«Аудан әкімінің қабілеті жоқ»: Алматы облысында миллиардтаған қаржы жұмсалған жобалар жүзеге аспай тұр

Жергілікті тұрғындар мен ел ағалары Байеділовтің былығын барша жұрттың алдында ашық айтты

«Аудан әкімінің қабілеті жоқ»: Алматы облысында миллиардтаған қаржы жұмсалған жобалар жүзеге аспай тұр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Халықпен кездесуге келген Бозымбаевқа шаруалар жалған жобалармен уақыт өткізіп жатқан аудан әкімінің әрекетіне шағымданды. Кеген ауданындағы келеңсіздіктерді тізіп шыққан қоғам белсенділері мен қожалықтың иелері өңірде тамыр-таныстықтың, жемқорлықтың жайлап алғанын да жайып салды. Олардың сөзінше, ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтың иелеріне егістік алқап қолжетімді емес. Ал өңірде өсірілетін дәнді-дақылдардың көлемі төмен болсада да, әкімдік оны бірнеше есе көбейтіп көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев бұл жолы кегендіктерге келіп, халықтың пікірін тыңдап, жергілікті билік пен тұрғындардың арасындағы теке-тіресті көзімен көрді. Жиында аудан әкімі Талғат Байеділов есеп беріп, атқарылған шаруаларды, тартылған инвесторларды тізіп шыққан. Алайда кезек сұрап-жауап бөліміне келгенде жергілікті тұрғындар мен ел ағалары Байеділовтің былығын барша жұрттың алдында ашық айтты.

«Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын, жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Аудан әкімінің есебіннен ұққанымыз, ол Президенттің Жолдауынан, тапсырмасынан сабақ алмаса керек. Біздің аудан ауыл шаруашылығымен айналысады, осы сала бойынша сіздің баяндамаңыздағы жалған көрсеткіштерден қашан арыламыз? Аудан бойынша 2465 гектар жерге картоп егіліп, 45 мың 726  тонна өнім алдық» деп есеп бердіңіз. Қашан жаңарамыз? Өзіміз өмір сүретін Шырғанақ ауылдық округінде жылына 350 га картоп егіледі деп есеп береді. Іс жүзінде 100 гектардан артық жерге картоп егілген емес. Аудан әкімі осындай жалған ақпараттармен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне  қатер төндіріп отыр», - деді «Руслан» шаруа қожалығының төрағасы Оразбай Бекбатыров.

Ардагерлер кеңесінің атынан сөйлеген Шырғанақ ауылдық округінің бұрынғы әкімі ауданға тартылған инвестициялық жобалардың жүзеге аспай жатқанын да жайып салды. Олардың сөзінше, ауданда балаларға арналған бірде бір демалыс орны жоқ. 5 гектар жері бар «Кербұлақ» пионер лагері кезінде жекешеленіп кеткенмен, оны халық мемлекетке қайтартқан. Алайда әкімдік үстіне тағы 2 гектар жер қосып беріп, балаларға арналған жалғыз демалыс орнын тағы да жекенің қолына, онда да шетелдіктердің меншігіне өткізіп жіберген. Жаркенттің маңындағы облыс әкімінің резидентциясын балалар оңалту орталығына берген Бозымбаевтың оң шешімін еске түсірген халық, Кегенге де мұндай орталықтың керектігін айтты.

«Стентте көрсетілген жобалардың көбі тағы да сөз жүзінде қалады. Себебі жалпы құны 1,5 млрд «Park Canyon» ойын-сауық демалыс кешені 2019 жылы аяқталуы тиіс еді. Ол жоба да аяқсыз қалды. Қарқара ауылынан тұз шығараратын инвестициялық жоба жасалып, бұрынғы облыс әкімі А.Баталовтың алдында да дәл осылай көрсетілген еді. Ол да жоқ болды. 2019 жылы «AIKO ENERGI» ЖШС жобалық құны 3 млрд 300 мың теңгеге 20 МВт жел электр станциясы салынады  дедік. Ол да жоқ. Жобалық құны 2,5 млрд теңгеге тәулігіне 10 тонна ет өндіретін «Кеген Мясо Пром» ЖШС ет комбинаты салынатын болған. Ол жоба да іске аспай тұр. Тұйық ауылынан «Слава Мұнай Сервис» мыс, қорғасын, барит өндіруді 2019-2020 жылы бастайды, 13,1 млрд теңге  инвестиция әкеледі дедіңіз. Ол да жоқ. «СПК Талас» марал шаруашылығы 300 млн теңге болатын  инвестициялық жобасын айттыңыз. Жылдар бойы халықты алдап келдіңіз. Төрт жыл бойы айтып  жауыр болған осы жобаларыңыз қашан іске қосылады? Облыс басшысына жарқыратып көрсететін бір жобамыз жоқ», - деді Шырғанақ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Бекбатыров.

