$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазір 3-5 литр ғана сүт сауып отырмыз»: СҚО-да жұрт жайылымның жоқтығынан малын сатып жатыр

Есеп бойынша 1500 гектар жайылым қажет

«Қазір 3-5 литр ғана сүт сауып отырмыз»: СҚО-да жұрт жайылымның жоқтығынан малын сатып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка ауылының тұрғындары бағып отырған төрт түлік аштан қырыла ма деп алаңдаулы. Оған жайылымның жыл сайын тарылып бара жатқаны себеп. Мал қайта-қайта егінге түсіп, айыппұл арқалаған бақташылар жұмыстан бас тартқан. Қазір ауыл халқы күндіз-түні мал аңдумен күнелтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rúhy тілшісі.

МАЛ ЖОЛ ЖИЕГІН ЖАҒАЛАП ЖҮР

Ауыл тұрғындарының дені мал бағып, нәпақасын тауып отыр. Екі жыл қатарынан шаруаларды құрғақшылық қыспаққа алып келеді. Дархан Әбілдаев жыл сайын жаз маусымында ауылдың малын бағады. Биыл жауын-шашын аз болғандықтан шөп дұрыс шықпай қалды. Сондықтан мал бағу күрделене түсті. Бақташы жылдағы жұмысынан бас тартты.

«Малды жаятын жер жоқ. Жайылым аумағында шөп шықпай қалды. Мал арық. Ағаш бұталарын жейді. Көзден таса болса, егінге барып түседі. Жаятын жер болмаса, малды қайлай бағамын? Сондықтан бас тарттым», - дейді Дархан Әбілдаев.

Жайылымның жоқтығынан мал жолдың маңын жағалауға мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша былтыр бірнеше сиырды көлік те қағып өлтіріпті. Қазір ауыл халқының күндіз-түні аңдығаны төрт түлік. Елді мекен іргесінің бәрі егін.  Мал түссе, иесіне айыппұл салынады. Тақыр жерді айналшықтаған сиырлардың сүті тартылып қалған.

«Ауыл маңындағы жердің бәрі шаруашылықтардың қолында. Мәселені арқалап әкімдікке бардық. Бірақ нақты көмек жоқ. 60 қара мал бар. Сүтті сирлардың өзі кешке 3-4 литр ғана сүт береді. Көктемде ақ 3 есе көп еді. Сиырдың сүті тілінде. Азық болмағасын, өнім де жоқ», - дейді Новокаменка ауылының тұрғыны Сабыр Сайдоллаев.

«ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНАН ЖЕРДІ ЖАЛҒА АЛЫП ОТЫРМЫЗ...»

Шаруа қожалықтарының арасында халыққа жерді жалға беріп отырғандары да бар.  Бірақ оның да шөбі шүйгін емес.

«Шаруа қожалықтарынан 12 гектар жерді жалға алдық. Ол жерде де шөп жоқ, кеуіп қалған. Аш болса мал өледі. Сосын оны не істейміз? Базарға апара алмайсың, арық малды ешкім алмайды. Қоқысқа сүйреп тастаудан басқа амал жоқ. Бағып отырған малымыз қырылып қала ма деп даурығып отырмыз», - дейді Новокаменка ауылының тұрғыны Дүйсембай Құрманғалиев.

Боранбай Танабаев – 10 жыл бұрын Өзбекстаннан қоныс аударған қандас. Шаруашылықпен айналысу үшін ол әдейі елдің солтүстігінде қоныстанған. Алайда соңғы жылдары шаруашылық кенжелеп қалғанын айтады. Биыл да шөп бітік емес.

«Сүт, ет тапсырамыз. Сонымен өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Біздегі басты проблема – мал бағатын жер жоқ. Аз-маз жер берген, бірақ биыл құрғақшылық болып, дым шөп жоқ. Малдың бәрі құлайын деп тұр. Әкімдік осы мәселені шешіп берсін. Талабымыз осы», - дейді Новокаменка ауылының тұрғыны Боранбай Танабаев.

ШАБЫНДЫҚ БОЛМАҒАНДЫҚТАН АУЫЛ ХАЛҚЫ ШӨПТІ САТЫП АЛАДЫ

Ауылда шабындық жер де өзекті проблемаға айналған. Сондықтан тұрғындар шөпті жыл сайын сатып алады.

«Күні бойы далада жүрген мал кешке тоймай келеді. Мұндай жағдай біздің аймақта бұрын-соңды болмаған. Сондықтан біз шалғайдан шөп шауып әкеліп, оларды қосымша тамақтандыруға мәжбүрміз. Жем қымбат. Әдетте күніне 15 литрден сүт беретін сиырлардан қазір 3-5 литрден ғана сауып жүрміз. Ауыл жұрты тығырыққа тірелді. Ауылда жұмыс жоқ. Бар табыс көзі – осы мал ғана», - дейді Новокаменка ауылының тұрғыны Виктор Илькив.

Новокаменка ауылында мың басқа жуық мал тіркелген. Есеп бойынша 1500 гектар жайылым қажет. Іс жүзінде оның жартысы ғана бар. Тұрғындардың айтуынша жайылымның бәрі мал бағуға жарамайды.

Жергілікті әкім жайылымдық жерлердің тапшы екенін растап отыр. Сондықтан билік өкілдері шаруа қожалықтарынан жерді тәркілеуді қолға алған. Алайда бұл жұмыстың бірер айда аяқталмасы анық.

«Бізге 690 гектар жер керек. Қазір ауылдың маңындағы Перепечин жеке кәсіпкерінен жерді қайтарып жатырмыз. Бірақ бұл аздық етеді. Қосымша қайтарып алатын жер жоқ. Сондықтан әкімдік басқа шаруашылықтармен меморандум жасасып, қосымша 300 гектар алқапты сұрап отыр», - дейді Архангельское ауылдық округінің әкімі Ирина Рыбакова.

«Жайылымдық және шабындық жері бар, бірақ малы жоқ шаруашылықтар тексерілуде. Бір жыл бойы бос жатқан жерлер сот арқылы мемлекетке қайтарылады. Сотқа беру үшін тиісті құжаттар әзірленуде. Кейбіріне қатысты процесс те жүріп жатыр. Аяқталғандары да бар. Жақында ғана осындай 4,2 гектар аумақ әкімдік меншігіне өтті. Жайылым мәселесін шешу мақсатында кейбір агроқұрылымдармен меморандумға қол қойдық. Оған сәйкес бос жатқан жерді халық пайдалана алады», -  Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Көпеш Тұрлыжанов.

Солтүстік Қазақстандағы ауылдардың басым бөлігі жайылым пен шабындықтан таршылық көріп отыр. Әсіресе облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерде жағдай күрделі. Тек Қызылжар ауданы бойынша 30 мың гектар жер жетіспейді.

Серіктес жаңалықтары