«Егіздерімнің зорлық көргенін суреттерінен білдім»: Атырау тұрғыны экс-күйеуіне қатысты істің ұзақ тергеліп жатқанына наразы

Оның айтуынша, қолында барлық дәлелі бар болса да іс ұзаққа созылып кеткен

«Егіздерімнің зорлық көргенін суреттерінен білдім»: Атырау тұрғыны экс-күйеуіне қатысты істің ұзақ тергеліп жатқанына наразы
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Атырау тұрғыны Ғалия Есжанова (балаларының қауіпсіздігі үшін бүркеншік есімді ұсынды –автор) бұрынғы күйеуі олардың егіз баласын екі жарым жасынан бастап зорлағанын айтты. Қазір ашынған ана әділдік іздейді. Себебі бұл іс ұзақ уақыт бойы тергеліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл сұмдық шындықты оған балалардың өздері айтқан, сондай-ақ проктолог дәрігердің қорытындысы да бар. Алайда күдікті әлі күнге дейін бостандықта, полиция оған қатысты қылмыстық істі алты рет тоқтатқан.

«Біз алғаш танысқанда ол өзі туралы «ішпеймін, шекпеймін, спортшымын» деп айтты. Сұрамасам да өзі солай айта берді. Үш жыл кездескен уақыт ішінде айтарлықтай агрессия байқатпады, кейде ғана білініп қалатын. Бірақ кейін оның сол ашу-ызасын өзімнен көре бастадым. «Ересек, жаман әдеттері жоқ адам болса, демек мәселе менде шығар» деп ойлайтынмын. Ол кінәні маған аударып, соған сендіре де алатын. Балалар тоғыз айлық болған кезде ғана оның есірткі қолданатынын білдім. Ал балалар екі-екі жарым жасқа толғанда, оның ойынқұмар екенін де анықтадым», - дейді Ғалия Есжанова.

Оның айтуынша, алғашында олардың отбасылық өмірі бірқалыпты, көпшілікке тән жағдаймен өрбіген.Әкесі жұмыс істеп, анасы балаларды бағып, үйде отырған. Егіздер дүниеге келгеннен кейін Ғалия бар уақытын соларға арнап, олардың күтімімен айналысты.

«Балаларым екі жасқа толған кезде күйеуім менің  жұмысқа шыққанынымды жөн көретінін айта бастады. Ол балаларды өзі қарай алатынын, қазіргі заманда ер азаматтардың да декреттік демалысқа шығуы қалыпты құбылыс екенін алға тартты. Осылайша, отбасы ішіндегі рөлдерді уақытша ауыстыруды ұсынады. Мен 2022 жылдың 15 желтоқсанында жұмысқа шықтым. Бұл уақытта балалар балабақшаға да барып жүрген еді, сондықтан күндізгі уақыттың бір бөлігін сонда өткізетін. Бірақ негізгі жауапкершілік әкесінің мойнында болды», - дейді ол.

Ғалия Есжанованың айтуынша, бұл жайт туралы алғаш болып балаларының өзі айта бастаған.

«Олар «папа кака», «папада бөкей бар» деп, көргендерін сөзбен де, суретпен де жеткізді. Мұндайды кішкентай баланың айтуы мен бейнелеуі мені қатты шошытты. Содан бері біздің өміріміз мүлде өзгерді. Үшеуміз де түн ұйқымыздан айырылдық: балалар жылайды, мен олармен бірге жылаймын. Жүрегіміз тынышталмай, қорқыныштан арыла алмадық. Не болып жатқанын түсінбей, балаларды қорғаудың жолын іздеп, күні-түні қастарынан шықпай, жанында болуға тырыстым. Балалардың айтқандары негізінде тиісті органдарға арыздандым. Алайда түсініксіз жағдай қалыптасты, іс бойынша дәлелдер көбейген сайын, жаңа айғақтар табылған сайын, керісінше «дәлел жеткіліксіз» деген сылтаумен істі жоққа шығара береді. Қылмыстық іс 6 рет тоқтады», - дейді ол.

Ғалияның айтуынша, іс әуел бастан-ақ күмәнді түрде тергелген. Оның айтуынша, күдіктінің туысы Атыраудағы судья болғаннан кейін іс жылдам тергелмей отыр. Іс бойынша он сот-медициналық сараптама өткен. Бірақ олардың көпшілігін проктолог емес, хирургтар жасаған. Адвокаттардың айтуынша, бұл әрекет ақыры істің созылып, дәлел таптырмауға әкеп соқтырған. 

Тек 2024 жылдың қарашасында проктолог толық тексеру жүргізіп, зорлау фактісін нақты көрсеткен. Проктологтың қорытындысы мен бейнежазбалар іс материалдарының тізімінен жоғалып кеткен. Психологтың қорытындысы да тізімге енбеген.

Балалардың салған суреттерінде ер адамның жыныс мүшесі бейнеленген, олар зорлықты ойын және сурет арқылы көрсеткен. Психологтар да бұл суреттердің мағынасын түсіндіргенде психикаларына зақым келгенін растаған.

«Бірден көзге түсетін нәрсе фалликалық элементтер, яғни ер адамның жыныс мүшесіне ұқсас бейнелер анық көрінеді. Тіпті алғашқы суреттердің бірінде контрацепция құралына ұқсас деталь байқалады. Жалпы, суреттерден өте жоғары деңгейдегі мазасыздық пен ішкі күйзеліс сезіледі. Өкінішке қарай, қайсысы қыз, қайсысы ұл екенін нақты ажырату қиын, бірақ бұл жерде оның аса маңызы да жоқ, балалардың салғандары аралас, ортақ психологиялық жағдайды көрсетеді. Ең бастысы, олардың бойында айқын шекаралардың бұзылғаны байқалады. Соңғы суреттерде ерекше бір тұйықтық, оқшаулану сезімі бар. Балалар өздерін сыртқы әлемнен бөлінгендей сезінеді, үнсіз қалуға, төзуге мәжбүр болғандай әсер қалдырады. Қорқыныш айқын байқалып тұр. Көздері мен дене пішіні салынғанымен, ауыз, қол, аяқ секілді маңызды бөліктер жоқ. Бұл өз ойын жеткізе алмау, қорғансыздық пен қорқыныштың белгісі. Жалпы алғанда, бұл суреттер кішкентай баланың өз бетінше ойлап табуы қиын дүниелерді бейнелейді. Яғни бала мұндай нәрсені көрмейінше, оны дәл осылай салып көрсете алмайды», - деген сараптама жасаған психолог.

Күдікті тек 2024 жылы ресми түрде танылған. Бірақ содан бері іс алты рет тоқтаған. Соңғы рет 2025 жылдың қарашасында жабылған.

2025 жылдың 30 желтоқсанында прокуратура істі қайта жандандырған. Қазір екі балаға 14 сараптамадан тағайындалған. Алайда Ғалия Есжанова жергілікті құқық қорғау органдарына сенбейтінін айтып, істі Ішкі істер министрлігіне беруді сұрап отыр.

Осыған дейін Атырау облыстық полиция департаменті қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған.

«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалды, қазір комиссиялық сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Оның нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Редакция бұл мәселе жайлы облыстық полиция департаменті мен прокуратураға ресми сауал жолдайды.