Одан бөлек мемлекеттің 850 млн теңге грантын алған «КАЗМЯСО» компаниясының да жұмысы жүрмей, жабылудың алдында тұрған көрінеді. Аудан әкімінің қолдауымен мемлекеттің 650 млн теңге қайтарымсыз қаражатын алған «Meat Processing and SERVISE» Бөлексаз мал бордақылау кешені жабылып қалған. Ең қызығы, халық қолдағы азын-аулақ малына егістік жер таппай отырса, жұмысы жүрмеген әлгі компанияларға әкімдік жүздеген гектар алқапты оңды-солды үлестіре берген. Аудан әкімдігінің мақтанышпен айтатын жалғыз жобасы – Көлсай көлдерінің айналасына кәсіпкерлердің қаптатып тұрғызып жатқан қонақ үйлері дейді ел.

«Кеген ауданында жер мәселесі өте күрделі. Шынайы ауыл шаруашылығымен айналысатын  адамдарға жер берілмейді. 31 гектар комбинаты бар «Кегенмясо пром» ЖШС 269 гектар егістік жер, «СПК Талас» марал шруашылығына 400 гектар, «AIKO ENERGI» жел станциясына қосымша 50 гектар жер берілді. Жалаңаш өңірінен «Олжас» шаруа қожалығына 100 га жер берілген еді, әкім оның үстіне тағы 200 га  қосып берді. Неге? «Қарабұлақ» пионер лагерін ауданға қайтаруды талап  етеміз, себебі біздің ауданда балаларға арнап салынған бірде бір демалыс орны жоқ. Ал лагердің құрылтайшысы Ольга Абдығапова Қазақстанның азаматшасы емес. Біз шетелдікке жер заңсыз   сатылып кетті деп есептейміз. Бізде аудан әкімінің беделіне көлеңке түсір ойда жоқ, осы уақыт аралығында аудан әкімі ретінде бойындағы бар қабілеті сарқылды, халыққа берері жоқ», - деді облыс әкіміне кегендік қоғам белсенділері.

Нарынқол-Кеген-Алматы тас жолының да жағдайы жұрт шошитындай. «КазАвтоЖол»  компаниясы республикалық маңызы бар автожолды былтыр күреп тастаған қалпы тастап кеткен. Қырғыз-Кеген арасындағы жол 2017 жылы басталғанмен, мердігер компания міндетін сол қалпы орындамаған.

«Балалар лагерін «PG Soiutions» ЖШС инвестжоба арқылы жалға алғаны рас. Жобаны іске асыру мерзімі – екі жыл. Оның бір жылы өтті, әлі ол лагерде ешнәрсе жасалған жоқ. Туристік нысан болуы керек. Сөздің шыны керек, ол жер 30 жыл жұмыс істемеген еді. Оған инвестор тартып, іске асырсақ деген ойымыз болған. Аймақтық үйлестіру кеңесі арқылы шешімін тапқан. Тағы бір жылда жұмыс жүрмесе, жерді қайтарамыз. Осы айдың 30-ы күні 4050 гектар жерді конкурсқа шығарамыз, соған құжаттарыңызды дайындаңыздар», - деді Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.

Халықтың әлеуметтік мәселелерін тыңдаған облыс әкімі жұмыс орындарын ашуға тапсырма беріп, орынбасарларына ауданға инвестор тартуды жүктеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.