Қазақ тіліндегі «секс» контент, бейәдеп сөздерге салынатын тыйымдар мен журналистердің кәсіби міндеті

«Ашық тақырыптар қазақ тілінде жазылмауы тиіс деген табу қойылмау керек...»

Қазақ тіліндегі «секс» контент, бейәдеп сөздерге салынатын тыйымдар мен журналистердің кәсіби міндеті

Жуырда YouTube платформасындағы «Өsex» ток-шоуының авторы, журналист Шырақ Байкенованың гименопластика немесе қыздық пердені тіктіруге қатысты шығарылымы интимді тақырыптарды ашық талқылап, қазақ тіліндегі кей сөздердің жастар арасындағы слэнг нұсқасын айтқаны үшін қоғамда үлкен резонанс тудырды. Одан бөлек, шоуға қонақ ретінде қатысқан Диана Қырықбай автордан ток-шоуды YouTube-тан өшіруді талап етіп, талабы орындалмағаннан кейін Шырақтың үстінен құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Аталған тақырып әлі күнге дейін әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатқандықтан Azattyq Rýhy тілшісі журналистің кәсіби міндеті мен этикасы, интимді тақырыптардың қазақтілді медиада ашық талдануы, ана тіліміздегі бейәдеп сөздерге қатысты түрлі сала мамандарының пікірін сұрап көрді.

«МҰНДАЙ ШОУЛАР АҚТАУҒА КЕЛМЕЙДІ»

Айнаш Есали, журналист:

«Ашық тақырыптар қазақ тілінде жазылмауы тиіс деген табу қойылмау керек. Журналистік тәжірибемде «жасөспірімдердің жыныстық сауаты», «ерте жүктілік» мәселелеріне қатысты тақырыптарды көтеріп келемін. Бірақ кей әріптестеріміздің хайп үшін, рейтинг пен кликбейт үшін мыңдаған адамның алдында еш қымсынбай бейәдеп сөздерді айқайлата айтып, кәсіби журналист этикасын сақтамауын құптамаймын. Әр нәрсенің өз өлшеуі бар. Табиғи боламыз деп көшеге жалаңаш шықпаймыз ғой...

Журналист этикасын айтпағанда, әдеп кодексі, адамның ішкі мәдениеті, оқырманға деген құрмет болуы тиіс. Оның үстіне YouTube платформасын жасөспірімдер, әсіресе, өңірдегі жастар көп көреді. Екеудің арасында айтылатын мұндай интимді тақырыптарды қазақтың бейәдеп сөздерінсіз-ақ, мәдениетті деңгейде жеткізуге болатын еді. Журналист қазақы менталитетіміздегі мұндай тақырыптарға деген көзқарасты, аудиторияның эмоциялық қабылдауын және қоғамда осындай реакциялар болатынын білді. Сол себепті мұндай шоулар ешқандай ақтауға келмейді. «Сексуальный» деген сөздің аудармасының өзі дұрыс емес, қоғамда сыбырлап айтылатын сөзді Қазақстанның алдында айқайлап айту ақылға қонбайтын дүние. Мұндай дүниелерді тоқтату керек».

«ҚАРСЫ ПІКІР АЙТУШЫЛАРДЫ СЫНАУШЫЛДАРДЫҢ ӨЗІ КОНСЕРВАТИВТІ КӨЗҚАРАСТАҒЫЛАР»

Асылтай Тасболат, дінтанушы:

«Бұл әлемде болып жатқан процесс. Англосаксондық стэндап мәдениеті бар, орыс тілінен Сomedy Club шығып жатыр. YouTube-те «Что было дальше» деген түрлі бейәдеп сөздерден тұратын жобаны қазақстандықтар көреді. Сонда орысша боқтық сөздері бар жобаны көруге болады, ал қазақша болмайды дейтін екі түрлі стандарт қой. Мұндай қарсылық «тек қазақтілді қоғамда ғана бар» деп санаушылардың өзі консервативті көзқарастағылар. Себебі Павел Воляларға да орыстар «Пушкиннің тілін қорладыңдар» деп түрлі пікірлер жазған. Еуропада да консервативті діншілдер бар. Сондықтан мұндай құбылысты қалыпты жағдай ретінде қабылдау қажет.

