$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бір жылда 344 мыңнан аса ит атылды: Қазақстандағы бұралқы иттер мәселесі, жаңа заң нормалары және бала өлімі

Адамға шабуыл жасаған иттердің жазалану мәселесін жергілікті атқарушы органдар қарастырады

Бір жылда 344 мыңнан аса ит атылды: Қазақстандағы бұралқы иттер мәселесі, жаңа заң нормалары және бала өлімі

Ақтөбеде қаңғыбас иттердің саны күрт көбейген. Салдарынан жуырда өңірде қайғылы оқиға болып, 12 жастағы баланы иттер талап өлтірді. Иттердің шабуылынан мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп барады. 2021 жылы көше иттері мәселесін шешу үшін мемлекеттен 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Иттердің шабуылынан қайғылы оқиғалардың жиілеуіне не түрткі болып отыр, бұл мәселені кешенді шешудің жолы қандай екенін Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрді.

Өткен апта Алматы облысы Тұздыбастау ауылында 7 жасар бүлдіршінді алабай ит талап тастаған. Ауыр жарақат алған балақайдың беті мен денесінің терісі сыпырылып кеткен. Әзірше бүлдіршін дәрігерлердің бақылауында.

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, ит иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. 

«Талғар ауданының полицейлері ҚР Қылмыстық кодексінің 144-бабының 3-бөлігі абайсызда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Іс жүзінде барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», - деді облыстық ДП ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Тұздыбасу ауылдық округінің әкімдігі кішкентай қыздың отбасына моральдық және материалдық көмек көрсетуге уәде берді.

БЮДЖЕТТЕН 1 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСА ҚАРАЖАТ БӨЛІНГЕН

Тек наурыз айының басында Қазақстанда көптен күткен зоотехниктер мен белсенділер жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Заң қабылдады. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 1 млрд 353 млн теңге жоспарланған, бірақ ол заң әлі толықтай жұмысын бастамады. Мұның себебі – заң қабылданды, ал жаңа ережелерді реттейтін нормативтік құқықтық актілер бекітілмеген.

«KARE-Забота» жануарларды қорғау Қоғамдық қорының президенті Юлия Каваленконың айтуынша, мұндай мәселелердің түпкі себебі әлдеқайда тереңде жатыр.

«Қазір бізде құқықтық вакуум пайда болды. Заң жұмыс істемейді (осы уақытқа дейін қабылданбаған ережелерге байланысты), бірақ бұл заңның негізгі баптары бар, ұсталған жануарларды жаппай жоюға тыйым салынады. Бұрын аулау ережелеріне қарамастан – алдымен аулау, содан кейін жою ережесі бар болса да, мемлекеттік ветеринарлық органдар көшеде жануарларды өлтіре беретін. Енді олар жануарға жаңа отбасы табуға немесе жоғалып кеткен жануарларды иелеріне қайтаруға басымдылық беретін болады», - деді белсенді.

Егер сіз жануарлардың агрессиясын қалай болдырмауға болатыны туралы ойланатын болсаңыз, онда болашақ ережелер стерилизация және вакцинацияланған ит немесе мысықты тіршілік ету ортасына қайта шығаруды қарастырады.

«Адамдар қаңғыбас ит-мысықтар шабуыл жасайды деп қорқады, бірақ 30 жыл бойы жануарларды ұстау жалғасып келе жатқанымен, олардың шабуылы әлі толастамады.

Мемлекет бүгінге дейін қала көшелерінде жануарлардың пайда болу себептерімен мүлдем күрескен емес. Негізгі себеп – адамдар. Заң және біздің барлық күш қазақстандықтардың үй жануарларын ұстауына қатысты жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Себебі қазір қаңғыбасқа айналған иттердің бір кездері қожайындары болған. Олар көшеде, аулада жайдан-жай пайда болған емес. Біз кездестіретін жануарлардың көпшілігі – жоғалып кеткен, иесі тастап, мүлдем ұмытып кеткен. Сондықтан бастапқы себеппен жұмыс істегенде қаңғыбас жануарлардың пайда болуы айтарлықтай төмендейді», - деді Юлия Каваленко.

«ИТТЕРДІҢ АГРЕССИЯСЫН АДАМДАР ӨЗДЕРІ ОЯТАДЫ»

Юлия Каваленконың айтуынша үй жануарларын ресми тіркеген қожайындары олардың стерилизациясын уақытылы жасай бермейді және біздің елде оған қатысты ереже жолға қойылмаған.

