Алматыда күйеуінен қорғанамын деп оны өлтіріп алған әйел қамалмайтын болды
Екі баланың анасы шартты жазаға тартылды
Алматыда ұзақ жылдар бойы озбыр күйеуінен зәбір көріп, ақыры оны байқаусызда өлтіріп алған әйелге сот үкімі шықты деп мәлімдеді «Астана» телеарнасы.
Ерлі-зайыптылар 14 жыл бірге тұрған, екі баласы бар. Отағасы спирттік ішімдікті жиі ішіп, мас кезде әйелін көкала қойдай сабап тастайды екен. Осындай оқиғалардың бірі жарты жыл бұрын қайғылы аяқталған.
«Мен оны өлтірем деп мүлдем ойлаған жоқпын, тек өзімді қорғағым келіп, қолыма түскен затпен ұрмақ болдым. Асханада тұрғанбыз, қолыма пышақ түсті, ол қолын маған қарай бірнеше рет сермеді, бәлкім сол кезде жарақат алып қалған болар», - дейді екі баланың анасы.
Күйеуінің жарақат алғанын көрген келіншек дереу жедел жәрдем шақырады. Алайда, дәрігерлер ұзақ уақыт келмей, ер азамат көп мөлшерде қан жоғалтқан. Әйелі алғашқы медициналық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қала алмапты. Жедел жәрдем тек үшінші шақыртудан кейін ғана келген.
Қанды оқиғадан кейін тергеу басталып, сот жуырда аяқталды. Кісі өлімі үшін әйел 8-12 жыл аралығында сотталуы мүмкін еді. Алайда, судья болған жайтты саралай келе оны тек 1 жылға шартты жазаға кесті. Бұған айыпталушының өзі де, оның қорғаушылары да таң қалып отыр. Ал, «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова болса судьяны әділ шешім шығарды деп алғысын айтты.
«Полиция үшін еркектің әйелін ұруы – қалыпты жағдай, жәбірленген әйелдер сондықтан полицейлерден үміт күтпейді, олар не өздігімен қорғанады, не өзіне қол жұмсайды», - дейді ол.
Қазақстанда жыл сайын 70 мыңдай әйел күйеуінің үстінен полицияға арызданады екен. Алайда, олардың аз ғана бөлігі жауапқа тартылып жатады. Бұрын ер азаматтар әйелін ұрғаны үшін айыппұлмен құтылатын. Қазір бірнеше тәулікке қамалады.