Жалпы, адамзаттың ХХ ғасырдан бері мәдениеті осындай. Қарсы тарап сотқа беріп, сотта әркім өз пікірін дәлелдейтін оқиғалар болса, оған да үрке қарамау қажет. Осы арқылы қазақ қоғамындағы әртүрлі топтар бір бірімен талқыға түседі, пікір алмасады. Екі лагерь бір бірінің не айтқысы келгенін түсінеді. Сотқа беру процесі қалыпты екенін екі тарап та түсінуі қажет. Осылайша пікір қайшылығы мәдени арнаға түссе, түрлі топтар бір алаңда сөйлесе алатын қоғам қалыптастырамыз».

МӘНМӘТІН ЖӘНЕ ЗАҢ АЯСЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТІҢ КӘСІБИ МІНДЕТІ ТУРАЛЫ

Ғалия Әженова, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы:

«Журналистика қаншалықты әлсіз болса, қоғам да соншалықты әлсіз болады немесе керісінше журналистика әлсіз болса, оған қоғам да кінәлі. Әрбір халық өз басшысына лайық деген тұжырым сияқты. Қоғам надан болса, онда болып жатқан әр мәселеге «жан-жақты қарайықшы» дейтін журналистер зардап шегеді. Шырақтың мысалында алсақ, оның контентіне қарсы топ қазақта секс болмағандай кейіп танытып отыр, тура «КСРО-да секс жоқ» деген әзіл сияқты. Секс болмаса миллиондаған бала қайдан пайда болып жатыр, аборт не үшін жасалуда?

Осы дау басталғаннан кейін «Өsex» жобасын көрдім, өз басым соншалық дау тудыратындай өрескел қателік байқамадым. Біз бұдан әлемжеліде сын айтып жатқан аудиторияның әлі де ойлау масштабының төмен екенін көріп отырмыз. «Мына журналисті ату керек, ұру керек, соттау керек» деп жатқан адамдардың ішкі комплекстері, өмірге деген өкпе-реніштері көп болып тұр. Адамдардың балалық шақтағы, бозбала немесе бойжеткен кездегі жарақаттары, зорлық әрекеттері осындай дүниелерге деген қарсылықпен көрініс беріп жатады. Біреудің жеке басына қатысты нақты бағытталып, нұсқада отырып айтылған балағат сөз – жеке тұлғаны қорлау болып саналады. Қорлау Қылмыстық Кодекстің 131-бабы бойынша қаралады.

Журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру деген Қылмыстық Кодекстің 158-бабында бар. Мұнда жеке адам және лауазымы бар адам деп бөлінеді. БАҚ туралы заңда жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын журналиске «материалыңды өшір, мына бір жерін алып таста, қиып таста» деуге құқы жоқ. Мұндай әрекет болса, құқық қорғау органдарына «қорқытып-үркітіп жатыр» деп арыз тастау керек. Мәнмәтін (контекст) өте маңызды, себебі біреу біреуге айқайласа оның алдында бірдеңе болғаны. Біреу біреуге «кетші бар» десе, соны айттыруға мәжбүрлеген адам екінші адамның қыр соңынан қалмай, жұмыс істеуіне бөгет болған дегенді білдіреді. Сол себепті мәнмәтінге үңілмей, тек қана үзіндіні жұлып алып баға беруге болмайды.

Қазақстанда табу саналатын тақырыптың өзін көтеру үлкен ерлік. Көріп отырғанымыздай, радикал пікір ұстанушылар психикалық, моральдық қысым көрсетіп отыр. Өздерін «ұлттың сөзін сөйлеп жүрміз» деп санап жүрген қауымға жазушы қызымыз Аягүлдің өлімі сабақ болмаған сияқты. Әлемжелідегі аудиторияға сөзі өтімді, белгілі ортада өзіндік даусы бар, көзі ашық деп жүрген белсенділердің кішкентай қызбен алысуы ұят. Бұл – надандық, елде одан да маңыздырақ мәселелер жетерлік.

