Алматы 100-150 жылда қайталанатын белсенді сейсмикалық фазаға енді
Cейсмология инситутының мамандары журналистердің басын қосты
Мамандар Алматы мен оған жақын орналасқан таулы аймақтарда жиі қайталанатын жер сілкінісінің себептерін түсіндіруге тырысты. Алматы тұрғындары 19 қаңтарда сағат 19:27-де жер асты дүмпуін сезді. Сейсмололгтар зілзала ошағы қаладан 370 шақырым қашықтықта Қытай аумағында болғанын мәлімдеді. Ал бүгін, 20 қаңтар 11:31-де жер тербелісі жақыннан сезілді. Мамандар оның күші 3-4 баллға жеткенін, ошағы Алматы облысының аумағында, Алматы қаласынан 231 шақырым қашықтықтағы Текелі қаласы мен Руднечный ауылының арасында анықталғанын айтты.
«Әр жер асты дүмпуі екі толқынды болады. Бірінші толқын әлсіз келеді, содан соң 10-20 секунд уақыттан кейін екіншісі де келеді. Бірақ оның күшті болуы зілзала ошағының қашықтығы, яғни алыс-жақындығына байланысты. Бірншісі баяу болса, екіншісі екпінмен келіп, қиратуға немесе адам өміріне қауіп төндіретінін айтуға болады», - дейді Сейсмология инситутының ғылыми қызметкері, аймақтық сейсмикалық зертхана меңгерушісі Алла Садықова.
Соңғы күндері болған жер сілкіністерінің ошағы Алматыдан айтарлықтай қашық жерде тіркелді. Қытай елі қазір қирау немесе зардап шеккендер туралы әлі ақпарат таратпады. Жексенбі күні кешке сезілген жер асты дүмпуінің негізгі ошағында кем дегенде 6-6,3 балдық жер сілкінісі болды. Ал Алматы мен Алматы облысының тұрғындары оның афтершоктарынан соң болған әлсіз жер тербелістерін сезді.
Сейсмологтар техникалық-материалдық мүмкіндіктеріне қарай болжау, сейсмикалық белсенді аймақтарды зерттеп, жалпы жағдайды бақылап отырғанымен, жер сілкінісінің нақты уақыты мен қуаты туралы алдын ала ескертулер жасай алмайды. Бұл бүкіл әлемді алаңдатқан және қалыптасқан жағдай.
«Жер сілкінісін алдын ала болжау әлемде әлі жолға қойылмады. Оны үйренген бірде бір мемлекет жоқ. Алматылықтар жер сілкінісі болып тұратынын, болғанын және алдағы уақытта да бола беретінін түсінуі керек. Әлем ғалымдары алдағы 15-20 жылда жер сілкінісін болжаудың тәсілдерін ойлап табуды жоспарлап отыр. Бірақ әрбір тұрғын қауіптен қалай қорғанатынын білуі керек»,- дейді Алла Садықова.
Сейсмология кенже дамыған ғылым. Қазақстанда ол осыдан 50 жыл бұрын зерттеле бастады. Ал салалық институт 1968 жылы құрылғанымен, жер сілкінісі туралы ақпараттар алатын станциялардың жағдайы қазір өте нашар. Елдің оңтүстік-шығыс аумағында 60-қа жуық бекеттер болғанымен, модернизациядан өтпеген. Мамандар тек Алматы қаласының өзіне жер сілкінісі туралы хабарлама беретін 35 станция салу керегін айтады.
Алматы өңіріндегі ірі жер сілкінісінің жиілігі 100-150 жыл. Соңғы рет Алматы маңында Кемін зілзаласы 1911 жылы болды. Ол кезде апаттан 400 адам қайтыс болған.
«Ең соңғы жойқын зілзала Кемін, Шелек, Верный жер сілкіністері. Одан бері 100-130 жыл аралығында уақыт өтті. Ал біздің аймақ үшін жер сілкіністерінің жиілігі 120-150 жыл десек, қазір сондай қауіпті кезеңде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан кез-келген жағдайға дайын болғанымыз абзал», - дейді Қазақстан Сейсмология инситутының зертхана меңгерушісі.
Алматыда осыдан 2 жыл бұрын жер сілкінісі және өзгеде табиғи апаттар туралы дер кезінде хабарлама беретін жүйе жасалған болатын. SMS-құлақтандыруды ұялы байланыс операторлары өз абоненттеріне жолдап отыруы тиіс болған. Алайда қалалық ТЖД бұл бастаманың тиімсіздігін айтып, одан бас тартты.
Былтыр сәуір айында Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті «Darmen» деп аталатын тегін қосымшаны іске қосты. Ұялы телефонға (Android и IOS) жүктеуге болатын жүйе зілзала орын алғанда екі-үш секундта ескерту жасауға негізделген. Smart Almaty аясында жұмыс жасайтын бұл бастама да толық жетілдіріліп, жаппай іске аспады. Себебі қосымшаны жасаушылар жер сілкінісінің күшті немесе әлсіздігін ескермеген. Бір мезетте қуаты өте төмен жер асты дүмпуі туралы ақпарат алғанда, қала тұрғындары арасында дүрбелең туу қаупі жоғары. Бұл қала үшін экономикалық шығынға батыру тәуекелін күшейтеді. Сейсмологтар жыл сайын Алматыда 12 мың жер тербелісі тіркелетінін айтып отыр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы