Лаңкестер полицияға қарсы теракт жасамақ болған - ҰҚК
Жақында ҰҚК терроризм күдігі бойынша 5 адамды ұстады

Ұлттық комитет төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков БАҚ өкілдеріне экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша 2019 жылы қандай шаралар атқарылғанына тоқталды.
«Былтыр қаңтарда Алматыда террорлық әрекет жасауға оқталған үлкен топты ұстадық. Олар жетеу болды. Содан кейін Қазақстан азаматы құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарсы күш көрсету, зорлау акциясын өткізбек болған. Ол да Алматы қаласында. Теракт жасауға әрекеттенген тағы бір жағдай Қарағандыда тіркелді», - деді Н.Білісбеков.
2019 жылы Қазақстанда үш террористік актінің жолы кесілгені жайлы бұған дейін ҰҚК-ның антитеррористік орталық штабы басшысының бірінші орынбасары Сергей Швейкин де хабарлаған. Оның айтуынша, радикалдар екі терактіні Алматыда іске асыруды көздесе, біреуін Қарағанды облысында жасамақ болған. Сондай-ақ олар құқық қорғау органдарының ғимаратына, ірі сауда орталықтарына, мәдени нысандарға, қаржы мекемелеріне жоспарлы шабуылдар жасамақ болған.
Бұған дейін ҰҚК 2019 жылы теракт жасамақ болған 7 радикалды топтың қылмыстық әрекетіне тосқауыл жасағанын және 34 азаматтың радикалды әрекетін әшкерелегенін хабарлаған.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 27 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды және Тараз қалаларында деструктивті діни ағым жетегінде жүрген 5 адамды терроризм күдігі бойынша ұстап, сот санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан