Алматы тұрғыны «сары нөмірді» алғашқылардың бірі болып алды
ХҚКО-на 40 адам кеңес алуға келіп, 1-ақ адам нөмірін тіркеткен

Алматы тұрғыны «сары нөмірдің» алғашқы иегері атанды деп хабалайды Azattyq Rýhy тілшісі. Алматы қалалық ПД ӘПБ мәліметінше, қала тұрғыны Ресей Федерациясынан Қазақстанға әкелген автокөлігін республика аясында алғашқылардың бірі болып тіркеген. Саялы ықшамауданындағы №1 мамандандырылған ХҚКО-да берілген. Қазақстан аумағында бір жыл жүруге рұқсат беретін «сары нөмірді» «Рено» маркалы көлігіне 37 жастағы Владимир Баев алған.
«Жалпы, барлық іс-шаралар тез жүзеге асырылып, оның нәтижелері бойынша автокөлік жүргізушісіне жаңа үлгідегі сары түсті мемлекеттік тіркеу нөмірі берілді», - деп хабарлады Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұратәлиев.
Владимир Баев орталықтың демалыс күндері жұмыс істейтінін пайдаланып, ақпарат алуға келген. Содан соң, көлігін ресми түрде рәсімдеуге шешім қабылдапты.
«Бұл процесс көп уақытты қажет етпеді. Мамандар маған толық ақпарат берді. Енді еліміздің заңына сәйкес көлігімді тіркегендіктен алаңсыз жүре аламын. Мен басқа көлік жүргізушілеріне көліктерін тіркеуге кеңес берер едім», - деді Владимир Баев.
Демалыс күндері ХҚКО-ға кеңес алуға 40 адам жүгінгенімен, тек бір адам көлігін тіркетуге шешім қабылдаған. Жүргізушілер шешім қабылдаса автокөлікті бір жылға тіркеп қоя алады. Еске салайық, 2020 жылдың 1-наурызына дейін, ЕАЭО-қа мүше елдерден әкелінген көліктер тіркелуі тиіс.
«ЕАЭО-қа мүше елдерден көлік әкелген азаматтар үш ведмство, яғни Қаржы министрлі, ІІМ мен Азаматтарға арналған үкіметтің мамандарынан кеңес алуы керек. Шетелдік автокөліктерді тіркеу үшін ХҚКО ақпан айының 29-на дейін демалыссыз жұмыс істейді. Машиналарын уақытша тіркеуге қойғысы келетін тұрғындарға Алматы қаласы бойынша 6 орталық қызмет көрсетеді», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Алматы қалалық филиалының PR-менеджері Жаңыл Апетова.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы