«Жанында анам да болған»: Бестеректе алты баланы басып кеткен жүргізушінің ұлы кешірім сұрады (ВИДЕО)
Ерқанат Серікұлы жол апаты болған кезде әкесінің жанында анасы да болғанын айтты
Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған трагедия бүкіл қазақстандықтарды алаңдатып отыр: жараланған үш баланың өмірі қыл үстінде тұр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Абай облысының облыстық балалар ауруханасында жатқан қызға өте ауыр операциялар жасалған. Дәрігерлер баланың өміріне қауіп төніп тұр дейді.
Ал, санавиация Астанаға әкелген екі бала әлі реанимацияда. Полиция рульге ие бола алмай қалған ер адамды екі айға қамады. Осы аралықта тергеу жүріп, оның ісі сотта қаралады. Куәгерлердің айтуынша, жол апаты болған кезде ер адам зайыбымен бірге келе жатқан. Дереккөздерге сүйенсек, ер адамның жүрегі ұстап қалған көрінеді.
«Информбюро» бағдарламасының тілшілері рульде отырған жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлынан шағын сұхбат алып, оқиға туралы сұраған.
«Көлікте келе жатқанда жүрек талмасы ұстаған. Сол кезде рульге ие бола алмай қалған. Жанында анам отырған. Оқыс жағдай әрі өте қайғылы жағай. Бәрі қас-қағым сәтте болған. Қаза тапқан балалардың жақындарынан кешірім сұраймын. Бәріне көңіл айттық. Бұндай сынақты ешкімнің басына бермесін», - дейді ол.
Жол апатының мән-жайы
Қайғылы жағдай Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болды.
55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қағып кеткен.
Оқиға салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды. Жараланғандар аудандық ауруханаға жеткізілді.
Тергеу жалғасуда
Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жүргізушінің кінәсі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.