«Менің де жағдайым мәз емес»: министрлер мен әкімдер неліктен кедейдің кейпіне енуге бейім?

Әсел Оршыбекова

Шенеуніктер халыққа проблемадан шығудың жолдарын айтудың орнына өз жағдайының да мәз емес екенін айтуды әдетке айналдырған

«Менің де жағдайым мәз емес»: министрлер мен әкімдер неліктен кедейдің кейпіне енуге бейім?

Соңғы уақытта қазақстандық шенеуніктер халықпен қарым-қатынас жасаудың жаңа тәсілін игерді. Дәлірек айтқанда, олар өз өмірін тұрмысы төмен адамдардың күнкөрісімен теңестіріп айтуды дағдыға айналдырды. Бұл туралы белгілі заңгер, блогер Ержан Есімханов өзінің Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәселен, жуырда ғана Алматы қаласы әкімінің жергілікті халықпен кездесуі барысында тұрғындардың бірі ауданда электр жарығының жиі өшетініне шағымданды. Досаев өз жауабында оның да үйінде электр қуаты күніне бірнеше мәрте болмайтынын айтты. Ал Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов күні кеше ғана өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа оқу жылында баласы үшін мектеп формасын 36 000 теңгеге сатып алғанын жариялады.

Сондай-ақ, заңгер бұрынғы және қазіргі Сауда министрлерінің де қантқа қатысты жауаптарын сынға алды. Бұған дейін Бақыт Сұлтанов қантпен емес балмен, ал су жаңа министр Серік Жұманғарин тосаппен шай ішетінін айтқан еді.

«Менің ойымша, мұнда үлкен логикалық қателік бар. Министрлер мен әкімдер «мені жайыма қалдырыңдар, менің де жағдайым мәз емес» дегенге келтіреді. Ал, біз олардан «менің жағдайым жаман емес және сіздер де солай өмір сүрулеріңіз үшін бәрін жасаймын» дегенді естігіміз келеді. Мен неліктен мұны қателік дедім? Себебі «менің де жағдайым мәз емес» деген позицияның болашағы жоқ. Бұл ретте даму болмайды. Мұндай ұстаным «біз бәріміз бірдей нашар өмір сүруге келісеміз, министрлер де, әкімдер де, басқалар да» дегенді білдіреді. Шындап келгенде, мектепке арналған жақсы киім мен аяқ киімнің құны 36 000 теңге болмайды. Мен оны жақсы білемін. Егер балаға 36 000 теңгеге киім сатып алатын болсақ, оның сапасы бір айдан кейін-ақ сыр береді. Оқу-ағарту министрі мұндай сандарды айтқан кезде, ол қазақстандық балалар үшін қандай да бір стандартты соманы белгілейді және бұл стандарт деңгейді төмендетеді.

Елдегі ең ірі қаланың әкімі үйінде жарық күніне бірнеше рет сөніп қалатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл қалыпты жағдай және қала тұрғындары оған үйренуі тиіс. Бірақ бұл дағдыға айналмауы керек. Айтпақшы, мұндай әкімнің іскерлік қабілеті бірден сұрақ туғызады, ол үлкен қаланың олқылықтарын реттеуі керек, алайда оны өз үйінде де жасай алмай отыр», - делінген заңгердің жазбасында.

Ержан Есімханов министрлер мен әкімдердің мұндай жасанды әрекеттерін жалпақ жұртқа жариялаудың маңыздылығы жоқ екенін айтады. Оның орнына қант мәселесі қалай шешілетіні және баланы мектепке жақсы киіндіру үшін қандай шаралар жасалып жатқаны әлдеқайда маңызды.

«Кедейлік мысал бола алмайды. Қарапайымдылық бәлкім болатын шығар. Бірақ бұл екі ұғымды шатастырудың қажеті жоқ. Қазақстандықтарға «шенеуніктердің нашар өмір сүруі» керек емес. Кедейліктің кейпін көрсетудің қажеті жоқ. Жарықтың өшіп қалуына көніп, балаларды арзан киіммен киіндіруден аулақ болу керек. Шенеуніктердің де жақсы өмір сүруге толық құқығы бар. Бірақ сіздердің (министрлер мен әкімдер – авт.) өмір сүру стандарттарыңыз барлық қазақстандықтарға қолданылуы тиіс», - делінген автордың жазбасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.