Талдықорғанды жабайы базар жайлап тұр: әкім мен кәсіпкерлер келісімге келе алмай отыр

Саудагерлер қаланың орталық бөлігіндегі бір көшені беруді талап етіп отыр

Талдықорғанды жабайы базар жайлап тұр: әкім мен кәсіпкерлер келісімге келе алмай отыр

Талдықорғанды жабайы базар жайлаған. Қала орталығында белгіленбеген жерлерде жайма базармен жабайы сауданы қыздырып отырған кәсіпкерлер көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ақын Сара, Гаухар ана, Шевченко және Құрманов көшелерінің бойындағы саудагерлерді қала әкімдігі тоқтата алмай отыр. Жылдар бойы шешімі табылмаған мәселенің күрмеуін тарқату үшін талай жұмыс атқарылды, алайда нәтежиесі шамалы.

Әкімдік мүдделі мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы жабайы сауданы жою мақсатында өзара ынтымақтастық туралы келісімге келген. Сонымен қатар, келісімдер аясында сауда үйлерінен жалдау ақысын жеңілдете отырып орындар ұсынылды және коммуналдық базарда орын тегін берілген.

«Заңсыз сауда жасайтын саудагерлерге сауда орындарының балама нұсқалары ұсынылды. Бірақ саудагерлер бас тартты, сауда жасау үшін жергілікті атқарушы органнан қаланың орталық бөлігіндегі бір көшені беруді талап етті. Осыған байланысты 2022 жылғы 29 наурызда мемлекеттік органдардың қатысуымен стихиялық сауда мәселесін шешу бойынша көшпелі кеңес өткізілді», - деді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.

Шаһар басшысының айтуынша, осы жылдың 5 мамырында Біржан сал, ақын Сара, Шевченко көшелерінде орналасқан сауда үйлерінің басшыларымен кездесу өткізілген. Кездесу барысында сауда үйлерінің сәулеттік келбеті, іргелес аумақтың тазалығы және жаяу жүргіншілердің қозғалысын жауып тұратын заңсыз жапсарлас құрылыстар мәселесі талқыланған.

Айта кетерлігі бүгінде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін қоса отырып, стихиялық сауданы жою жөніндегі жұмыс тобы жаңартылды және іс-шаралар жоспары бекітілді.

Биыл 11 мамырдан бастап «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР заңына сәйкес сауда нысандарының қасбеттік бөлігін ретке келтірмек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.