$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Пандемиядан соң туберкулез жұқтырғандар саны күрт артуы мүмкін – дәрігерлер дабыл қақты

Былтыр жеті мыңға жуық адам құрт ауруымен анықталған

Пандемиядан соң туберкулез жұқтырғандар саны күрт артуы мүмкін – дәрігерлер дабыл қақты
Коллаж: Azattyq Rýhy

Екі жылға созылған пандемия жалпы халықтың өкпесін әлсіретіп кеткен. Соның салдарынан алдағы бірнеше  жылдың ішінде туберкулезбен ауыратындар саны күрт артуы ықтимал, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ғалымдар COVID-19 вирусының кесірінен туындайтын қосымша мәселелерден бөлек, елдегі құрт ауруының жалпы жағдайына да тоқталды. Олардың айтуынша, былтыр жеті мыңға жуық адам құрт ауруымен анықталған. Ғалымдардың пікірінше, емделуі тым ұзаққа созылатын бұл ауру бұрын 15 пен 40 жас аралығындағы адамдарда көп кездессе, соңғы уақытта ересектердің арасында да көп тіркеліп отыр. Алдағы жылдарға болжам жасаған мамандардың пікірінше, дерттің асқынуына дер кезінде спринингтердің жасалмауы себеп. Өйткені, жалпы халықтың денсаулығын қадағалаумен айналысатын емханалар пандемияға байланысты жабылып, коронавирусқа қарсы жұмыс істеді. Бұл өз кезегінде халықтың жаппай туберкулезге қарсы тексерістен дер кезінде өтуін әжептәуір шектеген.

«2020-2021 жылдары осы коронавирустың салдарынан кейбір медициналық мекеме жабылды. Тек қана коронавирусқа қарсы жұмыс істеді. Сондықтан туберкулезге қарсы скринигтер толық өткізілген жоқ. Шағымдары бар адамдар толықтай барып, қаралмады. Сондықтан біздегі болжам бойынша туберкулезбен ауырғандар 2022-23 жылдары 10% дейін өсуі мүмкін деген болжам бар. Өкпесінде жайылмалы өзгерістері бар, ыдырау қуыстары бар адамдарда туберкулез көп анықталып жатыр. Ауру уақытынан кешірек анықталып жатыр. Кешірек деген сөз, науқас үйінде туған-туысқанымен, қоғамдағы адамдармен қатынаста болады. Ал ауру ауа арқылы таралатындықтан туберкулездің басқа адамдарға да жұғу қаупі жоғары. 2021 жылдың аяғында бізде туберкулезбен ауырған  6824 адам анықталды. Солардың 85%-ы – өкпе туберкулезі, қалғаны өкпеден тыс аурулар. Бұл науқастардың 40% бактерия бөлуші адамдар болды», - деді ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының Департамент жетекшісі Панагүл Жазықбекова.

 

Мамандардың айтуынша, құрт ауруын жұқтырғандарды анықтап қана қоймай, оны қысқа мерзім ішінде толықтай емдеуге де елімізде мүмкіндік мол. Бұрын науқас екі жылға дейін емделсе, қазіргі 6-9 айдың ішінде туберкулезден толық айықтыратын препараттар бар. Ұлттық фтизиопульмонология орталығы «Камеда» ҚҚ, «Туберкулезді жою-тоқтату» бірлестігінің Қазақстандағы туберкулезге қарсы орталығы сынды ұйымдармен бірлесе жұмыс бастаған. Қазір туберкулезге қарсы күрестің тағы 5 жылдық жобасы дайындалып жатыр. Бұл қатерлі дертті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мамандар науқастар саны артса да, онымен күресуге елдің қауқары толыққанды жетеді деп отыр. Өйткені қала ғана емес, алыс аудандардағы емханаларға да әлемдегі ең озық аппараттарды әкелу басталған.   

