Алматы облысында қираған газ құбырын қалпына келтіру үшін тағы да тендер ойнатылады
Жергілікті билік проблеманы инвесторлар арқылы шешеміз деп сендіріп отыр
Алматы облысында мемлекеттің жарты миллиард теңгеге жуық қаражатына тартылған газ құбырын қалпына келтіру үшін тағы тендер ойнатылады. Алайда, конкурс жақын арада жарияланбайтын секілді. Өйткені, қажетті құжаттық рәсімдер әлі толық аяқталмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, құқық белгілейтін құжаттардың бәрі ағымдағы жылдың ақпан айының соңына қарай дайындалады. Ұзақ жылдан бері қараусыз қалған нысанды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне беру бойынша жұмыс та биыл жүргізіледі екен.
«2018 жылы Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы құқық белгілейтін құжаттарды дайындау жұмыстарын бастады. Аудан әкімдігі тұрақты пайдалану құқығын беру бойынша Қаулы шығарды. Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін осы нысан сенімгерлік басқаруға берілетін болады. Тендер ұтып алған инвестициялық компания инвестициялық жоспарды құрайды, соның негізінде осы газ құбырын пайдалану және қалпына келтіру жүзеге асырылады», - делінген әкімдіктің жауабында.
Оқи отырыңыз: «Желге ұшқан жарты миллиард»: Алматы облысында тартылған газ құбыры қирап жатыр
Осы күнге дейін Басқарма «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Алматы облысы бойынша филиалымен Мемлекеттік сатып алу порталында жер пайдаланушының мемлекеттік актісін және осы объектінің техникалық паспортын төлеу және дайындау бойынша шарт жасасқан. Инвестициялық компаниямен сенімгерлік басқару шартына қол қойылғаннан кейін ғана газ жіберіліп, абоненттерді көгілдір отынға қосу жұмыстары басталады.
«Алматы облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы құны 470,5 млн теңге «Алматы облысы Жамбыл ауданының Қызылсоқ кірпіш зауытынан Қазыбек бек станциясына дейінгі жоғары қысымды жерасты газ құбырын және орташа қысымды жерүсті газ құбырын салу» объектісі 2014 жылы салынған. Ол қазір басқарма балансында тұр. Бас мердігер «Алматыгазмонтаж» АҚ. Газ құбырының жалпы ұзындығы 45,5 км, оның ішінде жоғары қысымды жерасты газ құбыры 9,8 км, орта қысымды жерүсті газ құбыры 35,7 км», - деп анықтама берген облыс әкімдігі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы