Қазақстанда пойызбен жүк тасымалдауға арналған цифрлық жүйе сынақтан өтіп жатыр
Жаңа сервис жолаушыларға багаж тасымалын онлайн рәсімдеп, процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді
«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарда багаж бен жүкбагажды рәсімдеу және алып жүру процесін цифрландыруға арналған пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба №9/10 «Нұрлы жол – Алматы-2» бағыты бойынша сынақтан өткізіліп жатыр. Оған Астана («Нұрлы жол»), Қарағанды және Алматы-2 станцияларындағы багаж бөлімдері енгізілген.
«Жаңа жүйе багаж тасымалдау процесін ашық әрі ыңғайлы етуі тиіс. Ол жөнелтілімдерді есепке алуды жеңілдетуге, адам факторын азайтуға және багажды рәсімдеуден бастап жол бойы алып жүруге дейінгі барлық процесті цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Платформа станция қызметкерлері арқылы жұмыс істеуді де, WMS қойма басқару жүйесі арқылы self-service қағидатымен қызметті өз бетінше рәсімдеуді де қолдайды.
Жобаның ерекшелігі – цифрлық шешімді Astana IT University студенттері дуалды оқыту бағдарламасы аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп әзірлеген. Жоба барысында студенттер өз білімдерін тәжірибеде қолданып, теміржол саласындағы нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатысқан.
Компания өкілдері тестілеу аяқталғаннан кейін цифрлық жүйені елдегі барлық багаж бөлімдеріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отырғанын айтты.