«Яндекс таксиге жүргізуші ретінде 130 мың теңге төлеймін»: Отандық IT мамандар ресейлік компанияға төтеп бере алмай отыр

Әсел Оршыбекова

Жүргізушілер Kaspi басшысына такси қызметін шығару туралы өтініш айтты

«Яндекс таксиге жүргізуші ретінде 130 мың теңге төлеймін»: Отандық IT мамандар ресейлік компанияға төтеп бере алмай отыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Бүгінде елімізде Орталық Азиядағы ІТ-стартаптардың ең ірі халықаралық технологиялық паркі бар. 2018 жылы құрылған орталық қазірге дейін 168,12 млрд теңге инвестиция тартқан екен. Алайда ондағы IT мамандардың жасап шығарған стартап жобаларының саны болғанымен, сұранысы аз. Ал қоғамның қолданысында жүргені саусақпен санарлық.

Қазір тағам жеткізу және такси қызметтері арасында шетелдік компаниялардың отандық нарықта ойып тұрып орын алған жайы бар. Өкінішке қарай отандық стартаптар алпауыт компаниялардың жобаларына төтеп бере алмай отыр.

«Әрине, ірі халықаралық фуд-агрегаторлары тарапынан бәсекелестік бар екенін жоққа шығармаймын, бірақ бұл ретте айтарлықтай проблема жоқ. Себебі отандық нарықта осы іспеттес ұқсас жобалар бар», - дейді Astana Hub бизнес-бағдарламалар офисі директорының міндетін атқарушысы Айгерім Жарқын.

Маманның «ұқсас жобалар» деп отырғаны – қазақстандық «Chocofood» тағам жеткізу сервисі. Десе де мойындау керек аталған қызмет түрінен гөрі, қала ішінде сары және көк сөмкелерін арқалаған «Wolt» пен «Glovo»-ның курьерлері едәуір көп. Бұл дегеніңіз, отандық жобаның ақсап тұрғанының тағы бір дәлелі.

«ОТАНДЫҚ ҚОСЫМШАЛАР СОҢЫНА ДЕЙІН ЖАСАЛМАЙДЫ...»

Жеткізу қызметін жиі тұтынатындар да отандық қосымшаның олқылықтары көп екенін айтады.

«Жеткізу қызметтері ішінде ең үздігі – «Wolt». Себебі бәрі түсінікті. Онда тек тағам ғана емес, түрлі дүкендер мен дәріханалар тізімін де табуға болады. Бастысы онда тапсырыс берушімен өзара байланыс та қарастырылған. Мәселен, тұтынушы жеткізу қызметінің жұмысынан мін тапса, келесі тапсырысты тегін орындайды. Ал «Glovo»-ға келер болсақ, онда мейрамханалар тізімі өте көп. Таңдау жақсы, сондай-ақ қосымшаның безендіру жұмыстары да әдемі. Бастысы қолдануға қолайлы, барлығы түсінікті етіп көрсетілген. Ал «Chocofood» туралы айтар болсам, қосымша аяғына дейін жасалмаған сияқты. Біріншіден таңдау аз. Екіншіден кей кездері дұрыс істемей қалады, үшіншіден мекенжайды көрсету функциясы күрделірек, алдыңғы екеуіне қарағанда. Ал ең бастысы өзара байланыс жоқ. Мұндай кезде отандық стартапқа сұраныс болмайтыны айдан анық», - дейді тұтынушы.

Қазақстандықтар арқылы ірі кіріс тауып отырған тағы бір шетелдік компания бар. Бүгінде смартфонына «Яндекс Такси» қосымшасын орнатпаған қазақстандық кемде кем. Компанияның бас штабы Мәскеуде орналасқан. Бір қызығы, компанияға жұмыс істейтін жүргізушілермен ешқандай еңбек келісімшартын жасамайды. Бірақ жалданған жүргізуішлер ай сайынғы табысының белгілі мөлшерін компанияға беруге міндеттеледі. Бір жағынан барлығы заңды көрінгенімен, екінші жағынан көлеңкелі бизнестің бұл бағытта өршіп тұрғаны айдан анық. Ал ай сайын миллиондап түскен табыстың басым бөлігі көрші елге кетіп жатқаны айтпаса да түсінікті.

ЯНДЕКС ТАКСИДІҢ ДЕ КЕМШІН ТҰСТАРЫ БАР

Қазақстандық такси жүргізушілер де компанияның жұмысына көңілдері толмайтынын айтады.

«Қазір қазақстандық нарықта отандық такси қызметтері Яндекс Таксидің шаңына да ілесе алмай отыр. Олар осы Яндекстің кесірінен тіпті дами да алмай жатыр», - дейді Яндекс такси қызметінде жұмыс істейтін жүргізуші.

Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген такси жүргізушісі аты-жөнін көрсетпеуін өтінді.

Белгілі болғандай, Яндекс Таксидің бас кеңсесі Мәскеуде болғандықтан, қандай да бір техникалық проблемаларды жүргізушілер компанияның жергілікті серіктес парктері арқылы шешуі тиіс. Бүгінде мұндай техпарктер саны ірі қалаларда жыл сайын көбейіп келеді.

«Олардың міндеті такси жүргізушілеріне толықтай қызмет көрсету, яғни жүргізушінің және көліктің жай-күйін тексеруі керек. Бастысы – қауіпсіздікті қадағалауы тиіс.  Мәселен такси жүргізушісі көмек керек деген тетікті басқан сәтте, олар бірден хабарласуы керек. Біз сол үшін оларға ай сайынғы табысымыздың белгілі бір бөлігін беріп отырамыз. Бірақ ешкім ештеңеге бас қатырып жатқан жоқ. Парк өз қызметін дұрыс орындамайды. Жүргізушінің заңды түрде ешбір құқығы қорғалмаған. Техникалық қолдау қызметі шаблонды түрде жауап береді», - дейді жүргізуші.

Түсінгеніміз бойынша аталған парктерді кез келген адам аша алады. Бастысы франшизасын сатып алса болғаны. Өз кезегінде парк ешбір жүргізушімен еңбек келісімшартын жасаспайды екен. Тиісінше, жүргізуші компанияға жұмыс істегенімен, оған ешқандай зейнетақы төлемі мен медсақтандыру да төленбейді.  Мұндай парктердің жұмысын жіті тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бұл елдегі шағын және орта кәсіпкерлерге жарияланған мараторйимен байланысты болуы мүмкін.

«Яндекс Такси» жүргізушілердің табысының 21-23 пайызын тұрақты түрде алып отырады екен.

«Наурыз айында мен 646 мың теңге табыс таптым. Оның ішінде 133 мың теңгесін Яндекс алады.  Бұдан бөлек парктер бар. Осы кірістің 32 мың теңгесін солар алды. Бірақ мұндай табысты табу үшін мен күіне 15-16 сағаттан жұмыс істеймін. Таксистердің 80 пайызы осылай ақша табады. Такси қызметінің сомасын біз емес, Яндекс қояды. Ауа райы өзгерген кезде және кептеліс уақытында бағаның ұшатыны сөзсіз. Бірақ кейде алыс шақырымға тиын ұсынатын да кездер болады. Ресми жұмыс істейтіндердің еңбек уақыты әдетте 8 сағатты құрайды. Ал біз күніне 15-16 сағаттан жұмыс істейміз. Такси жүргізушілері екі есе жұмыс істегендіктен осындай ақша тауып жатыр деуге болады. Ешкім жетіскенінен такси жүргізбейді», - дейді жүргізуші.

Такси жүргізушісі Яндекстің ұтымдылығын мобильді қосымшаның тұтынушыға қолайлы болуымен байланыстырады. Оның пікірінше, елімізде мықты IT мамандар көп болғанымен, мұндай сапалы стартап қомақты қаражатты талап етеді.   

«Біздің елде осындай жобалардың авторлары көп ақша тапқысы келеді, бірақ жұмыс істегісі келмейді. Мәселен олардың жасап шығаратын қосымшалары өте қолайсыз. Кейде навигаторы дұрыс істемейді, кейде клиенттің номері көрінбей қалады. Клиент такси шақырайын десе геолокация дұрыс көрсетпей тұруы мүмкін. Міне осындай кезде таксист пен клиент арасында түсініспеушілік туындайды. Осындай проблема болмауы үшін бізге мықты жоба керек. Ал біздің мамандар бастаған істерін тиісті деңгейде аяғына дейін жеткізбейді. Себебі оған қаражат құйғылары келмейді. Бұл жерде бастысы қаржы керек. Ал Яндекс қосымшасы бүге-шүгесіне дейін мінсіз жасалғандықтан, ол қоғам  үшін таптырмас құрал болып тұр», - дейді такси жүргізуішісі.

Ресми емес түрде құрылған Қазақстан такси жүргізушілері мен курьерлер одағы мемлекет осы мәселені қолға алса, отандық жобаға барынша қолдау көрсететіндерін айтып отыр. Бұл ретте олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жазған.

«Біраз уақыттан бері такси жүргізушілері мен курьерлер Яндекс басшылығымен өз құқықтары үшін күресуде. Біздің әділ ескертулерімізге, жұмыс жағдайын жақсарту туралы өтінішімізді компания басшылығы үнемі кейінге қалдырып келеді. Қазір барлық әлем елдерінде кез-келген азаматтың заңдары мен құқықтары жазылған. Біз жұмысқа орналасқан кезде еңбек шарты жасалмайды. Қаптаған таксопарктердің бірімен Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасамыз. Бензинге, көліктерді жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын барлық шығындар есепке алынбайды. Егер біз жұмыс кезінде жарақат алсақ, онда яндекс емес, біз кінәліміз», - делінген Президентке жазылған үндеуде.

