$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да гемодиализ орталығы жабылып қалуы мүмкін: өңірде бүйректің жасанды қызметіне 200-ден аса адам мұқтаж

Науқастар бұл проблема шешілетінінен үмітті

СҚО-да гемодиализ орталығы жабылып қалуы мүмкін: өңірде бүйректің жасанды қызметіне 200-ден аса адам мұқтаж

Петропавлдағы гемодиализ орталығы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Оған медициналық мекеменің 8 жыл бойы жалға алып келген ғимараттан айрылып қалуы себеп. Жыл басында тендер жарияланып, нысанды пайдалану құқығын ақтөбелік емхана ұтып алған. Алайда аталған медициналық мекеменің науқастарға гемодиализ қызметін көрсететін лицензиясы жоқ. Бүйректің жасанды қызметінсіз өмір сүре алмайтын науқастар өз тағдыры үшін алаңдаулы. Олар әкімдіктен мәселені тез арада шешуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

БАСҚА ОРТАЛЫҚТАРДА РЕАНИМАЦИЯ БӨЛІМШЕСІ ЖОҚ

Солтүстік Қазақстанда бүйректің жасанды қызметіне мұқтаж 200-ден астам адам тіркелген.  Оларға бірнеше гемодиализ орталығы қызмет көрсетеді. Алайда біреуінде ғана арнайы жарақтандырылған реанимация бөлімі бар. Орталықта тұрақты түрде ем алатындардың бірі – Татьяна Сукманюк. 26 жастағы келіншек қос бүйрегінен айрылған. Аптасына үш мәрте ем қабылдауы керек. Нефрологиялық көмек болмаса, өмір сүре алмайды. Ол медициналық мекеменің жабылуына немесе басқа жерге көшірілуіне қарсы. Себебі бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққандар үшін кез келген сәтте реанимация көмегі қажет болуы мүмкін.

«Екі бүйрегім алынып тасталған. Сондықтан қан қысымым кейде көтеріліп, кейде түсіп кетеді. Кейде төменгісі 40-қа түссе, жоғарғысы 240-қа жетуі мүмкін. Бүйрегім болған кезде де гемодиализге барып жүрдім. Бірде гемодиализ барысында бүйрегім жарылып кетіп, дәрігерлер мені аман алып қалды. Дереу реанимацияға апарып, ота жасалды. 5-10 минутта тиісті медициналық көмек көрсетілмесе, не боларын елестету қиын.  Егер қаладағы басқа орталықта болсам, креслода жан тапсыруым мүмкін еді. Себебі олардың ешқайсысында осындағыдай жарақтандырылған жансақтау бөлімі жоқ», - дейді гемодиализ орталығының емделушісі Татьяна Сукманюк.

Петропавл тұрғыны Татьяна Белякова 62 жаста. Екі бүйректің туа біткен кемістігі бар. Кезекті гемодиализ уақытында жасалмаса, өмірмен қош айтысуы мүмкін. Аталған орталыққа келетін ол  сияқты тағы 65 науқас бар.

«Біз көппіз. Сондықтан кесте бойынша 3 ауысымда келіп жүреміз. Орталық ғимаратын тартып алмақ болып жатқандар осыны түсіне ме екен?! Бізді жанайқайымызды айтып, ешкімге жеткізе алар емеспіз. Келіп кабинетті босатуды талап етіп кетіпті. Біз қайда бармақпыз», - дейді Татьяна.

Гемодиализ орталығындағы проблема осы жылдың қаңтар айында басталған. 8 жылдық жалдау мерзімі аяқталған кезде әкімдік жаңа тендер жариялаған. Алайда оны ұтып алған ақтөбелік мекеме осы күнге дейін төбе көрсетпепті.

НАУҚАСТАР БҰЛ ПРОБЛЕМА ШЕШІЛЕТІНІНЕН ҮМІТТІ

Көпбейінді қалалық аурухана жанынан осыдан 10 жыл бұрын гемодиализ орталығы ашылған болатын. Бүгінде мұнда бүйрегі сыр берген 70-ке тарта науқас ем-дом алады. Медициналық ошақтың жабылатынын естіген халық құзырлы органдарға хат жолдады. Айтуларынша әзірге мәселе нақты шешімін тапқан жоқ.

«Бұл біздің өңірдегі ең жақсы деген орталық. Мықты мамандар да осында. Бес жыл бойы қаралып, ем алып келемін. Жансақтау бөлімшесі де бар. Қысқасы қазір бізді бұл жерден қуып жатыр. Басқа жерге барғымыз келмейді. Әрі емхана, аурухана да осы жерде орналасқан. Қажет болғанда басқа жаққа барудың қажеті жоқ. Денсаулық болмаған соң емін-еркін жүріп-тұра алмайсың. Жоғары жақтағылар біздің жағдайымызды ескеріп, мәселені шешіп берсе екен», - дейді гемодиализ орталығының емделушісі Любовь Субачева.

ЖАҢА ЖАЛГЕР НЫСАНДЫ ҚАНДАЙ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНАРЫ БЕЛГІСІЗ

Аталған орталық аурухана ғимаратынан кабинет жалдап келген. Бірақ биыл оны жалға беру үшін жаңа конкурс жарияланған екен. Ал оны ақтөбелік компания ұтып алыпты.

Гемодиализ орталығы орналасқан ғимарат облыстық әкімдік меншігінде. Оны жекеменшік клиника жалға алып, міндетті медициналық сақтандыру аясында науқастарға қызмет көрсетіп отыр. Ол үшін арнайы тендерді де жеңіп алған.

«Ғимарат – облыстық әкімдік меншігінде. Оны қаржы басқармасы мемлекеттік сатып алу тәртібіне сәйкес жалға береді. Тендерді жеңіп алған компанияның лицензиясы болмағандықтан, гемодиализ қызметін көрсете алмайды. Оларың тендерге қандай мақсатта қатысқанын біз әзірге білмейміз. Ал қазір жұмыс істеп тұрған орталыққа аурухана жанынан басқа орын беру мәселесі қарастырылып отыр. Тіпті бұдан кең, жарық, әдемі ғимарат береміз деген ойдамыз. Сондықтан науқастардың алаңдамауына болады. Олар осыны білмегендіктен, ақпарат болмағандықтан даурығып жатыр деп ойлаймын», - дейді №3 қалалық көпбейінді аурухананың жетекшісі Жанна Мауытова.

Ал ғимаратты жаңадан жалға алған компания гемодиализ орталығының ұжымына нысанды 15 мамырға дейін босатуға уақыт берген. Әзірге бұл жер қандай мақсатқа пайдаланылары белгісіз.

Серіктес жаңалықтары