Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

«Қамқорлық»: Түркістанда көмекке зәру жандарға бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінбек

Облыстың әр елді мекенінде көмекке мұқтаж, қиын жағдайда қалған жандарды анықтайтын комиссия құрылған

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында әлеуметтік жағдайы өте төмен жандарға қосымша қолдау көрсетуге бағытталған «Қамқорлық» деп аталатын жаңа жоба аясында 1534 отбасына, яғни, 6643 адамға көмек көрсетіледі деп жоспарланып, әкімдік жергілікті бюджет арқылы 1,6 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетуді қарастырып жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі хабарлады.

«Біз елдігімізді көрсетуіміз керек. Мұқтаж жандар қамқорлықты сезіну үшін бұл шараны жүйелі түрде, тұрақты түрде жүзеге асыруымыз қажет. Әр әкім өзі жүріп, нағыз көмекке зәру отбасын анықтап, олармен тығыз байланыста болсын. Қазіргі тізіммен тоқтап қалмауымыз керек. Осы отбасыларға аяғынан тұрып кететіндей жағдай жасап, көмекті нағыз мұқтаж жандардың әрқайсысына жеткізу керек», - деді облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев мәжіліс отырысында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Azattyq Ruhy порталы Түркістан облысында жағдайы өте төмен отбасыларға арналған «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асатынын жазған еді. Жаңа жобаның мақсаты – өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен, көмекке аса мұқтаж жандарды демеп, оларға қолдау көрсету. Яғни, мұндай отбасыларға еліміздегі ең төменгі көнкөріс деңгейі мөлшерінде (26 900 теңге) жәрдемақы беріледі.

Сонымен қатар, жаңа бағдарлама аясында тұрмыстық тапшылық көрген жандарды қажетті азық-түлікпен қамту, медициналық жәрдем беру, тұрақты жұмысқа орналастырып, мамандығы жоқ азаматтарға курстарда білім алу үшін жолдама беру, сондай-ақ, демеушілер арқылы баспанамен қамту мәселесін де шешу көзделген.

«Қамқорлық» бағдарламасы облыстың әр ауданында жүзеге асады деп жоспарлануда. Оның аясында жергілікті басшылар, яғни аудан, ауыл әкімдері мұқтаж жандардың үйін аралап, көмек көрсетеді.

Арай Есенбек, Түркістан облысы