Соңғы екі жылда энергетика және ТҮКШ саласындағы жемқорлық бойынша 78 тұлға сотталған
2019 жылы энергетика және ТҮКШ саласында жемқорлық бойынша 104 қылмыстық іс тіркелген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жемқорлық фактілері туралы айтты.
«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы осы салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты 104 қылмыстық іс тіркеліп, оның 49-ы сотқа жолданды. 20-дан астам лауазымды тұлға сотталды», - деп хабарлады Данияр Бигайдаров.
Аталмыш саладағы жемқорлық бойынша мемлекетке 2,5 млрд теңгеден астам залал келтіріліп, ол 100 пайызға жуық өтелген. Бірқатар қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Жиі жасалатын қылмыс түрлері - парақорлық, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану және жұмыс актілеріне заңсыз қол қою.
Жалпы алғанда, 2017-2019 жылдар аралығында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында сотқа дейінгі 300-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Оның 288-і тергеумен аяқталып, 92%-ы сотқа жолданды және 78 тұлға сотталған.