$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да ауыл тұрғындары 26 жылдан бері қоқыс полигонының иісіне тұншығып отыр

Заң талаптарын орындамаған полигон иесі әкімшілік жауапқа тартылды

СҚО-да ауыл тұрғындары 26 жылдан бері қоқыс полигонының иісіне тұншығып отыр

Солтүстік Қазақстан облысында тұтас ауыл тұрғындары қоқыстың түтініне тұншығып отыр. Жаз келсе Қызылжар ауданына қарасты Шахавское ауылының іргесінде тұрмыстық қалдықтар полигоны күн сайын өртенеді. Оған қоқыстың талапқа сай жиналмауы, яғни сұрыпталмауы себеп. Қағаз, пластик пен полиэтелен күннің қызуымен өздігінен тұтанып, ауаны ластайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«ЖАҒЫМСЫЗ ИІСТЕН МЕЗІ БОЛДЫҚ...»

Жел тұрса, Шахавское ауылының тұрғындары мезі болады. Елді мекенге айналаға қоқыстан тарап жатқан жағымсыз иіспен бірге ащы түтін иісі келеді. Күн жылынса пластик, қағаз бен полиэтилен пакеттер өздігінен тұтанып, айналаға өрт тарау қаупі туындайды. Тұрғындар 1996 жылдан бері, Петропавл қалалық тұрмыстық қалдықтар полигоны ашылған сәттен осылай күнелтуге мәжбүр. Адам шошытарлық көрініс Шахавское ауылының тұрғындары үшін үйреншікті көрініске айналғандай.

«Жел болса-ақ біздің ауыл сасып кетеді. Полигон елді мекенді облыс орталығымен жалғайтын жолда орналасқан. Көбі қалаға барып жұмыс істейді. Жанынан мұрнымызды басып өтеміз. Қаңғыбас иттер сол жерді мекен етіп алған. Өтіп бара жатқан көліктерге үріп шығады. Уақыт өткен сайын полигон аумағы үлкейіп келеді», - дейді Шахавское ауылының тұрғыны Ғалия Таубаева.     

ҚОҚЫС СҰРЫПТАЛМАЙДЫ

Қағаз, шыны, пластик және полиэтелен қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілуі тиіс. Заң талаптарын орындамаған полигон иесі әкімшілік жауапқа тартылды, бірақ мәселе шешімін тапқан жоқ.

«Қатты қалдықтар полигонында тексеріс жүргізілді. Бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтар болсақ, қоқыс сұрыпталып әкелінбейді. Соынмен қатар, тұрмыстық қалдықтардың жану фактісі тіркелді. Маңайы шашылып жатыр. Полигонға да күтім керек. Оны талапқа сай пайдалану маңызды. Егер ол орындалмайтын болса, мәселе сотта қаралады. Заңсыз қоқыс полигондары экологияға айтарлықтай залал келтіріп жатыр. Олар жаз бойы бықсып, ауаны ластайды. Жаңбыр суымен бірге еріген қоқыс, улы заттар жерге енеді. Бұған тосқауыл қою керек», - дейді облыстық экология департаментінің жетекшісі Азамат Бектасов.

Қалада пластик және қағаз бен шыны сияқты қалдықтарға арналған арнайы контейнерлер аз. Оған қоса, тұрғындар қоқысты полиэтилен пакеттерге салып шығарады. Қоқысты бөліп жинау мәдениеті қалыптаспаған. Сондықтан, бұл мәселенің жуық арада шешіле қояды деу қиын.

«Бізде бірінші кезекте экологиялық мәдениет жоқ. Бүгін тастай салған пластик бөтелке ертең қандай зардап әкелетініне мән бермейміз. Оның шіруіне жүздеген жылдар қажет. Ол табиғатқа ғана емес, бірнеше ұрпақтың денсаулығына зиянын келтіреді. Пластик – шірімейтін топқа жатқызылатын материал, ең қауіпті қалдықтардың бірі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1950-2018 жылдары жер бетінде пластиктің 6,3 миллиард тоннасы өндірілген. Оның тек 9 пайызы қайта өңделсе, 12 проценті өртелген. Пластикті жақсақ, ол атмосфераға улы заттар бөліп шығарады. Оның адам ағзасы мен қоршаған ортаға зияны айтпаса да түсінікті.

Оны жоюдың бір ғана қауіпсіз жолы бар. Ол материалды арнайы қондырғының көмегімен жою. Қоқысты бөліп жинау мәдениеті қалыптасу үшін халық санасына тұрмыстық қалдықтардың экологияға қаншалықты зиян екенін жеткізу керек. Қоқысты бөліп жинауды кеңселерде міндеттеп, енгізу қажет. Пайдасын ұғынған адам оны үйінде де әдетке айналдырады», - дейді тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысып жүрген кәсіпкер Қайыржан Айсин.

Тәулігіне тұрмыстық қалдықтар полигонына 120 тонна қоқыс әкелінеді. Экологтар талап орындалмайынша нысан жұмысын тоқтату қажет деп есептейді. Ал полигон өкілдерінен жауап алу мүмкін болмады.

400-ДЕН АСТАМ ПОЛИГОН ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Теріскейде қоқыс төгетін 450 орын анықталған. Оның 16-сы ғана ресми тіркеліп, заңды жұмыс істеп тұр. Петропавл іргесіндегі Бескөл ауылында да қоқыс мәселесі көп жылдан бері шешілмей келеді. Елді мекен іргесіндегі 8 гектар жер қоқыс үйіндісіне айналды.

«Полигон ашу – белгілі талаптарды қажет етеді. Қызылжар ауданындағы елді мекендер тығыз орналасқан. Бір жағынан Есіл өзені, екінші жағынан Смирнов табиғи аумағы қоршап тұр. Сондықтан полигон салатын орын жоқ. Халық қоқысты апаратын жер таппағандықтан, осында әкелуге тыйым салып отырған жоқпыз. Бұл мәселені шешу үшін заң талаптарын қайта қараудан басқа амал жоқ деп ойлаймын. Қазіргі полигонды мүмкіндігінде қадағалаймыз. Қоқысты сырып, бір жерге жинаймыз. Ал жаңасын ашу үшін деңгейіне байланысты 500 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін қаражат керек. Бірақ өткір мәселе ақшада емес, орында болып тұр», - дейді Бескөл ауылдық округінің әкімі Қанат Дәрібаев.

Қазақстанда 3 мыңнан астам тұрмыстық қалдық полигоны бар. Оның 80 пайызға жуығында экологиялық және санитарлық талаптар сақталмайды. Заңсыз жұмыс істеп тұрған нысандар саны бойынша Солтүстік Қазақстан бірінші орында тұр.

Серіктес жаңалықтары