Еліміздің бес қаласында ауа сапасы нашарлайды

Бұл өңірлердің атмосферасында зиянды заттар жиналуы мүмкін

Еліміздің бес қаласында ауа сапасы нашарлайды
Фото: © istockphoto.com

31 мамырда Қазақстанның бірнеше шаһарында ауаның ластану көрсеткіші артуы мүмкін. Синоптиктер бес қаланың тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Мәліметтерге сәйкес, атмосфералық ауаның сапасы төмендейтін өңірлер белгілі болды. Жексенбі күні атмосфералық жағдайларға байланысты Алматы, Талдықорған, Ақтөбе, Өскемен және Павлодар қалаларында зиянды қалдықтардың ауада таралуы күтілуде.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.

2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.

3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.