$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Референдумнан кейін Қазақстанды қандай өзгерістер күтіп тұр

Жер қойнауы халықтікі бола ма? Өлім жазасы жойылып, елде заң қабылдау тәртібі өзгере ме?

Референдумнан кейін Қазақстанды қандай өзгерістер күтіп тұр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy; Фото: Tengrinews.kz

Шамамен үш аптадан кейін қазақстандықтар референдумда дауыс бере отырып, Ата заңымыздың 33 бабына көзделіп отырған 56 өзгерістің тағдырын шешеді

Azattyq Rýhy бұл өзгерістердің ортақ мақсаты бар ма, неге бюллетеньге бір ғана сұрақ жазылған, референдум әділ өтті деп қабылдану үшін халықтың қанша пайызы дауыс беру керек деген мәселелерге толығырақ тоқталды.

Жалпы, қолданыстағы Конституцияның 91-бабына сәйкес оған өзгеріс енгізудің екі жолы бар, біріншісі осы – республикалық референдум, екіншісі – парламенттің қабылдауы. 1995 жылы Конституция референдум арқылы қабылданғанмен, оған қатарынан бес рет Парламент арқылы өзгеріс еніп отырды. 1995 жылдағы елдің саяси сауаттылық деңгейін, оның үстіне, халықтың қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескерсек, ел тұрғындарының көбі Конституцияға еніп жатқан өзгерістерден бейхабар болуы мүмкін еді, ал Конституцияға енген кейінгі бес өзгерісті Парламент өзі қабылдап отырды. Сондықтан болар, бұл жолы Президент Конституцияға енетін өзгерістерді референдум арқылы қабылдауды жөн көрген.

ЗАҢҒА 56 ТҮЗЕТУ ЕНГІЗІЛЕДІ, АЛ БЮЛЛЕТЕНДЕ БІР-АҚ СҰРАҚ ҚОЙЫЛАДЫ

Келесі мәселе – Президент өтеді деп жариялағанмен, оның өткен не өтпеген болып саналуы тек халықтың қолында. Бұл ретте 11 қаланың тұрғындары қандай дауыс берсе, сондай шешім қабылданады.

«Егер 11 қаладағы халықтың көпшілігі «жақтап» дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептеледі. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбаған болып саналады. Неге 11 қала? Түсіндірейін. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заң бойынша референдумға шығарылатын мәселе, егер ол үшін өңірлердің кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

Айта кетейін, қазір Қазақстанда 17 өңір бар, өйткені, жаңа 3 облысты – Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құру туралы Жарлық осы жылдың 8 маусымынан бастап күшіне енеді, ол облыстар қосылмайды, осылайша 17 өңірдің үштен екісі 11 өңірді құрайды. Осыған байланысты Конституцияға түзетулерді қабылдау толығымен халықтың еркіне байланысты», - деді референдум өткізудің тәртібін түсіндірген Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Атап өткеніміздей, референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделіп отыр. Алайда сіз 5 маусым күні дауыс беруге барғанда бюллетеннен бір ғана сұрақ және ол сұрақтың не қолдаймын не қарсымын деген жауабын көресіз. Мәселен халық өзгерістердің біреуін қолдап, екіншісіне қарсы болса не істеуі керек? Бұл мәселені Әділет вице-министрі Алма Мұқанова былайша түсіндіріп берді:

«Бұл сұрақ бірінші рет қойылып отырған жоқ. Иә, референдумның бюллетенінде «өзгерістерді қолдайсыз ба, жоқ па?» деген бір ғана сұрақ болады. Өйткені Конституцияға өзгерістер біртұтас жоба ретінде жасалған. Сондықтан адам осы біртұтас өзгерісті көбінесе қолдай ма, әлде қарсы ма деген сұраққа ойлана келе өзі үшін таңдау жасауы керек», - дейді Әділет вице-министрі.

ӨЗГЕ ЕЛДЕР РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУ ҮШІН ҚАНДАЙ МОДЕЛЬ ҚОЛДАНАДЫ?