Тағы айтамын, әңгіме мәнмәтінде жатыр. Егер бұл қоғамда баласын қоқысқа тастап жатқан оқушы қыздар, аборт жасатып жатқан жасөспірімдердің оқиғасы мен жас отбасылардың ажырасу дерегі осыншалықты көбейіп кетпегенде, аталған мәселе көтерілмейтін еді. Барған жеріне адал жар болып көріну үшін қыздық перде тіккізу қазақ қыздары үшін ұят мәселе емес те, ал сол мәселені кәсіби журналистің көтеруі ұят па?!

Бағдарламада сарапшылар қыздарға жақсы кеңес айтып, «өз таңдауыңызға құрметпен қараңыздар, ондай екі түрлі стандартпен жүрмеңіздер» деген месседж жеткізіп отыр. Түрлі пікірді ұстанатын адамдар дискуссияға түскенде, бірінің пікірі екіншісіне ықпал етуі мүмкін, бірақ әрбір адамның өз ойы мен таңдауы бар.

30 жылда шетелге кеткен қыруар қаражат, бүкіл халықтың дүние-мүлкін бес тиынға сатып, аяқ астынан байығандар, жеке басқа табыну, шетелде өз имиджімізді қалыптастыруға тыраштанғанымыз, бәрі құлдырап, құлап жатқанда, тек мұнайға сеніп, технологияны игермегеніміз өкінішті жағдай. Бірақ экономиканы түзеуге болады, ал мына 30 жылда өскен ұрпақты қалай түзейміз?! Өздері «белден төмен» әңгіме деп қарайтын тақырыптарға соншалық назар бөліп, оны ұлттың намысын жырту деп ойлайтын ұрпақ тәрбиеледік. Қоғамның картинаға толық үңілмей, буллингке баратыны, біржақты көзқараспен жеккөрушілік туғызып, адамды қорқытып-үркітуі –  диагноз».

СЛЭНГТЕР МЕН ЖАҢА СӨЗДЕР

«Qazaqsha jaz» қозғалысының негізін қалаушы Жалғас Ертай:

«Слэнгтердің, жаңа сөздердің, жаңа ұғымдар мен түсініктердің пайда болуы тілдің табиғи түрде дамып жатқанын, сол тілде сөйлейтін адамдардың көптігін, ол сөздерді тұтынатын аудиторияның бар екенін білдіретін болса керек. Егер сол тілде сөйлейтін миллиондаған адам өзара коммуникациясы үшін өмірде болып жатқан жаңа құбылыстарға, жаңа атау бергісі келіп және өздері жаңа сөз ойлап тауып жатса, мұны тек құптау керек. Әрине, мұндай құбылыс академиялық түсініктегі ғалымдарға, консерваторларға ұнамай қалуы мүмкін және ол заңды да. Екіжақты көзқарастың да болуы дұрыс, бірақ бұл тыйым салу нормаларына айналып кетпеуі керек. Егер қарсы тарап «мұндай сөздерді шығармау керек, бұларға заңмен тыйым салайық» деп жазалау функциясына көшетін болсақ, бұл біздің қоғам ретінде әлі кемшін екендігіміздің белгісі деп айтар едім.

Жалпы мұндай ашық тақырыптар, бейәдеп сөздерді ана тілімізде қабылдай алмау ұлт ретіндегі психологиялық жарақаттарымыз бен комплекстерімізге барып тіреледі. Отарлау саясаты кезінде бізге «қандай нашар халық екеніміз» жиі айтылды және біздің соған сеніп қалғанымыз сонша, біз әлі күнге дейін «мынау қазақбайшылық тірлік қой» деген сөздерді жаман мағынасында қолданамыз. Бұл дегеніңіз біздің ұлт ретінде де, жеке қоғам ретінде де, адам ретінде де ішкі жарақаттарымызды жеңе алмай келе жатқанымызды білдіреді. Сол проблемаларды жеңе алмағандықтан концептуалды емес, осындай болмашы, ешқандай назар аударуға тұрмайтын мәселелермен айналысып келеміз».

Айта кететіні, материалды жазу барысында Шырақ Байкенова мен Диана Қырықбайға да хабарластық. Екеуі де аталған мәселеге қатысты пікір беруден бас тартты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.