$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Саптағы сарбаздардың сапасы үнемі назарда – подполковник Әбдірахым Юлдашев

Қақтығыстан көз ашпаған Ливан Республикасына Қазақстан бітімгерлер тобы төрт рет жіберілді

Саптағы сарбаздардың сапасы үнемі назарда – подполковник Әбдірахым Юлдашев

Қазақстан Қарулы Күштерінің жартысын батыстың заманауи жаңа әскери құралымен, техникасымен жабдықтау керек. Украина-Ресей, Әзербайжан-Армения арасындағы жағдай әскери әлеуетті күшейтіп, заманауи, озық техникамен жабдықталған қаруды көбейту керектігін көрсетті дейді әскери мамандар. Жуырда еліміздің әскерилері Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығын атап өтеді. Azattyq Rýhy тілшісі саптағы сарбаздардың дайындығын көріп, командирлермен тілдесіп қайтты.

Әскери салаға өмірін арнаған қызметкерлердің сөзінше, жауынгерлердің әлеуеті жаман емес. Саптағы сарбаздардың да сапасы үнемі назарда. Десе де геосаяси жағдайлардың кесірінен болып жатқан оқиғалар, күш-қуат туралы мүмкіндігімізді молайтып, қаруды күшейту қажеттігін талап етеді.

Әбдірахым Юлдашев әскерлердің ішінде аса қауіпті, әрі жоғары талап қойылатын жауынгерлерді дайындайды. Мыңдаған қазақ жігіті оның әскери тәрбиесін де, тәжірибесін де үйренген. Ширек ғасырдан астам уақыт әскери салада жүрген Юлдашевқа артылған жүк қашанда жеңіл болмаған. Әскерге шақырылған жас жігіттерден тәуекелден тайсалмас, десанттық-шабуылдаушыларды дайындап шығару үшін командирдің бойында жүйке шыдамдығынан бөлек, кемінде бес түрлі талап табылуы тиіс деп санайды ол.

Қапшағай гарнизонында орналасқан 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы кез келген сын сағаттарға дайын болатын сарбаздардан құралған. Күндіз ғана емес, түнде де жаттығулардан жиі өтеді. Мерзімді әскерилерден бөлек, келісімшартпен жүрген жауынгерлер де көп. Барлығына қойылатын талап – тәуелсіздікке төнген қауіпті тез арада жойып, жауды тұқырту.

«Біздің әскерлердің бойында патриоттық сезім болу керек. Бұл патриоттық сезімді балаға жастайынан, балабақшадан үйрету керек. Өздерімен бірге әскерге келген жолдастарына қамқорлық таныта білуі тиіс. Қаруластары оның жоғары деңгейдегі сарбаз атануына көмек береді. Саптағы сарбаздардың сапасы үнемі назарда», - деді подполковник Әбдірахым Юлдашев.

Әуе десанттық-шабуылдаушыларды дайындайтын нұсқаушының тәжірибесі мол. Ливанға Қазақстан атынан бітімгершілік миссиясын орындауға барған жауынгерлер де дәл осы Қапшағайдағы әскери гарнизонда дайындалған. Қақтығыстан көз ашпаған Ливан Республикасына Қазақстан бітімгерлер тобын төрт рет жіберді. «Ливандағы БҰҰ-ның Уақытша күштері» миссиясының құрамында қызмет атқаруға барған екінші топтың арасында Тұрар Қалыбаев та болған. Ол 2019 жылдың мамыр-қараша айлары аралығында Ливанда жүрді. Түрлі террорлық топтардың тартысына толы елдегі бейбіт халықты сақтау үшін 6 ай жат өлкеде қызмет атқарды. Үндістан батальоны құрамында жүрген  жігіттің сөзінше, олардың ротасы 80 мың тұрғынның тыныштығына жауапты болған.

«Ең ауыр сынақтардың бірі – бөтен елге ұзақ мерзімге бару. Патрульдеу, жаяу патрульдеу, блок бекеттерде қызмет атқару оңайға соқпайды. Біз Ливанға бару үшін үлкен психологиялық дайындықтан, дене дайындығынан алты ай өттік. Ол елге барған әр әскеридің психологиялық дайындығы жоғары болуы керек. Бізге қойылған тапсырма – жоғары деңгейде орындау және Қазақстанның абыройын көтеру. Ол жердің дінін, салт-дәстүрін білуіміз керек. Соның бәрін оқып, үйреніп баруымыз керек. Маңызды талаптың бірі – жат елдегі жергілікті тұрғындармен тіл табыса білуіміз керек», - деді Қазақстан бітімгершілік полкінің командирі Тұрар Қалыбаев.

Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік қызметі – бұл халықаралық әскери ынтымақтастықтың дамуымен қатар әскери қызметшілер үшін баға жетпес тәжірибе саналады. Миссияға қатысу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға ықпалын тигізеді және халықаралық қоғамдастықтың алдында Қазақстан туралы оң имиджді қалыптастырады. Бітімгерлер жергілікті аумақты патрульдеу, тұрғындарға көмек көрсету, бақылау бекеттерін ұйымдастырудан бөлек миссия штабының басқа да шараларына қатысқан. Атыс пен жарылысқа толы Ливан жерінде бітімгерлер күн сайын 50 шақты тапсырма орындап отырған.

«Қазақстан Қарулы Күштерінің ерен еңбегі атты ұранымен біздің сарбаздарымыздың дайындығы жоғары деңгейде деп айта аламын және қойылған тапсымаларды ылғи да мүлтіксіз атқаруға дайын. Әскерилеріміздің рухы өте жоғары деңгейде. Осы 30 жылдың ішінде жауынгерлеріміздің дайындығы шыңдалды, мол тәжірибесі бар. Берілген тапсырмаларды орындауға дайын деп сенемін. Бітімгершілік миссияға бару үшін өзім өтініш білдірдім. Оған барардың алдында алты айлық дайындықтан өту керек. Атыс, дене дайындығынан бөлек тілді де білуіміз шарт. Аса қатал талап қоятын медициналық тексеруден, іріктеуден де өттік. Үндістан қарулы күштерінің құрамындағы 4/2 базасында атқардық. «Біз барда – бейбітшілік бар» демекші, Ливанда патрульдеу барысында елге қандай көмек керек, соның бәрін орындадық», - дейді Қазақстан бітімгершілік полкінің командирі.

Қапшағай гарнизонында бірнеше мың әскериден бөлек, олардың отбасына арналған әскери қалашық та бар. Жауынгерлер жанұялары жақын жерде орналасса да, апталап үй бетін көрмей кетеді. Талап – жауынгерлерді полигонда үнемі шыңдау. Подполковник, балалар ғана емес, әскерге келген жігіттердің арасында да еркекке тән ерік-жігерді ұмыта бастаған, мінезі жасық, өз әлемімен жүретін жастардың кездесетінін айтады. Мұның бәрі өзгерген қоғам мен смартфондағы сансыз ойындардың әсері деп санайды ол.

«Мен 1996 жылдан бері әскерде жүрмін. Қазіргі таңда қол астымнан өте көп сарбаз өтті. Осы 2022 жылдың оқу маусымында біз екі мыңға жуық әскериді тәрбиелеп, шынықтырып, Отанға деген патриоттық сезімін қалыптастырып, әрқайсысын өздерінің әке-шешесіне аман есен жеткізуге тырысамыз. Жас балалардың арасында өздерінің бойындағы еркекке тән қасиеттерді жоғалта бастаған жастар бар. Оларды осындағы офицерлер мен сержанттар тәрбиелеп, Отанға деген ерік-жігерін, отбасына, әке-шешесіне деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырамыз», - дейді әскери нұсқаушы.

Осыдан 30 жыл бұрын құрылған Қарулы Күштер – Тәуелсіздіктің тұрақтылығы мен елдігіміздің кепілі. Өз өмірін Отан қорғауға арнаған адал азаматтарымыз ерекше құрметке қашанда лайықты. Оларға халқымыздың қауіпсіздігі сеніп тапсырылған. Жас жауынгерлерге жігер мен жігіттік намыс, Отан алдындағы әскери міндетті абыройлы атқаруға тәрбиелейтін офицерлер үшін 7 мамырдың орны өзгеше. Тынымсыз жұмыс, тоқтаусыз үйреткен тәжірибелерін жауынгерлер арқылы  ел алдында сынатады.     

«Бабаларымыздың, батырларымыз салған ізімен жүріп, қызмет ету керек. Әскер деген патриоттық сезімді арттырады. Әскерден қашпау керек. Офицерлер түрлі кемшіліктерді жойып, жігіттердің жеке-жеке тілін тауып, тәрбиелеп алады. Психолог ретінде, офицер ретінде, әке ретінде айтарым, әр сарбазды тәрбиелеп алатын мүмкіндік бар. Көріп отырмыз, Украина мен Ресей арасындағы жағдай, сол сияқты Таулы Қарабақ соғысында жаңа техникалар қолданылды. Біздің де Қарулы Күштерде үлкен мүмкіндіктер бар.

Менің ұсынысым, сол техникаларды да бізге енгізу. Сол техникаларды да меңгеру. Егер оларды меңгерсек, Отанымызды қорғау одан да нығаяды деп сеніммен айта аламын. Менің ойымша қазір 50 пайызға дейін жаңа техникаларды алып, меңгеріп, қолданатын болсақ, өте керемет болар еді», - деді Қапшағай гарнизонындағы десанттық-шабуылдау бригадасының нұсқаушысы, подполковник Әбдірахм Юлдашев.

Серіктес жаңалықтары