«KASPI БАНК ТАКСИ ҚЫЗМЕТІН ІСКЕ ҚОССА...»

Сонымен қатар, отандық такси жүргізушілері белгілі кәсіпкер Михаил Ломтадзеден осы мәселені қолға алуын өтінген екен.

«Сіздің банкіңіз ел ішінде үлкен сенімге ие болды, сондықтан республикада, IT және көлік қызметтерін ұсыну саласында озық бола алатынына сенеміз. Сізден осы салаға инвестиция құюыңызды сұраймыз. Яндекс – бұл шетелдік компания, ал Kaspi – бұл отандық жылдам дамып келе жатқан банк. Мұнда түсетін пайда толықтай шетелге кетеді. Қазақстанға келген шетелдік фирмалар тиісті жұмыс жағдайларын ұсыну туралы ойламайды. Әрбір такси жүргізушісі тікелей Яндексте емес, олардың серіктестері арқылы таксопарк түрінде жұмыс істей отырып, азаматтық-құқықтық келісімшарт жасасуға немесе жеке кәсіпкерлік ашуға мәжбүр.

Біз, Қазақстан патриоты ретінде бұл істің шығынды екенін, үлкен инвестицияларды қажет ететінін білеміз. Бірақ біз такси қызметі мен азық-түлік жеткізу саласының нарығы белсенді дамығанын дәлелдеуге дайынбыз. Бір-екі жыл бұрын бұл қызмет миллиондаған теңге пайда әкелетінін және мыңдаған жұмыс орындарының ашылуына ықпал етенінін ешкім білген жоқ. Біздің қарым-қатынасымыз әділетті болған жағдайда, біз елімізде ашылатын жаңа платформаға қуана-қуана қосыламыз», - делінген өтініште.

Еліміздің кірістер комитеті ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Яндекс компаниясы 2021 жылы елімізге 1 млрд 887 млн теңге салық төлеген. Оның ішінде «Яндекс Такси» ЖШС-нің үлесі 1 млрд 283 млн теңгені құрайды. Ал биыл жыл басынан бері бар болғаны төрт айдың ішінде «Яндекс Такси» отандық салыққа 2 млрд 336 млн теңге құйған. Ал «Glovo Kazakhstan» ЖШС-нен Қазақстан қазынасына түскен қаражат 2021 жылы 165 млн теңге, 2022 жылы (1.05.2022 ж дейін) 58 млн 554 мың теңге. «Wolt Technologies Kazakhstan» былтыр 614 млн теңге салық төлесе, биыл жыл басынан бері 179 млн 661 мың теңге қаражат аударды.

10 СТАРТАПТЫҢ ТЕК 1-ЕУІ ҒАНА ӨМІРШЕҢ БОЛАДЫ

Айгерім Жарқын әр 10 стартаптың тек 1-еуі ғана өміршең болатынын айтады.

«Бұл қалыпты жағдай. Сондықтан да жобаға қомақты қаржы құймай және көп күш жұмсамай тұрып, оның қаншалықты өміршең болатынын ертерек анықтаған жөн. Стартаптардың сәтті жүзеге аспауы оның нарықтағы қажеттілігінің болмауымен, қаражаттың тапшылығымен, бәсекелестікпен, команданың дұрыс құрылмауымен, бизнес-модельдің болмауымен байланысты болады», - дейді маман.

Бірінші кезекте стартап-жобаның мақсаты – ақша табу және экономиканың оң бірлігіне қол жеткізу. Дегенмен стартап немесе IT-компания халықтың әртүрлі топтарына әлеуметтік жағынан әсер ететіні жиі байқалады. Ең танымал Kaspi.kz бұл шағын және орта бизнеске үлкен қолдау көрсетеді. Бұдан бөлек, Naimi.kz, Zan.bar, UvU, EasyTap сынды жобалар азаматтардың  әлеуметтік өміріне ықпал етуде. Білім беру саласында жобалар бар, мысалы, Bilimland, Oqylyq, Oquda, ROQED, сондай-ақ медицина, ақылды қалалар, финтех, агротех және басқа салаларда да жобалар бар», - дейді Astana Hub бизнес-бағдарламалар офисі директорының міндетін атқарушысы Айгерім Жарқын.

Ал жобаның сәтті болуы үшін қанша қаражат қажет деген сауалға маман «ол жобаның күрделілігіне байланысты» дегенді айтты.

«Егер функционалдық жағынан күрделі болмаса, мысалы, API, nocode құралдары және т.б. пайдаланылса, онда бұл өте арзан болады. Мұндай тапсырманы Junior, middle әзірлеушілері  жасай алады. Ал кейбір жағдайларда әзірлеушілер мүлдем қажет емес. Егер күрделі технологиялық стек қолданылса, онда бұл, әрине, әлдеқайда қымбатқа түседі», - дейді Айгерім Жарқын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.