмалағандай кейіп танытқандары да болды. Бірақ ғарыштағы мониторинг арқылы ол жерлерге тырманың түспегені, малдың жайылмағаны барлығы көрініп тұр. Осының бәрін дәлелдеп шығатын мүмкіндік бар.

Жайылымдық жерлерге қатысты Мәжілісте арнайы заң қабылданды. Қазір соның іске асырылу мәселесі бар. Кейбір әкімдер жердің иелерімен ұрысуға, дауласуға қорқады. Жерді қайтаруда түрлі механизмдер қарастырылған. Оның ішінде прокуратураның мүмкіндіктері бар. Бұл орайда аймақтық құқық қорғау органдары өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Мұның барлығы арнайы кодексте қарастырылған. Бірақ бұл жерде мәселе айыппұл салумен бітпейді, мұнда бастысы жұрттың жылдар бойы қордаланған мәселесін шешу керек», - деді Айдос Сарым.

Еске салайық, «Жер аманаты» комиссиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі жер иелерін сынауынан кейін құрылып, қараусыз және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарумен айналысып жатыр.

Серіктес жаңалықтары