10 сотық жер: кімдер және қалай ала алады?

Электронды тәсілмен жер учаскесін алу кезегіне қалай тұруға болады?

Енді қазақстандықтар жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер учаскесін алу үшін egov.kz арқылы кезекте тұра алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұған дейін жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу кезегіне тұру үшін қазақстандықтар әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсырып, кезектің дұрыс жүргізуі күмән туғызатын еді. Енді электронды түрде кезекте тұрғандар жылжу барысын өз бетінше бақылап, жер кезегіне бұдан бұрын берілген өтініштің деректерін өзгерте немесе толықтыра алады. Осылайша, әрбір қазақстандық алуы тиіс 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық болады. Ал автоматизация арқасында бұл процеске 5 минут қана жұмсалады.

БАСТЫ ШАРТ – 10 СОТЫҚ ЖЕРГЕ 3 ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ҮЙ САЛЫНУЫ КЕРЕК

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жер қадастыры департаменті директорының орынбасары Еркін Сүлейменовтің айтуынша, ҚР Жер кодексіне сәйкес 18 жасқа толған кез-келген азамат тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер алуға құқылы. Бұрын азаматтар жер алу туралы өтінішті жергілікті атқарушы органға, яғни әкімдіктерге қағаз түрінде апарып беретін. Кезекке қою облыс, қала, ауыл деңгейінде бөлек-бөлек жүргізілетіндіктен, мәліметтерді нақтылауда қиындықтар туып жататын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізілімін енгіздік.  Енді қазақстандықтар автоматтандырылған жүйенің арқасында кезекке тұрып, кезектің ары қарай қалай жылжып жатқанын онлайн бақылай алады. Сондай-ақ бұрын берілген өтініштері бойынша деректерді жаңарта алады. Осылайша әрбір қазақстандыққа тиісті жер алу процесін барынша ашық қылдық», - дейді Еркін Сүлейменов.

Оның сөзінше, қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік корпорация жергілікті әкімдіктерден мәліметтер сұратып, 1,3 миллионнан аса жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алуға кезекте тұрған адамдардың тізімін цифрландырып, ортақ базаға енгізді. Бұған дейін тегін жер алған азаматтардың да тізілімі жүктелді.

«Барлық мәлімет автоматты түрде eGov.kz порталында шығып тұрады. Егер бұрын азаматтар тұрғылықты тіркелген жері бойынша кезекке тұратын болса, енді Қазақстанның кез келген аймағынан жер алуға өтініш бере алады. Мысалы Түркістан облысының тумасы, Шығыс Қазақстан облысынан 10 сотық жер ала алады. Жер алудың негізгі шарттарының бірі – 10 сотық жерге 3 жылдың ішінде үй салыну керек, содан кейін ғана жер жекеменшікке өтеді. Қазақстан азаматы кейін бұл үйді өз балаларына мұрагерлікке қалдыра алады. Жер телімдеріне өтініш беру қызметін цифрландыру жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды, бұрығыдай таныс-тамыр арқылы кезекті жылжыту, кезексіз жер алу секілді бармақ басты, көз қысты әрекеттер тоқтайды», - дейді Е. Сүлейменов.

Оның айтуынша, азаматтар ауылды жерде отырып та 10 сотық жер алу бойынша өтінішті eGov.kz порталы арқылы оңай бере алады. Ал интернет дұрыс істемеген жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өзіне қызмет көрсету секторында өтініш бере алады.

«Егер азаматтар бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса кезекке тұра алмайды. Тегін жер телімдерін беру туралы шешімді әкімдіктер қабылдайды. Жер учаскелері инфрақұрылымының дайындығына қарай, бос аумақтар болған жағдайда елді мекеннің бас жоспарына сәйкес бөлінеді. Біз eGov.kz арқылы жария картасын жасап шықтық. Онда қай елді мекенде 10 сотық жер алу бойынша тізімде қанша адам тұрғанын көруге болады. Кезегі тезірек келуі үшін жер алуға өтініш бермес бұрын кезек санын бір қарап алған дұрыс. 10 сотық жерге отбасының 18 жасқа толған әрбір мүшесі бере алады», - дейді Еркін Сүлейменов.

Белгілі болғандай, жергілікті әкімдік инфрақұрылымы жолға қойылған, жолы, суы бар жерлерді ғана халыққа беруі тиіс.

ЭЛЕКТРОНДЫ ТӘСІЛМЕН ЖЕР УЧАСКЕСІН АЛУ КЕЗЕГІНЕ ҚАЛАЙ ТҰРУҒА БОЛАДЫ?

Алдымен eGov.kz порталына кіріп, авторизациядан өтесіз. Одан кейін «Жылжымайтын мүлік» бөлімін таңдайсыз. Одан әрі сол жақтан «Жер қатынастары» тармақшасын шертеміз. «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға кезекті қарау немесе тұру мемлекеттік қызметін» іздеп табамыз. Әрі қарай қызметке тапсырыс береміз. Есепке қою, өтініш түрін көрсетеміз. Бұл жерде сондай-ақ «өзектендіру» және «кезектен шығу» сияқты өтініш түрі бар. Соған назар аударыңыз.

«Есепке қою» қызметінде қажетті аймақты таңдаймыз. Мысалы Қарағанды облысы Теміртау қаласы. Бұрын тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алмағаныңызды растайтын белгіні қоюды ұмытпаңыз. Қызметке ЭЦҚ немесе бір реттік құпия сөз арқылы қол қоямыз. Сұраныс өңделді. Сізге жергілікті атқарушы органның есепке қою туралы хабарламасы шығады.

ҚАЙ ҚАЛАЛАРДА ЖЕР ТЕЛІМІ БЕРІЛМЕЙДІ

Айта кетерлігі, Алматы және Нұр-Сұлтан сияқты қалаларда жеке тұрғын үй үшін тегін жер берілмейді. Қаланың бас жоспары бұған мүмкіндік бермейді. Ол қалаларда жер аукцион арқылы сатылады. Ал Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктерінің жер бермеуі Жер кодексінің 50-бабын бұзу болып саналмайды. Жеке тұрғын үй құрылысы мақсатында жер алу үшін алдымен сол елді мекенің бас жоспарымен танысу керек. Белгілі болғандай, жергілікті әкімдік инфрақұрылымы жолға қойылған, жолы, суы бар жерлерді ғана халыққа беруі тиіс.

Мамыр айының басындағы мәліметке сәйкес республика бойынша 10 сотық жер алуға 2 709 933 электронды өтінім берілген. 

Заңгер Дастан Дәулетияровтың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желідегі мемлекет тарапынан тегін жер беру туралы ақпарат бұрмаланған.

«Наурыз айынан бастап тегін жер біріліп жатыр деген ақпарат тарады. Осы тұста халыққа түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. «Тегін жер беріліп жатыр» дегендер ақпаратты бұрмалап жіберді. Салдарынан халық бұрыннан бар заңды жеке бағдарлама сияқты қабылдады. Негізі 2000 жылдан бері жер кезегінде тұрған азаматтар бар. Жер кодексінің 50-бабында «ҚР 18 жасқа толған кез келген азамат жеке тұрғын үй салуға 10 сотық жерді тегін ала алады. Бұрын әкімдікке барып, қағаз жүзінде арыз жазып, жер кезегіне тұратын. 2022 жылдың сәуір айынан бастап өтініш беру электронды форматқа ауысты», - дейді заңгер.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.