Нұр-Сұлтанда өткен жаздан бері 44 бүлдіршін терезеден құлап, 7-еуі көз жұмды
Елордадағы ювеналды полиция өкілі заң бойынша ата-аналарға қандай шара қолданатындарын айтты
Осы жылдың басынан бастап Нұр-Сұлтанда 9 бала терезеден құлап, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық полиция бөлімінің Ювеналдық полиция аға инспекторы Мұсабекова Ұлбосын мәлім етті.
Сондай-ақ маман күні кеше ғана Нұр-Сұлтандағы көпқабатты пәтерлердің бірінде 20 минут бойы ілініп тұрған Айзеренің анасына еш жаза қолданылмайтынын айтты.
«Айзеренің заңды өкіліне әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Себебі анасы қызын өзінің туған інісімен қалдырып кеткен. Бүлдіршіннің анасына біз тегін психолог көмегін ұсындық. Жедел жәрдем көлігі де келіп, Айзерені тексерді. Денсаулығында ешқандай ақау жоқ», – деді аға инспектор.
АТА-АНАЛАР ҚАЙ КЕЗДЕ ЖАЗАЛАНАДЫ?
Ата-анасы баланы жалғыз өзін қалдырып, қасақана жасалып, кінәсін толық мойындаған жағдайда ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартамыз. Мүмкіндігі шектеулі, мүгедек балаларды үйге әдейі қамап кеткен жағдайда ҚР құқық бұзушылық кодексінің 119-бабы бойынша заңды өкілі жауапкершілікке тартылады. Бірінші ретте 100 айлық көрсеткіште айыппұл салынады немесе оны қоғамдық жұмыспен өтеуге болады.
ӨТКЕН ЖАЗДАН БЕРІ 44 ФАКТІ ТІРКЕЛГЕН
Нұр-Сұлтан қаласында осы жылдың басынан бері 9 баланың терезеден құлау фактісі тіркелді. Өкінішке қарай, екі оқиға өліммен аяқталды. Былтыр 35 баланың терезеден құлау фактісі тіркелсе, 5-еуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Көп жағдайда 3-7 жас аралығындағы балалар зардап шегеді. Балаларға қатысты ең жиі болатын заң бұзушылық – әкімшілік кодекстің 442-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни, кәмелет жасына толмаған балалардың түнгі сағат 10-нан кейін заңды өкілінсіз жүруі. Жасөспірімдер компьютер клубтары, түнгі ойын-сауық орталықтарында жүрсе, ата-аналарына айыппұл салынады. Егер бала далада жүрген болса, бірінші кезекте ескерту беріледі. Одан кейін айыппұл салында, үшінші кезеңде іс сотқа жолданады.
ҚАНДАЙ АТА-АНАЛАР ТІРКЕУГЕ АЛЫНАДЫ?
Ішімдік ішетін ата-аналар тіркеуде тұрады. Көп жағдайда жұбайлардың біреуі ғана ішімдікке әуес болады. Ал әйелі де, ері де ішімдікке жақын болса, жасөспірімдерді бейімдейтін орталықтарға орналастырып, ары қарай ата-ана құқынан айыру бойынша жұмыс істейміз. Бала 18-ге толғанға дейін жауапкершілік толық заңды өкілінде.
«Қазіргі таңда жасөспірімдер сауатты және өз құқықтарын қорғай алады. Бізге кез келген уақытта жасөспірімдер хабарласып, проблемалары мен үлкендерге айта алмайтын сырларымен бөлісіп, тегін психолог көмектеріне жүгініп жатады. Instagram, WhatsApp арқылы арыз-шағымдарын білдіреді. «Право» деген орталықта шет тілін үйреніп, ән айту, көлік жүргізу үйірмелеріне қатысып, қосымша дағдыларды үйренеді.
Ата-аналарға айтарымыз, балаларыңызды ашық терезе маңына қараусыз қалдырмаңыздар. Үйдегі маскиттік торлар темір торлардай мықты емес, бала ол торды жеңіл итере алады. Сондықтан қауіпсіздік шараларына мұқият болуға шақырамын. Балаңызға терезеден бір нәрсе көрсету мақсатында оны терезеге шығуға үйретпеңіз. Сондай-ақ үйдегі терезенің тұтқасын алып тастаңыз немесе терезеге кілті бар құлыптар орнатуды сұраймыз. Балаңыздың денсаулығы тек қана сіздердің қолдарыңызда!» – деді ол.