Түркістанда Қазыбек бидің 355 жылдығына орай ғылыми конференция өтті
Конференцияға 63 ғылыми мақала ұсынылды
Түркістанда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі» ғылыми конференция өтті. Іс-шара ұлы бидің 355 жылдығына арналған.
Іс-шараға еліміздің бірнеше өңірінен ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияны филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек ашып, Ғылым академиясының вице-президенті, профессор Ғалымқайыр Мұтанов пен мемлекет және қоғам қайраткерлері Оразкүл Асанғазы, Амалбек Тшановтар құттықтау сөз сөйледі.
Ғалымдар Қазыбек бидің елге сіңірген еңбегі, қайраткерлік тұлғасы жайлы айта келіп, ұлы би мұрасын бүгінгі күн қажетіне жарату туралы өз ойын ортаға салды. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Е.Букетов атындағы ҚарҰУ ректоры, з.ғ.д., профессор Нұрлан Дулатбеков бастаған бірнеше танымал ғалым баяндама жасады. Ғылыми жиынның екінші бөлімі секциялық мәжілістерде жалғасын тапты.
Жалпы конференцияға 63 ғылыми мақала ұсынылды. Конференцияның материалдары алдағы уақытта жинақ болып шығарылады.