$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.01.2020, 18:47
Қоғам

Түркістанда жаңа бағдарлама: жағдайы өте төмен отбасыға ай сайын 27 мыңнан беріледі

Аймақ басшылығы облыс деңгейінде «Қамқорлық» бағдарламасын жүзеге асыруды көздеп отыр

Түркістанда жаңа бағдарлама: жағдайы өте төмен отбасыға ай сайын 27 мыңнан беріледі
Фото: ашық дереккөзден

«Қамқорлық» бағдарламасының басты мақсаты – өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен, көмекке аса мұқтаж жандарды демеп, қолдау көрсету. Яғни, мұндай отбасыларға еліміздегі ең төменгі көнкөріс деңгейі мөлшерінде (26 900 теңге) жәрдемақы берілетін көрінеді. Бұл қаражат республикалық қазынадан берілетін АӘК және өзге де жәрдемақылардан бөлек төленетін болады. 

«Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы өткен жиында АӘК-ке қатысты әкімдерге нақты тапсырма берді.  Біріншіден, ауыл әкімдері ауылдағы жағдайы нашар, жұмысы жоқ отбасыларды үйме-үй аралап, өздері жеке жұмыс істеу керек. Соған қарап, ресми түрде бюджеттен, демеушілер тауып көмек көрсету жағын ойластырыңдар деген еді. Осыған орай, өңірде «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асырылғалы отыр. Негізі, өңір басшысы бұны (бағдарлама – авт.) тез арада жүзеге асырыңдар деп тапсырған. Енді 1 ақпаннан бастап жүзеге асады деп күтілуде. Қазір көмекке мұқтаж жандарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол себепті, қазынадан нақты қанша бөлінетіні белгісіз. Шамамен әр ауданнан 100 отбасыдан шығады деп күтілуде. Арнайы комиссия құрылып, көмекке мұқтаж отбасыларды солар анықтайды», - дейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мира Мүсілім.

Комиссия құрамына ауыл ақсақалдары мен қоғам белсенділері кіреді. Солардың ортақ шешіміне сәйкес, жағдайы төмен отбасылар «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша тізімге енеді. Аталмыш бағдарлама әзірге толық дайын емес, алдағы бір апта ішінде толықтырылып, өзгерістер енгізіледі.

«Қамқорлық» бағдарламасы бойынша мұқтаж жандардың қанша уақыт жәрдемақы алатыны әлі белгісіз. Мамандар бұл көмектің мұқтаж жандар еңсесін түзеп, аяқтан тұрып кеткенше берілетінін айтады. Тек ақшалай көмекпен шектелмей, бағдарлама аясында отбасының еңбекке жарамды мүшелерін жұмыспен қамту да қарастырылған. «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша жағдайы төмен отбасындағы бала саны мен табысы есептелмейді. Көмекті алатын адамдар комиссия мүшелері мұқтаж деп тапқан тізім бойынша беріледі.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек алып отырған 50 мыңға жуық отбасы бар.

Арай Есенбек, Түркістан облысы

Серіктес жаңалықтары