«Елімізде туберкулезді ерте, нақты анықтау үшін барлық жағдай жасалған. Әлемде туберкулездің жаңа түрлерін анықтаудың қандай құралдары болса, соның бәрі елімізде бар, қолжетімді. Ең соңғы озық технология саналатын GeneXpert MTB/RIF аппараты туберкулезді анықтау үшін еліміздегі әрбір аудандық  ауруханаларға береді. Бұл генді-молекулярлы технология өкпедегі, жалпы денедегі туберкулездің белгілерін флюорографияға қарағанда мың есеге нақты анықтайды. Бұл аппараттың 120-сы ауруханаларға қойылды,  жуырда тағы 20-сы келеді. Басқа елдерде бұл аппарат арқылы тексеруден өтудің өзі өте қымбат, мәселен, Ресейде GeneXpert MTB/RIF арқылы өкпені тексерудің құны – 45 доллар. Ал бізде тұрғындар тегін тексеріле алады. Министрліктің қаулысы бойынша адам осы аурумен ауруы мүмкін деген күдік болса, бірден осы GeneXpert MTB/RIF арқылы тексеріледі. Туберкулез белгісін екі сағаттың ішінде анықтап қана қоймай, инфекцияның қандай түрі екенін, оның дәріге қаншалықты төзімді екенін де дәл анықтайды», - деді Ұлттық фтизиопульмонология орталығынның бақылау және бағалау, эпидемиология және статистика, ақпараттандыру департаментінің басшысы.

Биыл Ұлттық фтизиопульмонология орталығынның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Ғылыми орталықтың қазіргі таңдағы ең басты жұмысы – облыстарға әдістемелік-ұйымдастыру көмегін көрсету. Орталықтың мамандары туберкулез бойынша барлық нармативтік-құқықтық құжаттарды дайындайды, яғни, туберкулезді қалай анықтау керектігін ғана емес, оны емдеудің жолдарын да тек осы ғылыми зерттеу оралық арқылы ел көлемінде іске асырылады.

«Ұлттық фтизиопульмонология орталығында сезімтал туберкулез, дәріге төзімді туберкулез, балалардағы туберкулез, өкпеден тыс туберкулезді емдейтін бөлімшелер бар. Қосымша туберкулез ауруын басқа аурулардан ажырататын бөлімше, өкпелік туберкулезге хирургиялық емдеу әдістерін қолданып көмек көрсетеміз. Жаңа әдістер, инновациялық емдеу тәсілдері бірінші осында сынақтан өтіп, одан кейін барып басқа облыстарда қолдануға рұқсат беріледі. Орталықта 350 төсек орын бар. Республиканың түкпір-түкпірінен науқастар келіп ем алады», - деді орталықтың басшысы Шахмұрат Исмайылов.

Оқи отырыңыз: СҚО-да гемодиализ орталығы жабылып қалуы мүмкін: өңірде бүйректің жасанды қызметіне 200-ден аса адам мұқтаж

Құрт ауруымен ауырғандар еліміздің батыс өлкесінде көп. Батыс облыстарда адамдардың туберкулезбен көп анықталуының тағы бір себебі – ата-аналар балаларына «Манту», БЦЖ сынды міндетті екпелерді  салдырмайды. Орталық мамандарының айтуынша, халықта туберкулезге байланысты қорқыныш пен үрей қалыптасқан. Оның басты себебі – ақпараттың дұрыс жеткізілмеуі.  

«Бүгінгі таңда туберкулез ешқандай да қорқынышты ауру емес. Адамдар арасында ол туралы дұрыс емес түсінік қалыптасқан. Былтыр коронавирус болған кезде ешкім жасырған жоқ. Емделіп жазылып жатты. Бұл да сондай. Өкпеге түскен инфекцияны емдеуге болады. Сонымен бірге емдеудің барлық түрі және дәрі-дәрмектер тегін. Ұзақмерзімді немесе аздаған жөтел, тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, салмақ тастап, жүдеу – туберкулездің белгілері. Бірақ бұл белгілердің бәрі  кейде бірге қабаттасуы  немесе бір ғана белгі арқылы туберкулезбен де ауруы мүмкін. Бұл әлеуметтік ауру саналғандықтан, науқастардың бәріне жергілікті бюджет арқылы көмек ретінде төлем жасалуы тиіс. Әлеуметтік қолдау әр облыста әртүрлі. Атырау, Қызылорда, Жамбыл облыстарында 10 АЕК көлемінде төлем жасалса, кейбір аймақтарда тоқсан сайын көмек беріледі. Кейбір облыстарда әлі бұл мәселе шешілмей жатыр толыққанды», -  дейді П. Жазыбекова.

 

Серіктес жаңалықтары