ШҚО-да салынғанына небәрі 10 жыл болған мектеп ғимаратының қабырғалары жарылып кетті
Балалар көрші ауылдарға қатынаса, қалғаны қашықтан оқып жатыр
Өскемен іргесіндегі Шығыс ауылының оқушылары онлайн оқуға мәжбүр. Себебі салынғанына 10 жыл болған білім ордасының қабырғасы сөгіліп, едені ойылып кеткен. Бірақ оқу ғимараты әлі апатты жағдайда деп танылмаған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Абай атындағы орта мектепте 826 оқушы бар. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасынан шыққан. Мектеп 2011 жылы пайдалануға берілген. Десе де, сапасынан ақау шығып, қабырғалары қақ айрылды. Салдарынан нысан дәл қазір қаңырап бос тұр.
«Оқушылар онлайн оқып жатыр. Індетке байланысты қашықтан оқыған кезде балалардың білімі онсыз да төмендеді. Нашарлап кетті деуге де болады. Өйткені ауылда интернет нашар. Бұл балалар біздің келешегіміз. Егер олар дұрыс білім ала алмаса, ел ертеңі қандай болады?! Мектеп шынымен апаттық жағдайда болса, басшылық балаларды оқытудың онлайн емес, басқа жолдарын қарастырып көруі керек», - дейді ауыл тұрғыны Айнұр Нұрмұханбетова.
Аталған ауыл балаларының жартысы қашықтан оқып жатса, қалған бөлігі көрші екі ауылға барып білім алыпр жатыр. Онлайн оқып жатқан балалардың ата-аналары интернеттің нашар екенін, салдары балалардың біліміне әсер етіп жатқанын айтып шағымдануда.
«Мәселен, бір үйде сабақ оқитын бес-алты бала бар. Оларды бірнеше ай бойы онлайн оқыту – қыруар ақша, жүйкең де тозып кетеді. Олардың білім алуына тиісті жағдай жасалмаса, білім сапасы төмендеп кететіні айтпаса да түсінікті. Ауылымыз облыс орталығынан іргесінде тұр, бірақ интернет сапасы нашар», - дейді ата-аналар.
Мектеп ғимаратында білім алуға рұқсат етілмесе де жергілікті билік оны апатты деп әлі танымай отыр. Ауыл тұрғындары да балаларын бұл ғимаратқа жібермейтіндерін айтып отыр. Өйткені, мектеп кез келген уақытта опырылып құлай ма деп қорқады. Оның үстіне, мұнда электр қуаты кей кабинеттерде мүлдем жоқ.
Мектеп директорының айтуынша, қазір арнайы комиссия құрылып, ғимараттың қаншалықты апатты жағдайда екенін анықтап жатыр екен. Тексеру біткен соң тиісті баға беріледі дейді ол.
«Желтоқсан айының басында су құбырлары жарылды. Сол кезде төтенше қызмет өкілдерін шақырдық. Кейінірек инженерлер де келіп тексерді. Құбырлар дәліздің және асхана еденінің астымен тартылған. Мамандар күрделі жөндеу жүргізу керек деген шешім шығарды. Сол себепті біз оқушылардың қауіпсіздігін ойлап, аралас форматта оқытуды жөн көрдік», - дейді мектеп директоры Есімхан Акитбаев.
Түсінгеніміз – мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтетін сияқты. Оның жобалық сметалық құжат әзірлеу үшін ақша бөлініп те қойған.
«Нысан әлі апатты деп танылған жоқ. Қазір жобалық сметалық құжатты дайындауға қаражат қарастырылды. Ал, балалардың білім алуы тоқтап қалмас үшін бастауыш сыныпты көпші ауылдағы мектепке көшірдік. Ол үшін арнайы автобустар қатынайды. 5, 6, 7, 8-сынып оқушылары онлайн оқып жатыр. 9, 10, 11-сыныптар №49 мектепте оқиды. Балалардың амандығы үшін осындай шешім шығардық», - дейді мектеп директоры.
Мектептің нақты қашан жөнделетіні әзірге белгісіз.
Таунар Қайратұлы ШҚО