Бурабайда таудан түсе алмай қалған турист құтқарылды
Әйел тауға шығып бара жатқанда аяғын жарақаттап алған
Бурабай ауданының Рассыпуха тауында кезекті құтқару операциясы өтті. 1981 жылы туған әйел адам тауға шығу кезінде аяғын жарақаттап, өз бетінше төмен түсе алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көмек туралы хабарлама түскен бойда оқиға орнына жедел топ аттанған. Тау рельефінің күрделілігіне байланысты арнайы техниканы қолдану мүмкін болмады.
Құтқарушылар зардап шеккен әйелді таудың биік нүктесінен төменге дейін жаяу, қолмен көтеріп түсірген. Тау етегінде турист жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты.
Мамандар тауға шығуды жоспарлаған азаматтарға мынадай қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді:
1. Тауда тайғанамайтын, табанды бекітетін арнайы спорттық аяқ киім немесе бәтіңке кию керек.
2. Телефон қуатын толық толтырып, қосымша қуаттағыш (Power bank) алған абзал.
«Тауға аттанғанда өз күшіңізді дұрыс бағалау – басты талап», – дейді мекеме өкілдері.