«Бізде үй жануарларын зарарсыздандыру ережелері жоқ. Кейбірі итін көшеге шығарады, олар қаңғыбас иттермен шағылысып кетеді, салдарынан иесіз күшіктер пайда болады. Кейбірі ит-мысықтарын айдалаға апарып тастап кетеді, сосын әдеттегі тамақты жегісі келген итте агрессия пайда болады. Кінәнің бәрін бір жақты қарау оңай. Бірақ мәселеге тек бір жақ жауапты емес. Жалпы Қазақстанда үй жануарларын ұстау мәдениетін, сол сияқты иелері тарапынан оларға деген жауапкершілікті арттыру қажет.

БАҚ беттерінде ит-мысықтарды ұстау, күтіп-баптау, оларды асырау кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы танымдық ақпараттарды жариялау бір жолға қойылуы тиіс. Себебі ресми тіркелген қожайындардың өзі ит-мысықтарын уақытылы стерилизациядан өткізіп, дұрыс тәрбие бермейді. Кейде қатты ашыққан немесе адамдардан көп зәбір көрген ызалы иттер үрейден, өздерін қорғау мақсатында адамдарға шабуыл жасайды. Яғни ит үшін ол шартты рефлекске айналған. Адамдар иттердің жұптау процесіне де жете мән бермейді. Иттің аталығы агрессивті, аналығы жуас болды делік. Олардың күшіктері әдемі болғанымен, ашуланшақ болып келеді. Бұрындары роквейлер иттерді асырап алу үшін кинологтардың курсынан өту керек болса, қазір бұл ережелер алынып тасталды», - деді маман.

Маманның айтуынша, егер иттің жақындап келе жатқанын көрсеңіз, бір орында қатып қалыңыз.

«Ең бастысы – ішкі қорқынышты басу. Қолыңызды бұғып немесе итті теуіп, қууға тырыссаңыз агрессиясын одан сайын оятасыз. Әрине сабыр сақтау оңай емес. Бірақ барынша өзіңізді салқынқанды ұстаған дұрыс. Осы кезде ит үріп-үріп қояды, бірақ шабуылға көшпейді. Сондай-ақ көше иттеріне тамақ бергіңіз келсе, алыстан ғана қойып кетіңіз. Иттің сізге үйренуіне уақыт беріңіз. Шабуылдаған күнде ең алдымен бетіңізді, мойныңызды, саусақтарыңыз бен кеудеңізді қорғаңыз», - деді ол.

БҰРАЛҚЫ ИТТЕРДІ РҰҚСАТСЫЗ АТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Қазақстандағы үй жануарларының құқын қорғаумен Экология геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар комитеті айналысады. Аталған комитеттің бас сарапшысы Бақытжан Исахаевқа хабарласып, бұралқы иттердің мәселесін неліктен бір жолға қоя алмай жатқандарын сұрадық. Маман құқықтық жағына ғана жауапты екендерін алға тартты.

«Биылдан бастап иттерді ату заңда қарастырылмаған. Негізгі бағыт – олардың санын стерилдеу, вакцинациялау арқылы реттеу. Қазіргі қабылданған заңға сәйкес, белгілі бір шақтарда ғана иттерді жансыздандыруға болады. Онда да арнайы органдармен рұқсат етілген препараттар қолданылады. Жансыздандыру – адамдардың немесе жануарлардың денсаулығына қандай да бір қауіп төндірер болса, жұқпалы ауруларды тарату қаупі кезінде жүзеге асырылады. Ветеринарлық бриагада мамандарынсыз ит-мысықтарды өлтіруге болмайды», - деді бас маман.

Бақытжан Исахаевтың айтуынша, адамдарға шабуыл жасаған иттердің жазалану мәселесін жергілікті атқарушы органдар қарастырады. Ал иттерді қасақана өлтірушілерге қылмыстық жаза көзделген.

«Бұзақылық ниетте өлтірсе ҚК 316-бабына сәйкес бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе белгілі бір жерде қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады. Заңның 15-бабы бойынша адам өміріне, денсаулығына қатер төнген жағдайда итті жоюға рұқсат етіледі. Оны қандай құралмен, қалай жоюға болатыны туралы қағидаларды жергілікті атқарушы органдар өздері бекітеді, әзірше ол құжат әзірленіп жатыр. Заңды теория жүзінде дамыған мемлекеттердің тәжірибесін басшылыққа ала отырып жасадық. Оның ішінде Түркия, Франция, Германия сынды дамыған мемлекеттер бар. Оларда жануарларды атуға мүлдем тыйым салынған, біздің мемлекет даму сатысында болғаннан кейін оларды ұстап отыру қыруар қаржыны талап етеді. Заңға жануарларды қорғау ұйымдары атсалысты, әлі бірталай нормалар жазылу үстінде», - деді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары