$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.02.2020, 17:22
Қоғам

Инста-лотерея: кім, қалай және қашан жазаланады

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова лотереяға қатысты жаңа өзгерістерді жария етті

Инста-лотерея: кім, қалай және қашан жазаланады

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасын екінші оқылымға дейін жан-жақты жетілдіріп, тіпті заңсыз лотерея ойнатқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Лотерея ойнататын адамның сипаты қандай?

«Лотереялар және лотерея  қызметі туралы» қазіргі қолданыстағы заң 2016 жылғы 9 сәуірде қабылданған болатын. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова дәл қазір осы заңға енбей қалған бірқатар проблемалар пайда болып отыр дейді.

«Бүгінгі уақытта заңнама деңгейінде өз шешімін қажет ететін біраз мәселелер анықталды.

Заң жобасымен келесі нормативтік актілерге түзетулер мен толықтырулар енгізіледі:

Бірінші, «Азаматтық» кодекске;

Екінші, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске

Үшінші, «Жарнама туралы» заңға, 

Төртінші, «Лотереялар және лотерея қызметі» туралы заңға. Заң жобасының мақсаты лотереялық қызметті жүзеге асырудың жаңа ұстанымдарын одан әрі нығайту», - деді депутаттар алдында заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған ол.

«Лотерея қызметі туралы шағын түсініктеме бергім келеді. Лотереяда – лотерея операторы лотерея қатысушыларының енгізген ақшасын жинайды және кейіннен оларды осы қатысушылардың арасында таратып береді: барлығына емес, сәттілік түскендерге кепілдік береді.

Енді кез келген ойынды лотереяға жатқызудың шарты ретінде заң жобасы арқылы лотерея өткізу үшін, белгілі бір мөлшерде ақша, қаражат жинаған адам лотерея операторы немесе лотерея таратушысы болып саналады. Бірыңғай лотерея операторынан лицензия алмай, осындай лотерея өткізіп, пайда тапса, заң бұзу болып саналады», - деді заң жобасын таныстырған министр.

Яғни, кез келген тәсіл арқылы (кітап сату, билет сату, бұйым сатып, кезекті нөмір беру - авт) адамдардан ақша жинап, дүниені ұтысқа тігу  – бұл автоматты түрде лотерея саналады. Егер, мүлде ештеме сатпай, яғни, халықтан ақша жинамай, өзінің қымбат мүлігін ойынға шығарса, ол – ұтыс.

Әлеуметтік желіде кітабын, не билет сатып, ұтыс ойнататындар міндетті түрде ұлттық оператор «Сәтті жұлдыз» АҚ-дан лицензия алу керек.

Осы «Сәтті жұлдыз» АҚ президенті Александр Тен болса «әлеуметтік желіде тіпті, посттың астындағы комментарийге «стоп» басып, жеңімпаз анықтаудың астарында жасырын лотерея жатыр» дейді.

«Бұл, яғни, инстаграмм арқылы ұтыс ойнату өте маңызды проблема. Мұның барлығы сөзсіз лотереяға жатады. Біздің санауымыз бойынша, ай сайын Қазақстанда оншақты автокөлік ойнатылады екен. Бұл – таза лотерея. Мәселе – олардың рұқсат қағазымен жұмыс істеуіне қол жеткізу. Мәселен, Еуропа мен АҚШ-тағыдай.  Ол жақта лицензиясы бар адамдар ғана ұтыс ойната алады, қалғанының бәрі заңсыз», - дейді Александр Тен.

«Бір ай емес, бір жылда әрең сатасың»

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де осы пікірде.

«...Бұрынғы заманның диқаншыларының есінде шығар, егін орып болған соң, шаруа қожалынығың жетекшісі шаруалардың арасында «приз» тарататын. Ал қазір басқа амал ойлап тапқан: ескі автокөлікті алып, ойнатады. Оны базарға алып барсаң, бір ай емес, бір жыл сатасың. Ал оның жарасы қазір жеңілдеді, жасырын түрде лотерея ойнатады, ал мына норма жылына бір рет ойнатып тұруға мүмкіндік беріп тұр, өйткені, тек ескертумен құтылады», - дейді Нұрлан Нығматулин.

