ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 110 мыңнан асты

АӘК: министрлік жәрдемақы ең көп тағайындалған үш облысты атады

97,5 мың отбасы өтініш тапсырған, 46,8 мың отбасына мақұлданды 

Фото: ашық дерек көзінен

2020 жылғы 3 ақпандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш 97,5 мың отбасынан қабылданды, оның құрамына 504,3 мың адам кіреді, оның ішінде 323,4 мыңы бала бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.

«Өңірлер бойынша ең көп өтініштер Түркістан облысы – 20,3 мың отбасы, Шымкент қаласы – 14,5 мың отбасы, Алматы облысы – 9,9 мың отбасы, Жамбыл облысы – 8,2 мың отбасы, Қызылорда облысы – 7,4 мың отбасы қабылданды», - делінген хабарламада.

Өңірлерде 2,6 мыңнан астам учаскелік комиссия жұмыс істейді. Олар жүргізген зерттеу нәтижелерін ескере отырып, АӘК 46,8 мың отбасыға немесе 236,5 мың адамға тағайындалды. АӘК тағайындауға өтініш берген отбасылардың материалдық жағдайын тексеру жұмыстары жалғасуда.

«Өңірлерде  ең көп АӘК алғандар саны мынадай: Алматы облысы – 6617 отбасы, Шымкент қаласы – 5992 отбасы, Жамбыл облысы – 5427 отбасы, ШҚО – 4437 отбасы», - деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Осындай төлемді ағымдағы жылғы қаңтарда жалпы сомасы 17,7 млрд.теңгеге 367 мың отбасы алды.

«Бұдан басқа, АӘК алатын табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылатын болады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы кіреді. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді.

Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады», - деп мәлімдеді министрлік.

Жаңа тәсілдерге сәйкес ақшалай және заттай түрдегі әлеуметтік қолдау мөлшері табысы аз және балалар саны көп отбасылар үшін көбірек болады. Бұл ретте отбасының әрбір мүшесіне АӘК төлеу сомасы орташа есеппен 10 мың теңгені құрайды, ал табысы жоқ отбасыларда әлеуметтік көмек тағайындау үшін белгіленген критерийден толық көлемде – өңірлік күнкөріс деңгейінің 70%-ы. Осылайша, табысы аз отбасылар, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны есептемегенде, әр балаға орташа есеппен 20 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Оның 10 мыңға жуығы – АӘК-тің ақшалай төлемі, 10 мыңға жуығы – заттай түрдегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама.