Маңғыстау облысында 3,5 млн гектар жайылымды жерді бір малы жоқ адам иеленіп алған
«Жер аманаты» комиссиясы өңірлерде қандай жұмыс атқарып жатыр?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында бос жатқан жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару керек деген тапсырма берген болатын. Ал күні кеше Тоқаев орта және кіші бизнесті жерді пайдалану бойынша тексеруге болмайды деп жарияланған мораторийді тоқтататын Жарлыққа қол қойды. Яғни, енді пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алуға жол ашылды.
Бұл өз кезегінде, «AMANAT» партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысын одан әрі тездетіп, нәтижелі ете түспек. Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген комиссия мүшесі әрі Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осы уақытқа дейін комиссия мемлекетке 900 мың гектардан астам жерді қайтарып бергенін айтты.
«Жер аманаты» комиссиясының мақсаты – еліміздегі жер қатынастарына әділдік орнату. Комиссия мүшелері Қазақстанның жер қатынастары өте өзекті болып тұрған өңірлерге, атап айтсақ, Жетісу, Алматы, Солтүстік Қазақстан облысы сияқты өңірлерге барып қайтты. Жарты жылдың ішінде мемлекетімізге 900 мың гектардан астам жайылым жер қайтарылды. Бұл «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері атқарған жұмыстың нәтижесі», - дейді Саиров.
Ал біз атап өткен Тоқаевтың жаңа Жарлығына қатысты өз ойын айтқан ол «ірі монополистердің әділетсіз иеленген жерлерін мемлекетке қайтаруды жеделдететін» Жарлық дейді.
Ерлан Саировтың өзі осы комиссия құрамында Қарағанды, Түркістан облыстарына барған.
«Біз өңірлерге барып қана қоймай, кез келген аймақтағы азаматтардың арыз-шағымын қабылдап, қарастырамыз. Қазір өңір-өңірден «Жер аманаты» комиссиясына сан түрлі шағым түседі. Біз мәселелерді жергілікті атқарушы органдар арқылы шешеміз», - дейді Саиров.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабектің ең соңғы дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 16 млн гектар жайылым жетпейді. Ал «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері айтқан мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бір малы жоқ адам бір Армения немесе Бельгия сыйып кететін жерлерді иеленіп алған.
«Маңғыстау облысындағы шаруа қожалықтарының бірі 2015 жылы 3,5 млн гектар жерді иеленіп алған. Яғни бұл Молдова, Бельгия немесе Армения елдерінің аумағынан асатын жер. Ал қазір бұл шаруашылықтың малы жоқ. Уәкілетті орган бұл адамнан неге жерді ала алмай отыр. Біз осындай әрбір істі жіті тексереміз», - дейді комиссия мүшесі, заңгер Бақытжан Базарбек «Жер аманаты» комиссиясы туралы өткен баспасөз мәслихаттарының бірінде.