Заңсыз лотерея ойнатқандарға қылмыстық жаза кесу ұсынылды

Мәжіліс төрағасының айтып отырғаны – осы жаңа заң жобасы арқылы «кімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 445-бабындағы төртінші бапты бірінші және екінші пунктпен толықтырып, әкімшілік айыппұл салу ұсынылды.

«Осыған дейін әкімшілік немесе басқа да жауапкершілік көзделмеген еді. Енді оларға әкімшілік айыппұл салынады: Егер, лотерея операторы болып табылмайтын адам лотерея өткізсе, бірінші рет ескерту жасалады. Ал, бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лотерея ойнатса, оған әкімшілік айыппұл салынады.

Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субьектілер мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін 700 АЕК, орта бизнес үшін – 1000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2000 АЕК. Міне, осындай жауапкершілік жүктелегі отырмыз», – деді депутаттардың сұрағына жауап берген Ақтоты Райымқұлова.

Мәжіліс төрағасы бұл ұсыныспен, дәлірек айтсақ, бірінші рет ескерту жасап, бір жыл ішінде тағы да ойын өткізбесе, оған ешқандай шара қолданбайды деген өзгеріспен келіспеді.

«Жаңа депутаттардың бірі айтты ғой, ұсталған автокөлікті ұтысқа қойып, ойнату – формасы жағынан да, мәні бойынша да лотерея болып отыр. Егер осы норманы заң жобасына заң бұзу деп енгізсек, өйткені, министр айтқандай, бұндай ұтысты тек оператор өткізе алады, ол жағын түсіндік.  

Бірақ, маған мына мәселе түсініксіз: біз заң бұзған адамдарды неге тек ескертумен бостауымыз керек? Түсінемін, гуманизация бағытында да жүрген дұрыс. Бірақ, олар бір жыл ішінде тағы қайталамасын деп, күтуіміз керек. Сондықтан, екінші оқылымға дейін оларды жазалауды күшейтуді ақылдасайық. Егер заң жобасы қабылданып, осы норма заң бұзу болып саналса, оны ескерту беріп босату - менің ойымша қажеті жоқ», - деді Нұрлан Нығматулин.

Заңсыз лотереяның астарында заңсыз кәсіпкерлік жатыр

Ал, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, дәл осы заң жобасында заң бұзған азаматтарды әкімшілік кодекстің 445 бабы емес, Қылмыстық кодекстің 153 бабы – заңсыз кәсіпкерлікпен жазаға тартуға болады.

«Бұл жерде лотерея ойнатқан адам – субьект болып отыр. Яғни, (әкімшілік кодекстің - авт) 445 бабы емес, Қылмыстық кодекстің 153-бабы – пайда таба отырып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналасу бабы бар. Осы баппен басқа нормада басқа жазаға тартылатды. Бұл жерде субьект – оператор», - дейді Марат Ахметжанов.

Нығматулиннің ұсынысына байланысты, депутаттар мен министрлік өкілдері заңгерлерді тарта отырып, екінші оқылымға дейін осы норманы пысықтауға келісті. 

Бұдан өзге, Нығматулин екінші оқылымға дейін заң бұзған азаматтарға протокол толтыратын ведомство кім болатынын анықтап алуды тапсырды.

«Өйткені, бұл функцияны коммерциялық ұйым болған соң, «Сәтті жұлдызға» тапсыруға болмайды. Ал, Мәдениет және спорт министрлігінің аймақтық департаменттері жоқ. Сондықтан, әкімшілік протоколды кім толтыратынын анықтап алу керек», - деді Нығматулин. 

«Лотерея» сөзін абайлап қолдану ұсынылды

Заң жобасын бұл тұсы ескерілмей қалғанын мойындаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жобада тағы бір маңызды өзгеріс бар екенін айтты: енді лотерея сөзін лотерея операты емес кез келген тұлғаға пайдалануға тыйым салынады.

«Қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея қызметін жүзеге асыруына тыйым салу бөлігінде лотерея және лотерея қызметі туралы ҚР заңының ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін нормалар жоқ.

Лотереялық қызметтің атын жамылып, алаяқтық  қызмет асырудан, сондай ақ жарнамада жалған лотереялық ақпарат таратудан ҚР азаматтары қорғаусыз болып отыр. Осыған орай, лотерея операторынан басқа адамдарға жарнамада лотерея сөзін қолдануға тыйым салу енгізіліп отыр», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

 

Серіктес жаңалықтары