Семейде құтқарушылар жедел жәрдем көлігін балшықтан шығарып алды

Дәрігерлер науқасты ауруханаға жеткізбек болған

Семейде құтқарушылар жедел жәрдем көлігін балшықтан шығарып алды
Фото: ТЖМ

Семей қаласының маңындағы Восточный кентінде науқас тасымалдап бара жатқан жедел жәрдем көлігі батпаққа батып, жолда қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Семей қаласына қарасты Восточный кентінде болған. Жедел жәрдем қызметкерлері шақыртудан кейін науқасты ауруханаға жеткізбек болғанда, көлік балшыққа тұрып қалып, қозғала алмай қалған. Көлік ішінде дәрігерлермен бірге көмекке мұқтаж адам да болған.

«Оқиға орнына ТЖМ күштері шұғыл жетті. Арнайы техниканың көмегімен құтқарушылар батпаққа батқан жедел жәрдем көлігін сүйреп, жолдың тегіс бөлігіне шығарды», — деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында дәрігерлер уақыт жоғалтпай, белгіленген бағыт бойынша қозғалысын жалғастырды. Науқастың өміріне қауіп төнген жоқ.