Алма Мұқанованың айтуынша, өзге елдер сияқты Қазақстан да референдум өткізудің түрлі моделін қолдана алады. Тіпті әлгі Парламент арқылы ғана референдум жасау да сол модельдердің бір түріне жатады. Біз сияқты өзге елдер де референдум өткізудің әртүрлі моделін ұстанып жүр.

«Басқа елдердің тәжірибесін әрине, саралап, олармен танысты. Ол елдер де референдумның аралас моделін ұстанады», - дейді ол.

Жер байлығы – халықтікі, президенттің ықпалын азайту және мәжбүрлі еңбек. Референдум қабылданса не өзгереді?

Алма Мұқанова Конституцияға көзделіп отырған өзгерістерді 12 тармаққа бөлді. Олар:

  1. Президенттің лауазымына байланысты шектеулер;
  2. Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық нормаларды алып тастау;
  3. Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау;
  4. Кейбір адамдардың лауазымда болуына байланысты шектеулер;
  5. Өлім жазасын жою;
  6. Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру;
  7. Құқық қорғау институттарын күшейту;
  8. Конституциялық сот құру;
  9. Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту;
  10. Заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту;
  11. Мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі;
  12. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту.

Осылардың арасында бұған дейін Президенттің лауазымына байланысты шектеулер, Тұңғыш Президенттің мәртебесі, Парламенттегі өзгерістер туралы біраз айтылды. Ал өзге түзетулер қазақстандықтарға қандай мүмкіндік беріп, елде қалай демократия орната алады?

Бәрімізге белгілі, соңғы 10 жылда елде болған ең ірі шерулер еліміздің жеріне қатысты болды. Билік жерді шетелдіктерге жалға беру туралы бастаманы қолға алғанда, халық бас көтерді. Референдум бұл мәселені сырт айналып өтпеген, маңызды түзетудің бірі – жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау. Бірақ бұл түзетудің де өз нюанстары бар. Мәселен қазір жерді жекеменшікке алған адамдарға бұл түзету әсер етпейді. Есесіне, референдум арқылы Конституцияда билікке тең болатын идея бар, ол – билік халыққа тиесілі болады деген режим.

«Жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Бұл аталған ресурстардың кімге тиесілі екендігі мәселесінде ақырғы нүктені қояды. Мемлекеттік институттар тек халықтың атынан осы ресурстарды басқарады. Бұл жерге жекеменшік режиміне ешқандай жағдайда әсер етпейтінін ескеру қажет, яғни жекеменшіктегі жер одан әрі де жекеменшікте болады. Сондай-ақ, Конституцияда билікке қатысты ұқсас режим, идея бар екенін атап өткім келеді. Конституция бойынша билік халыққа тиесілі. Алайда халық өз билігін мемлекеттік институттар арқылы жүзеге асырады», - дейді бұл түзетудің мәнін түсіндірген Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Сонымен қатар, түзетулер қабылданса Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құрылады.

Айта кетейік, қазір республикалық бюджеттің орындалуын Есеп комитеті бақылайды және ол жылына бір рет Парламент алдына шығады.

Бұдан өзге тағы бір өте маңызды түзету – елде заң қабылдау тәртібі өзгереді. Қазір қандай да бір заң жобасы алдымен Мәжілісте қаралып, талқыланып, Сенаттың қабылдауына жіберілсе, референдум арқылы бұл тәртіпті өзгерту ұсынылып отыр. Ал егер референдумдағы түзетулер қабылданса, енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды да, Сенат қабылданған заңдарды не мақұлдайды, не мақұлдамайды. Баса айта кетерлігі, түзетулер мақұлданса Конституциялық заңдарды қос палата бірге қабылдайды.

Осы және өзге де түзетулерге қатысты толыққанды ақпарат берген Әділет вице-министрі Алма Мұқанова қандай жағдай болмасын Қазақстанға енетін кез келген өзгеріс тек халықтың ғана қолында дегенді айтып, ойын қорытындылады.

«Ел халқы бұл түзетулерге жақтап дауыс бере алады немесе қарсы дауыс бере алады. Егер жақтап дауыс берсе, онда ұсынылған өзгерістер моделі іске қосылады. Егер халық қарсы дауыс берсе, онда түзетулер қабылданбайды және қолданыстағы модель сақталады. Таңдау ел азаматтарының қолында», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары