«300 мал аштан қырылып қалды»: Сарыбастау ауылында жем-шөп, су мәселесі шешілмей отыр
Ауылда төрт түлікке жем-шөп жетпейді
Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында тұратын жұрттың негізгі күн көрісі – мал мен егін шаруашылығы. Жергілікті тұрғындар жем-шөпті сырттан сатып алып отыр. Өткен жылы қуаңшылық қысып, көктемде 300-дей мал басы қырылып қалған. Жоңышқаның өзін суаруға су таппаған кәсіпкерлер салынып жатқан тоспалардың сәтсіздігіне наразы, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Кәсіпкер Ержан Молдахметов мемлекеттен алған 12 гектар жерінің тіпті жартысын да игере алмай отырғанын айтып, мұңын шақты. Басты себеп – су тапшы.
«Өзіме тиесілі 6,5 гектар жерімде жоңышқа мен көпжылдық екпелі шөп жатыр. Биыл сол жерімді суара алмадым. Салығын төлеп тұрамын. Қазақша айтқанда қысыр бие, құлыны өліп қалған. Шөбімнің мәселесі шешілмей тұр. Биыл ауыл бойынша жыртылған жердің аумағы – 50 гектар. Ауылдастарым былтыр қуаңшылықтың салдарынан малға беретін шөпті несиеге алған, енді биыл сол қарызын пайызымен қайтарып қиналып отыр. Ал бізді сумен қамтамасыз етеміз, қарық қыламыз деген әкімдіктің жобалары сол қалпы сәтсіз», - деді Ержан Молдахметов.
«1956 жылы бұл маңайда қолдан жасалған көл қолдануға берілген екен. Колхоз болып тұрған кезде тиімді пайдаланып, ауылымыз миллионер атанған. Қазір судың жоқтығынан шабатын шөп де жоқ. Жер бос жатыр. Егер су болса бос жатқан орындарға егін егіліп, оның арты жем-шөп болатын еді. Суармалы жердің бәрі пайдаға жарамай, құр жатыр», - дейді ауыл тұрғыны Нұрахмет Молдахмет.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауылда 3 бірдей тоспа қайта қалпына келтіріліп жатыр. Алғашқысы «Ұзынбұлақ» көлі арқылы жүргізіледі. Яғни, қолдан жасалған көлге қар мен жаңбырдың суы құйылып, тіршілік көзі құбыр арқылы алқаптарға жеткізілуі керек. Дәл осы жобаның сәтсіздігі – құбырды онсызда су келіп тұрған жерге әкеп қоя салғанында дейді.
Ал екіншісі – «Белбұлақ» көлі арқылы келетін құбыр. Оның басты кемшілігі – үстіне не адам өтетін, не мал өтетін өткелдің салынбағандығы.
Үшіншісі – көл арқылы келетін суға құбыр салынбайды, арық арқылы ағып келетіндігі тиімсіз деп отыр.
«Ұзынбұлақ көлі міне асфальтқа тақалып тұр. Былтыр көктемде құрылысы басталған кезде ескерткенбіз. Құбырды қысқа етіп қайыра салмаңыздар, барлық алқапқа жететіндей етіп тартыңыздар дедік. Өйткені, құбыр аяқталған жерге онсызда су келіп тұр. Бізбен ешкім ақылдаспайды. Бірде-бір гидро маманды да кездестірмедік. Тек жоба бойынша жасап жатырмыз деп қоя салады.
Екіншісі – «Белбұлақ» көлі арқылы келетін су. Ол да асфальтқа тақалып тұр. Сосын «Сарыбастау» көлі арқылы келетін суға 1 шақырымдай жерге құбыр жүргізілмеген. Топырақтың қалыңдығы 30 см. Одан кейін тасты жер. Бұл жерде судың жоғалуы көп. Өйткені, егін алқабына су жеткенше, тез сіңіп кетеді. Оның үстіне бізге бұл көл арқылы тек картопты суаруға болады дейді. Бірақ картопты екі ай ғана суарады. Сонда 5 айда суарылуы тиіс 500-600 гектар жер не болмақ», - деді кәсіпкер Ержан Молдахметов.
Ал Ұзынбұлақ ауылдық округінің әкімі жоба ауыл тұрғындарының өтініші бойынша қайта қаралатынын жеткізді. Бірақ тоспаны пайдалану мерізімі тағы да бір жылға созылады деп отыр.
«Сарыбастау ауылы – Райымбек ауданы бойынша ең су тапшы елді мекендердің бірі. Суармалы жер бойынша айта кететін болсақ, өткен ғасырда колхоз басшысы болған Н.Ашимбаев атамыздың тұсында мал басы көбейіп, мал азығымен қамтамасыз ету қиындық туғызған. Осы мәселені шешу үшін ауыл төңірегіндегі бұлақтардың, қардың, жауын-шашынның суын жинап, тиімді пайдалану үшін жеті тоспа жасатқан. Ары қарай шабындық суармалы жерлерді көбейтіп, елді мекенді мал азығымен қамтамасыз еткен. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін осы тоспалар да істен шықты.
Қазіргі кезде мал басы көбейіп халық жем-шөпті сырттан сатып алып отыр. Өткен жылы қуаңшылық қысып, көктемде 300-дей мал басы шығын болды. Міне осындай жағдайларды ескере отырып, мәселенің қаншалықты маңызды екенін қозғап, 2021 жылы ауылдағы үш тоспаны қалпына келтіру жұмысы басталған. Бұл жоба өткен жылы бітуі керек еді. Бірақ ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша жоба қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Соған байланысты мерзімі 1 жылға созылды. Биыл үш тоспа іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Болашақта қалған тоспаларға тапсырыс беріп, қалпына келтіру ойда бар», - деді Ұзақ батыр ауылдық округі әкімі Шалқар Әлдибеков.