$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.02.2020, 17:26
Қоғам

Әбішев ісі: адвокаттар жемқорлықпен күрес агенттігін арандатушы деп мәлімдеді

Ислам Әбішев бір жылға жуық абақтыда отыр 

Әбішев ісі: адвокаттар жемқорлықпен күрес агенттігін арандатушы деп мәлімдеді

Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің адвокаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әрекеттерін арандату деп бағалайды. Мұның себебін түсіндіру үшін, бүгін олар журналистерге арнап баспасөз конференциясын өткізді.

Еске салсақ, былтыр 16 наурызда Ислам Әбішев пен «Қазақ күресі дүниежүзілік федерациясы» халықаралық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Серік Түкеев мердігер компаниядан 60 млн теңге пара алуға оқталған деген күдікпен уақытша қамауға алынған. Ал 16 қыркүйекте Бас прокуратура аталған фактіні растап, іс сотқа жолданды. И. Әбішев әлі тергеу изоляторында отыр. Сот үкімі шыққан жоқ.

Күдіктілердің адвокаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі И.Әбішевтің туыстарына, судьяларға және қорғаушылардың өздеріне қысым көрсетіп, сот нәтижесіне әсер еткісі келетінін айтты. Адвокат Абзал Құспан Әбішевтің туыстары істі өз пайдаларына шешу үшін Бас прокуратураға пара берді деген күдікке ілінгенін де алға тартты.

«2019 жылдың 29 маусымында Ислам Әбішевтің туыстарының үстінен бұлар осы істі шешу үшін аса ірі көлемде пара беруге оқталды деген айыппен қылмыстық іс қозғаған. Бірақ ол туралы біз 10 қыркүйекте ғана білдік. Қылмыстық іс бас прокуратураға түсіп жатқан кезде бүкіл туысқандырының үйлерінде тінту жүргізген. Бірақ ешқандай пара сомасын таппады. Одан кейін, күні кеше судья қылмыстық істі аяқтап, сот үкімін шығарар кезде судьяларға пара бермек болды деп істі қайта жандандырды», - деді А.Құспан

Адвокаттар да күдіктілер қатарында.

«Күдіктілердің ішінде біз де бармыз, себебі адвокаттардың әңгімелерін жазып алған. Бұл осы іс арқылы Ислам Әбішке және оның туыстарына, аталған іспен айналысып жатқан сот органдарына жасалған қысымның бір түрі. Себебі, олар бұл сотттың болашағы жоғын біліп отыр.

Егер, тергеу органдарының пара беруге оқталды деген дәлелдері болса, 25 маусымнан бері біздің әңгімеміздің жазылып алынған стенограммасын ұсынып, бізден жауап алуы керек еді. Біз деп отырғандарымның ішінде туыстары мен И.Әбішевтің өзі де бар. Адвокаттардың әңгімесін жазып алу заңсыз.

Қылмыстық кодексте күдіктінің өзінің қорғауындағы адамдармен құпия түрде сөйлесуге мүмкіндігі бар. Ұлттық бюро қызметкерлері тікелей процеске араласып, сотқа кедергі келтіруде», - дейді ол бұған қатысты.

Қазіргі уақытта Әбішев және Түкеев ісімен 5 адвокат айналысып жатыр. Соның бірі – Мақыш Есқараев оқиғаға куәгер болған да сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өз адамдары деп есептейді.

«Аталған істе делдал рөлінде болып, іс туралы органға хабарлаған А.Шаймерденов бұрын қаржы полициясында жұмыс істеген. Жұмыстан жағымсыз себептер бойынша шығарылған. Екі ауыр қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілініп, сыртқа шықпау туралы келісімге қол қойған. 

Қазір ІІМ, ҰҚҚ-на, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне арнайы құрылғылар жеткізетін компаниясы бар. Сондықтан ол әрқашан құқық органдарымен байланыста. Осының бәрін ескере отырып, Шаймерденовтің Әбішевтің ісінде тікелей мүддесі бар дей аламыз. Ал екінші куәгер Асылжан Жампозовқа агенттік қысым көрсетіп, дәлел келтіруге мәжбүрлеген. Оны Whatsapp мессенджеріндегі жазбалары көрсетіп отыр», - деді адвокат.

Мердігер компания өкілінің пара бергені жоққа шығарылғандықтан, адвокаттар істі тоқтату керек деп есептейді.

«Жемқорлық оқиғасында пара алушы мен пара беруші болу керек. Кейде олардың арасында делдал болады. Ал «Қазбайлық Астана» ЖШС басшысы А.Төлегенов пара бергенін жоққа шығарды. Сонда 60 млн теңге қайдан шықты? Яғни, бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өз ақшасы. Мердігер компанияның пара бермей қоймайтынын білген олар бюджет қаржысын пара ретінде пайдаланды. Сондықтан , мұны арандату деп есептейміз. И.Әбішевтің де пара алуға келіскеніне де еш жерде дәлел жоқ»,  - дейді Мақыш Есқараев.

«Azattyq Ruhy» қорғаушылардың мәлімдемелері бойынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінен пікір сұрады. Мекеме әзірге жауап бермейтіндерін мәлімдеді

Ертең Нұр-Сұлтан қаласында Әбішев ісіне қатысты сот процесі өтеді. Онда аудио, видеожазба жасауға тыйым салынған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

 

Серіктес жаңалықтары