Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарында әлі 114 қазақстандық бала бар
Олардың басым бөлігі Сирияда
Бүгін Сенат отырысынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков журналистерге Таяу шығыстағы қазақстандықтарды елге қайтару жұмыстары туралы айтып берді.
«Қазір қақтығыс аймақтарында 114 бала бар. Көбі Сирияда. Сонымен бірге, 36 еркек, 80-ге жуық әйел Сирия, Ауғанстан, Ирак мемлекеттерінде. Бұл өте үлкен жұмыс. Көп дайындық керек. Табу керек. Біз, әрине барлық азаматтарымызды қайтарып алуға тырысамыз», - деді ол.
Білісбековтің сөзінше, былтыр «Жусан» операциясы нәтижесінде елге келгендердің 41-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Азаматтықтан айыру туралы заң нормасы болса да, оны әлі ешкімге қолданбаған.
«Біз сотталғандармен жұмыс істеуді одан әлі де жалғастыра береміз. Нәтиже де жоқ емес. Радикалды көзқарастан айнымай отырғандар да бар. Тіпті, олар түрмеден шығып, азаматтық өмірге араласқан күннің өзінде пробациялық бақылауда болады», - деді сотталғандарға қатысты ҰҚК төрағасы орынбасары.
Ол азаматтарды қақтығыс аймақтарынан әкелу өте қымбатқа түсіп жатқанын да жасырмады.
«Жеткізу шығынынан бөлек, радикалсыздандыру, әлеуметке бейімдеу мәселелерінің бәрі шығыны көп жұмыстар. Бірақ ақталатын іс. Себебі, мұның біріншіден, біздің азаматтық борышымыз екенін түсінуіміз керек», - деп айтты ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан