Еден жуу бала еңбегін қанау ма: министр Назарбаеваға жауап берді
Жыл соңына дейін еріктілер туралы заң жобасы қабылдануы мүмкін
Бүгін Парламент Сенаты жанындағы Жастар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Онда мектеп жасындағы балаларды алдағы уақытта еріктілер қатарына тартып, жұмыс істетуге қатысты сөз қозғалды. Осы ретте, Сенат спикері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен, мектепте оқушыларына еден жуғызу қаншалықты заңды екенін сұрады.
Дариға Назарбаева өзі оқушы болған кезде кезекшілер еден жуып, тақта сүртіп, сыныпты жинайтынын мысалға келтіре келе, қазіргі таңда бұл жұмыс бала еңбегін қанауға жататын-жатпайтынын білгісі келді.
«Егер, біз үйде балаларымызға өзінің бөлмесін күштеп жинататын болсақ, бұл да бала еңбегін қанауға жата ма? Кей жағдайда ата-аналар баласына үй жинату үшін күш қолданатыны жасырын емес қой. Мұндай жағдайлар бар», - деді Дариға Назарбаева.
Біржан Нұрымбетов спикердің сұрағына сәл мүдіріп, қысқа қайырды.
«Заңдық тұрғыдан мектептерде оқушыларға еден жуғызу бала еңбегін қанауға жатады», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Алайда, министрдің жауабына Назарбаеваның көңілі толмады. Сенат төрағасы жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастырғымыз келсе, бұл мәселеге басқа жағынан қарау керектігін айтты.
«Меніңше, бұл мәселені қайта қарау керек. Мектеп қанша қаржыны үнемдер еді. Оқушылардың саналы түрде мектеп тазалығына үлес қосқанынан қандай қылмыс іздеуге болады? Оның үстіне балалар бір-бірімен араласып, сыныптастарды жақындастыра түседі деп ойлаймын», - деді Сенат төрағасы.
Сенат спикері «бала еңбегі» мәселесін қоғам талқылауына салып, егжей-тегжейлі қарастыруды ұсынды.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан