Ухань қаласындағы Қазақстанның 8 азаматы Ресей мен Өзбекстанға эвакуацияланды
Олардың бесеуі Ташкент қаласында, қалған үшеуі Түмен қаласында
Қазақстандық тараптың өтініші бойынша бүгін түнде Қытайдың Ухань қаласынан Ресей мен Өзбекстанның арнайы борттарымен қазақстандық 8 азамат қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бес азаматымыз Ташкент қаласында екі апталық дәрігерлердің бақылауында болады, ал қалған үшеуі Түмен қаласында. Сондай-ақ, эвакуацияланғандар арасында осыған дейін дене қызуына байланысты ҚХР эпидемиологиялық қызметі шығуға рұқсат етпеген Янцзы университетінің 1 курс студенті бар. Отырғызу алдында ҚР азаматтары қосымша медициналық тексеруден өтіп, олардың арасында дене қызуы немесе коронавирус белгілері бар адамдар анықталған жоқ», - делінген министрлік хабарламасында.
Еске сала кетейік, 3 ақпан күні Қазақстан Ухань қаласынан 83 азаматын, соның ішінде 80 студентті эвауациялады. Кене Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов эвакуацияланған студенттердің барлығы Нұр-Сұлтандағы инфекциялармен күресетін ауруханаға жатқызылғанын, олардың ешқайсынан коронавирус белгілері табылмағанын мәлімдеді.