$ 537.75  626.43  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Анашым, тұршы»: Атырауда әйелін ұрып өлтірген ер адамға қатысты оқиғаның мән-жайы айтылды

Анасын әкесі ұрып өлтіргені туралы ақпарат тарады

«Анашым, тұршы»: Атырауда әйелін ұрып өлтірген ер адамға қатысты оқиғаның мән-жайы айтылды
Фото: Ләззат Тасқынбайдың Instagram парақшасынан алынды

Атыраудағы көпқабатты үйлердің бірінде ер адам өз әйелін өлтіргені туралы ақпарат тарады. 39 жастағы Ләззат Тасқынбаеваның артында екі кішкентай қызы қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 19 Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туып, соңы қанды қылмысқа ұласқан. Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл факті бойынша «Адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын салу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде күйеуі ұсталып, қамауға алынды.

«Өз үйінде де әйел өзін қауіпсіз сезіне алмай отыр»

Марқұмның туыстары оқиғаның жай-жапсарын айтып берді.

«Біз XXI ғасырда, зайырлы әрі демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бірақ әйелдер әлі күнге дейін өз үйінде өзін қауіпсіз сезіне алмай отыр. Ләззат күйеуі Тимур Кабдрахитпен 14 жыл бірге тұрды. Екі қызы бар: үлкені биыл 6-сыныпқа, кішісі 1-сыныпқа баруы керек еді. Олар үшін анасы бары да, нары да болатын. Бірақ өмірінің соңғы 5 жылы тозаққа айналды. Күйеуі үнемі ұрып-соғатын, әсіресе ішімдік ішкенде. Ол балалар үшін, отбасы үшін шыдап, үндемей келді. Соңғы екі жылда жұмыс істемей, уақытын қыздарына арнады», – дейді Ләззаттың немере әпкесі Майра.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні күйеуі тағы да қол көтерген. Ләззат шарасыз күйде біреуге қоңырау шалып үлгерген, бірақ көмек сұраған адам жете алмаған. Күйеуінің желкесін ұрған соққысы әйелінің қазасына себеп болды.

«Ләззаттың бауыры мен әпкесі жеткенде, үйдің алдында жедел жәрдем мен полиция тұрды. Ал үйінде күйеуінің екі әпкесі мен екі қызы ғана болатын. Қыздар аналарының қасында жылап: «Анашым, тұршы! Сен тек ұйықтап жатырсың ғой, оян!» деп жалынып отырды. Бірақ Ләззат жауап берген жоқ», – дейді әпкесі көз жасын тыя алмай.

«Бұл – ұят емес, бұл – қылмыс»

Туыстарының айтуынша, Ләззаттың күйеуі әйелінің өлгенін түсінгенде дереу полицияға немесе жедел жәрдемге хабар бермей, алдымен екі әпкесін шақырған. Кейін солардың бірі: «Бізге денесі керек емес, мәйітханадан өздерің алып кетіңдер» деген.

«Егер біз үндемесек, бұл жағдайдың бетін ешкім ашпас еді. Полиция бастапқыда теріске шығарды, кейін ғана растады. Тек біз ашық жазған соң ғана мойындады. Бұл – «ұят» емес, бұл – «отбасылық мәселе» емес. Бұл – қылмыс. Бұл – бүкіл қоғамға ауыр қасірет. Ләззат енді жоқ. Бірақ оның үні біз арқылы шығып тұр. Менің де үш қызым бар. Олардың да әйел ретінде үнсіз қорлық көруге мәжбүр елде өмір сүргенін қаламаймын. Әйелін қорғауы тиіс адамның өзі өлтіргені – үлкен трагедия», – деді Майра.

Айта кетейік, Атырауда әйелін ұрып өлтірген ер адам 12 жылға ғана сотталуы мүмкін екені хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары