$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 250 мың теңгеге дейін барады»: Алматыда баспана бағасы екі айда 15 пайызға өсті

Сарапшылар баспананың қымбаттауына Ресей мен Украинадан ағылған азаматтар себеп болды деп отыр

«Бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 250 мың теңгеге дейін барады»: Алматыда баспана бағасы екі айда 15 пайызға өсті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазір Krisha.kz сайтында Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің бағасы – 250 мың теңге, екі бөлмелі үйді жалдау құны – 400 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтерді ай сайын 700 мың теңгеге төлеп тұруға болады. Баға пәтердің сапасы мен орналасқан ауданына қарай 50 мен 100 мың теңге арасында құбылуы мүмкін. Пәтерді жалдау бағасы тамыз айында Қазақстанның барлық өңірінде өскен. Ал ең қымбаты – Алматыда, екі айдың ішінде 15 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айзада Мұзарап жеті жылдан бері пәтер жалдап келеді, айтуынша Алматыда пәтердің құны жыл сайын тамыз айында өседі екен. Бағаның күрт көтерілуіне мегаполиске ағылатын студенттер себеп деп отыр. Ал үйді сатып алу тіпті қолжетімсіз. «Алматы жастары» деген бағдарламаға барлық саланың қызметкерлері іліге алмайды, тиімсіз жоба екенін айтады.

«Алматыда үйлі болу тым қиындап кетті. Бір бөлмелі ескі, ішінде құрт-құмырсқасы өріп жүретін пәтерді жалдау құны 250 мың теңгеге дейін барады. Оған қоса коммуналдық төлем бар. Бұл енді сұмдық қой! Менің айлығым 160 мың теңге. Ішетін тамағыз, киетін киіміміз бар. Сонда біз сияқты жастар қалай күн көруі керек?! Үй иелеріне неге мұндай баға қоясыздар десем, енді баспана қаланың қақ ортасында орналасқан деп шығады. Сонда Алматының орталығында тауық қора салып өткізе берсе  де, бағаны ешкім бақыламайды ма?

Пәтерді өткізген адамға салық органдарынан келсе, туысқанымыз деп айтыңыздар деп үйретіп қояды. Егер бұл кәсіпкерлер салық төлеуден жалтаруды қоймаса, ойына келген бағаны қоя беруді тоқтатпаса, Үкімет тарапынан арнайы қадағалушы орган құру керек деп есептеймін. Бағалаушының қойған құнынан пәтерді жалға беру де, сату да асып кетпеуі керек. Ал «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы барлық жастар конкурсқа қатыса алмайды. Небәрі 18 миллион теңге заем береді. Оған бір бөлмелі пәтер табудың өзі қиын. Жалдамалы баспананың бағасы көтерілген сайын, бастапқы жарнаға деп ақша жинаудың өзі мүмкін болмай барады», - деді Алматы қаласының тұрғыны Айзада Мұзарап.

Krisha.kz сайтының зерттеуі бойынша, Алматыда тамыз айының басында маусым айымен салыстырғанда пәтерді жалдау құны 15 пайызға өскен. Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығы бағаның күрт көтерілуіне еліміздің өзге өңірлерінен келетін студенттермен қоса, Ресей мен Украинадан ағылған азаматтардың ағыны себеп болды деп отыр. Сарапшылар баға тағы да өспесе, төмендемейтініне сенімді.

«Жалдамалы пәтердің бағасы тамыз айында барлық өңірлер бойынша өте қатты көтерілді. Әсіресе, Алматы қаласында баға аспандап кетті. Оған нақты бірнеше фактор әсер етті. Біріншісі – Украина мен Ресейден жұрттың ағылып келуі. Екіншісі – тамыз айында студенттердің өзге қалалардан жаппай келуі. Үшіншісі – жылдың басында жалға алатын пәтерлерге берілетін 50 пайыздық субсидиялау бағдарламасы да нарыққа ықпал етті.

Пандемия кезінде көптеген қонақ үйлер жұмыс істеген жоқ қой. Сол кезде пәтерді жалға беру қатты дамыды. Сонда бұған дейін ұзақ мерзімге беріп келгендер қысқа мерзімге жалға беру форматына көшіп кетті. Енді олар тәулікпен жалға беруден көп пайда табатын болғандықтан, ұзақ мерзімге беру жүйесіне қайтадан оралғысы келмейді. Бұл пәтердің тапшылығын туындатады. Ал Ресей, Украинадан келген студенттер ескі 70-ші, 80-ші жылы салынған  пәтерлерде тұрғысы келмейді. Барлығы жақсы ауданда тұрғысы келеді. Элиталы үйді қалайды. Талаптар көтерілген сайын баға да шарықтай береді. Келесі айларда да жалға берудің бағасы түспейді. Ешқашан баға төмендемейді. Сату да, сатып алу да түспейді», - деді Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев.

Krisha.kz сайтына үңілсек, Қазақстан бойынша сәуір айынан бастап, баспананың сату бағасы көтерілмеген. Мамандар мұны зейнетақы қорындағы шекті соманы алуға берілген мүмкіндікті азаматтар пайдаланып үлгермегенімен байланыстырады. Нарықтағы дүрлігудің бәсеңдеуіне «Баспана хит» бағдарламасының тоқтауы да әсер еткен.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізге 2 миллион 134 мың 598 шетелдік келген, 2,5 миллионға жуық шетелдік шығып кеткен. Ең көп келгендер: Өзбекстан – 718 мың 452 адам, Ресей – 889 мың 275 адам, Қырғызстан – 238 мың 790 адам, Тәжікстан – 74 мың 528 адам. Ал Түркиядан – 36 мың 159 адам, Германиядан 26 мың 312 адам, Үндістаннан 8 мың 295 адам, ҚХР-дан 6 мың 221 адам келіпті.

Серіктес жаңалықтары